АБАЙ МҰРАСЫ ДӘРІПТЕЛДІ
Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудандық Жыраулар үйінде медицина саласы қызметкерлері арасында «Абай мұрасы» атты Абай өлеңдері мен қара сөздерінен мәнерлеп оқудан байқау өткізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, ұлт саулығы – еліміз үшін аса маңызды құндылық. Әлемнің екінші ұстазы – әл Фараби медицинаны өнер деп бағалаған. Расында, дәрігер болу – жүректің ісі. Бұл – екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс. Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері» деп медицина саласы қызметкерлеріне жоғары баға берген болатын.
Байқаудың мақсаты – медицина саласы қызметкерлері арасында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармаларын насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу, әдебиетке деген қызығушылықты арттыру және мәденирухани дамуға үлес қосу. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің шығармашылық қабілетін, тіл байлығын және ой өрісін кеңейтуге ықпал ету.
Байқау үш кезеңде өткізілді. Бірінші кезеңде – Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу, яғни қатысушылар ақынның бір өлеңін жатқа айтып көркем жеткізу. Ал екінші кезең бойынша әр қатысушы Абайдың «Қара сөздерінен» үзінді оқып, оның мағынасын түсіндіріп беру. Үшінші кезең шығармашылық жұмыстан тұрды. Мұнда ақынға арнау өлең, эссе немесе музыкалық нөмір дайындау.
Іс-шараны «Қазақ тілі қоғамы» аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Төлегенқызы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл байқау – тек әдебиетке құрмет емес, ақын даналығын, адамгершілік пен ізгілікке үндейтін ойларын жүрекпен ұғыну. Абай Құнанбайұлы – қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы, философ, композитор. Ол қазақ әдебиетінде жаңа бағыт қалыптастырып, өлеңдерінде адамгершілік, білім, еңбек, әділеттілік, махаббат сынды тақырыптарды қозғады. Шығыс пен батыс классиктерін оқып, орыс әдебиетін қазақ халқына танытты. Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын қазақ тіліне аударды. Абай – қазақ халқының рухани темірқазығы. Оның шығармалары күні бүгінге дейін өзектілігін жойған емес. Соның бір дәлелі ақ халатты абзал жандар арасында байқау ұйымдастырылуда. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді ол.
Сондай-ақ іс-шараға құрметті қонақ ретінде Қармақшы ауданының Құрметті азаматтары – Әбдірахман Құлдүйсенов және Шегебай Құндақбайұлы қатысып, байқауға төрелік етті.
Байқауда аудандық емхананың жалпы тәжірибелік бөлім меңгерушісі Айгерім Бұлақбаева, аурухана психологі Амина Кетебаева, емхананың жалпы тәжірибелік бөлім дәрігері Камшат Әлібекова, эндокринолог дәрігер Ұлжан Зарлықова, СЭС жоспарлау және талдау бөлімінің басшысы Жауқазын Әліпбаева, аудандық эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Нұргүл Нұрлыбекова, педиатор дәрігері Әйгерім Жұмабаева қатысып, өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті. Қалған қатысушылар да жақсы дайындықпен келген.
Сайыс нәтижесінде өнерімен ерекше көзге түскен Әйгерім Жұмабаева бас жүлдені иеленсе, өзге қатысушылар да арнайы диплом және сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай медицина саласында аянбай қызмет етіп, қазақ тіліне жанашыр болып жүрген бір топ маманға Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Т.Жүнісовтің алғыс хаты табыс етілді.
Байқау қорытындысында қазылар алқасының төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов сайысқа қатысушыларға ризашылығын білдіріп, лайықты жоғары бағасы мен ақ батасын берді.
Гүлнар БИСЕНҚҰЛОВА,
«Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының қызметкер