» » ТУҒАН ЖЕР ТҰҒЫРЫМ НЕМЕСЕ ТӨРКІНДЕУ

ТУҒАН ЖЕР ТҰҒЫРЫМ НЕМЕСЕ ТӨРКІНДЕУ

Адам баласы үшін туған жерден қымбат, туған топырақтан ыстық еш нәрсе жоқ. Кіндік қаның тамған, алғашқы қадам жасаған мекен – әрбір адамға өзінше қадірлі. Халқымыз «Туған жердің күні де ыстық, күлі де ыстық», «Туған жердің торғайы да сүйкімді» деп бекер айтпаған. Себебі туған өлке – әрбір азаматтың өткенін, бүгінін, болашағын айқындайтын қасиетті ұғым. Туған жер адамның тұлғалық қасиеттерінің, рухани-адамгершілік ұстанымдарының қалыптасуына негіз болады. Ол – әр адамның есейіп, ел қатарына қосылғанша өсіп-өнетін, бойына нәр алатын алтын бесігі.
Әр ұлттың өзіне тән рухани байлығы, салт-дәстүрі, өмір сүру дағдысы бар. Осы құндылықтың барлығы ұрпақтан-ұрпаққа туған жер арқылы жалғасып келеді. Қазақ халқы ежелден туған жерге ерекше құрметпен қарап, оны жан-тәнімен сүйіп, қорғаған. Көшпенділер өмір сүрген сайын дала – халқымыздың рухани тәрбие мектебі. Туған жердің әр тасы, әр шөбі – аңыз, суы, топырағы – тұнған тарих.
Еліміздегі әрбір өлкенің, өңірдің өзіне тән шежіресі бар. Мәселен, Түркістан – рухани орталық, Ұлытау – ұлттың алтын бесігі, Жетісу – жыр өлкесі, Сыр бойы – өркениеттің ордасы. Бұл жерлерде сан ғасырлық тарих, ұлттың ұлы тағдыры жатыр.
Бүгінде көптеген азамат туған ауылына қайырымдылық жасап, мектеп, балабақша, мешіт, спорт залдары мен алаңдарын салып беріп жатыр. Мұндай әрекеттер ел перзенттерінің туған жеріне деген құрметін айқындайды. Нағыз патриотизм туған жердің игілігі үшін қаққан бір шегеден басталатыны анық. Өз ауылын сүйген азамат тұтас елін, халқын да сүйе алады.
Осыдан бір ай уақыт бұрын өзім туған өлкеге төркіндеп бардым. Алатаудың баурайындағы Алматыдан той, асжиындарға бір-екі күнге келіп-кетіп жүргенім болмаса, арнайылап келудің ретін бірнеше жылда ғана бұйырады. Сол кезде ауылдағы туған-туысты, жора-жолдасты түгел көріп кетуге, ауыл жаңалықтарынан хабардар болуға тырысамын. Мен туған өлке – Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылы. Биыл да әдетімше ауылды жаяу аралап, көптеген өзгерістің куәсі болдым. Ауыл әкімі болып сайланған ауыл азаматы Қанат Әбдіғаппарұлы туған жерді көркейту жолында игі бастамаларды қолға алыпты. Ауыл жұртшылығы мұны ауыз толтырып айтып, марқая жеткізді. Жолдар жаңартылған, оқушы кезде жаңбыр жауған уақытта аяқты балшықтан алып жүре алмайтын көшелердің түзуленіп, асфальт төселгенін көріп, риза болып қалдым. Балалық шағым өткен көше тіпті тақтайдай боп тұр екен. Орталық саябақтың жанына балалар ойнайтын алаң салыныпты. Кешқұрым балалар ойнап, ауыл тұрғындарының игілігіне айналғаны көңіл қуантады.
