Құндылығы сақталған ел – тәуелсіз

Тілінен айырылған халық тамырынан айырылған ағаштай. Әрбір халықтың ұлт ретінде сақталып қалуы да, жойылып кетуі де оның тіліне байланысты. Себебі тіл – ата-бабадан қалған қасиетті мұра, ұлттың жан дүниесін, мәдениетін, тарихын, ойлау жүйесін бойына жинақтаған ерекше құбылыс. Халықтың дүниетанымын, салт-дәстүрін, әдебиетін, менталитетін сақтаушы. Ол – ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғайтын басты құрал. Ана тілі негізінде сапалы білім беріп, мемлекеттік қызметте қазақ тілінің басымдығын арттырсақ, жастарға арналған қазақша контентті көбейтсек, отбасында баланы ана тілінде тәрбиелесек, салт-дәстүрлерімізді санасына сіңірсек, өзіміз үлгі болсақ тіліміз сақталып қана қоймай дами түседі.
«Тіл тазалығы дейтініміз ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау» деп Ахмет Байтұрсынұлы осыны меңзеген еді. Ж.Аймауытов «Ана тілі – халық болып жаралғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» десе, «Ана тілі қанның, қиылған жанның, толқытқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек» деген еді С.Торайғыров.
Тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан сіз қай ұлттың өкілі болыңыз, тіл үшін күресуге міндеттісіз. Сол тілде сөйлейтін соңғы адам болсаңыз да, тіліңіз жайында аманат қалдыруға, мұра қалдыруға тырысуыңыз керек. Себебі сіздің тілде жазылған құнды тарихи деректер, кейінгі ұрпақ үшін үлкен рөль ойнауы мүмкін. Мәселен кезіндегі орхно, руна жазулары бүгінгі көптеген түркі халқына тән тарихи деректердің көзін ашып беріп отыр. Ендеше сіздің де тіл өлмесе, ертеңгі ұрпақ үшін, жалпы адамзат үшін үлкен мәнге ие болары сөзсіз. Өз тіліңізді сүйе отырып, өзге тілге құрмет білдіріңіз. Тілсіз тірліктің тасы өрге домалайды десе, қателесесіз. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте дегендей, өз ана тілімізге жететін бәс жоқ.
Елдің мақсаты, атап айтқанда, қазақ халқының мақсаты тек қана қарын тойғызып, қара көбейту емес. Ұлтсыз, тілсіз, тобырға айналып, топ көбейту де емес. Мақсат – өз тілінде өгейдің күнін кешпеу. Еңсесі тік, рухы биік болу. Алаш атының, қазақ даңқының аяқ асты болмауы. Атадан қалған асыл мұрасына, бабадан қалған барша мирасына толық қожалық ету. Көрінгеннің қолжаулығына айналмау. Қазыналы жерімізге, кең пейілді елімізге лайықты мемлекет болу. Осы құндылықтардың өзегі тіліміз сақталса, тәуелсіздігіміз де мәңгілік.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА