Талабы таудай бүлдіршін
Білімді ұрпақ – мемлекеттің келешегі, ал біліммен қатар өнердің туын желбіретіп жүрген жас өрендеріміз қаншама. Әр халықтың, әр ұлттың, адамзат қоғамының ертеңгі күнге үміт артар сенімі де, серігі де – балалар. Осы тұста жасөспірімдердің жұлдызы жанып, түрлі сыннан сүрінбей өтуге жол ашқан, қырағы көзді қазылар алқасынан әділ бағаларын алуға мүмкіндік берген, көпшілік қауым көрерменнің қошеметіне бөлендірген, жас таланттардың болашағына бағдар беретін байқаулардың орны ерекше.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласын білім беру саласының мамандары мен білім алушылардың арасында кеңінен насихаттау мақсатында Хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай «Ұлы дала дарыны» республикалық байқауы өткізілген-ді. Осы сында біздің кішкентай жерлесіміз мықтылар арасында топ жарып, І дәрежелі дипломмен марапат төрінен көрінді. Бұл талапты бүлдіршін – ауданға қарасты Ақжар ауылының тумасы Азима Бекқызы. Жасы төртте болса да талабы таудай. Ауылдағы No7 «Шаттық» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі Азиманың өлең оқуға, ән салуға құмарлығы әкесінен берілген екен. Өнерімен ортасының сәнін келтіретін әкенің әдемі үлгісін барған жерде бағы жанып, жүлдесіз оралмайтын қызы жалғап жүр. Олай дейтініміз, Азима ҚР Оқу ағарту министрлігінің No514 бұйрығы негізінде ұйымдастырылған республикалық «Менің Отаным – Қазақстан» байқауына қатысып, «Вокал» номинациясы бойынша жанды дауыста өлең айтып жүлделі ІІ орынды қанжығасына байлаған. Ән әлеміне тәрбиеші Ақмарал Рахымжанова дайындаса, Абай өлеңдеріне Гүлжаз Таубаева жетекшілік еткен. Балабақшадағы тәрбиешілері талапты бүлдіршінді жазбай танып, өнерге тәрбиелеп, шырағын жағуда.
– Азима негізінен әкесі секілді өнерге жақын. Кішкентай талабын одан әрі дамытып, байқауға дайындаған тәрбиешілеріне алғысым шексіз. Осы ұстаздарының арқасында марапат төрінен көрініп, бізді қуантып келеді. Жақында тарих ғылымдарының докторы, Еуразия Ұлттық университеті тарих факультетінің деканы Тілеген Садықұлының қолынан марапат алды. Төрт жасында осындай тұлғадан марапат алғанын жақсылыққа баладым. Сол кісілердің өнегелі жолын берсін!, – дейді анасы Айгүл.
Азима әлі ойын жасындағы бала болса да өнер-білімге деген құштарлығы басым, болашағына қойған мақсаты айқын. Анасының айтуынша, болашақта дәрігер болуды армандайды екен. Болашағын баянды етуді мақсат тұтқан бүлдіршіннің талпынысы қатарластарына үлгі-өнеге екені даусыз. Осы талабынан жаңылмаса Азиманы әлбетте биіктен көреріміз анық. «Талаптыға нұр жауар» дегендей, кішкентай балапанның бағындырар белесі көп болғай!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