Ауылдағы кәсіпкер азаматтың тікелей мұрындық болуымен салынған спорт алаңы да ауыл жастарының уақытын тиімді өткізуге қызмет етіп тұр. Алматыдан барған бір топ әріптестерім Қорқыт ата кешеніне сапар шекті. Жолай ауылымның тұсынан өтіп бара жатып, ауылдың кіреберісіндегі «Ақтөбе ауылы» деп жазылған маңдайшаны көріп: «Ауылдың атын үлкен етіп жазыпты. Мұндай ауылдың атауы жазылған тақтайшалар үлкен қаланың дәл іргесіндегі ауылдардың өзінде жоқ» деп айтқанда, соны жасаған ауылдас ағаларымыздың ісіне сүйсініп, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Иә, ол кісілердің есімін тізіп жазуға болар еді. Алайда бұл жаңалықтар өз уақытында баспасөз беттерінде жарияланды. Менің мақала жазудағы мақсатым – туған жер төсіндегі жаңалықтардан көргенімді, көңілге түйгенімді жинақтап жазу, көпшілікке үлгі ету.
Төркіндеу барысында ауылдық мәдениет үйінде орналасқан кітапханаға бас сұқтым. Көптеген жаңа кітап сөреден орын алыпты. Кітапханашы Мархабат апаймен біршама әңгімелестім. Ауыл кітапханасынан кітап алып оқитын үлкендердің саны азайғанын, бірақ аз да болса бар екенін, оқырмандар санының көбі мектеп оқушылары екенін жеткізді. Көкейімде жүрген бір мәселе, кітапхана жанындағы мұражайды көру болатын. Алайда бұйырмады. Оқушы кезімде бір көргенім бар еді. Соғыс кезіндегі ауыл тұрмысы жайлы көріністер, ауылдан шыққан атақты адамдар жайлы мәліметтер, көне бұйымдар баршылық болатын. Мектепте ұстаздық қызмет атқарған марқұм Махамбет Құлахметов есімді кісінің әртүрлі тақырыпта жинақтаған газет қиындылары, қолжазбалары сақталған альбом іспетті материалдар жинағы көз алдымда. Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын көргендерімді тағы бір көріп, қазіргі сана-түйсігіммен талдап көрейін деген ойым болған. Мұражай жабылып қалыпты, заттардың барлығы дерлік аудандық мұражайға өткізіліпті. Мұны алдағы күннің еншісіне қалдыруға тура келді.
Туған жердің табиғи байлығы – баға жетпес мұра. Әрбір аймақтың өзіне тән экожүйесі, климаты, табиғи сұлулығы бар. Мәселен, Тайландтағы, Вьетнамдағы күріш алқаптары, Кениядағы, Малайзиядағы шай алқаптары танымдық сапар шеккен туристер баратын мекенге айналған. Сол секілді мен де жазық даладағы күріш алқабын көргім келген. Қызылорданың күріші брендке айналғанымен, соның қалай өсетінін өз көзіммен көрмеппін. Өзге елге қызығамыз да, өзіміздегінің қадірін білмей жатамыз. Бұл да бір ойланатын мәселе.
Мен үшін туған жер – балалығымның балдәурен шағы өткен бақытты мекен. Қайда жүрсем де, ауылымның самал желі, алыстан қарауытқан адыр-белесі көз алдымнан кетпейді. Балалықпен астасқан сол күндер мен үшін сарқылмас сағыныштың символына айналды.
Туған жер – әр адам үшін рухани тірек, тұғыр. Ол – бізді ұлт ретінде біріктіретін, өткеніміз бен болашағымызды жалғайтын алтын көпір.
Сондықтан бүгінгі ұрпаққа ең басты аманат – туған жердің қадірін білу, оны құрметтеу, қорғау. Біз болашақта қандай қоғам құрсақ та сол қоғамның өзегі туған жерге деген адалдық пен сүйіспеншілікте болатыны сөзсіз.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
04 тамыз 2025 ж. 91 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (10431)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 274
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031