БҚО-да коммуналдық инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде 2025-2029 жылдары еліміздің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңғыртылады.
Бұл бағытта өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды ӨКҚ-да өткен баспасөз конференциясында ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысы Гүлжаз Қазбекова баяндады.
Департамент басшысының айтуынша, қаржыландырудың бірнеше тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, екінші деңгейлі банктер, халықаралық қаржы институттары, сондай-ақ “Қазақстанның Даму Банкі” және “Өнеркәсіпті дамыту қоры” сияқты институттар арқылы табиғи монополия субъектілерін тікелей несиелеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік облигациялар арқылы жергілікті атқарушы органдар арқылы да қаржыландыру жүргізілмек.
- Батыс Қазақстан облысында бұл бағытта белсенді жұмыстар басталып кетті. «Батыс су арнасы» ЖШС, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ және «Жайықжылуқуат» АҚ Ұлттық жобаға қатысуға дайын. Қазіргі таңда осы ұйымдар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп басым бағыттағы іс-шараларды анықтап, жобалау-сметалық құжаттамаларды дайындап, сараптамадан өткізді,- деді департамент басшысы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің айтуынша, Орал қаласындағы жылу желілерінің 79%-ы, су жүйесінің 60,5%-ы, кәріз жүйесінің 61,3%-ы тозған.
- 2024 жылы бюджеттен және кәсіпорындардың қаражатынан 12,4 млрд теңге бөлініп, алты жоба іске асты. Олардың қатарында №2 және №3 кәріз-сорғы станцияларын қайта құру, №5 жылу магистралін жаңарту және Ақсай қаласындағы сумен жабдықтау желілерін жаңғырту бар,- деді спикер.
Сондай-ақ 2025 жылы тағы алты жобаға 1,45 млрд теңге бөлінді. Бұл қатарда жерасты су көздерін қайта құру, №29 кәріз-сорғы станциясын жаңарту және жаңа блокты қазандықтар салу жобалары бар. ЖЭО-да №1 турбинаны іске қосу арқылы қуат 12 МВт-қа дейін артпақ.
Инвестициялық бағдарламалар аясында биыл 310 км желі мен 136 қосалқы станцияны жаңарту жоспарланған.
Ұлттық жоба шеңберінде жалпы сомасы 40 млрд теңгеге жуық 20-дан астам жоба ұсынылды. Қазіргі таңда олардың бірқатары қаралу үстінде.
Облыс әкімдігі коммуналдық қызмет сапасын арттырып, жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді жалғастырмақ.