ҮЗДІК СТУДЕНТ
Жуырда елімізде «BILIM ORKENIETI» Ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «ҚР 100 үздік студенті» республикалық байқауы өткен болатын. Ел студенттері сынға түскен сол бәсекеде жерлесіміз Айғаным Әбдуәлиева топ жарып, құрмет төрінен көрінді. Толығырақ тарқатсақ.
Айғаным бүгінгі таңда Қорқыт ата университетінің «Педагогика, психология және бастауыш оқыту» кафедрасында білім алуда. Жосалы кентінің тумасы осындағы О.Шораяқұлы атындағы №30 мектептен тәлім алып, үздік бітірген. Мектепте жүргенде аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып, ісшараларда көркемсөз оқып, жүргізушілік қызметті де атқарған. Одан бөлек биге де икемді Айғаным түрлі ұлттың биін нақышына келтіре орындаған. Әуез мектебінде домбыра сыныбын толық меңгерген сұлу спорттан да алыс емес. Баскетбол, волейбол, теннис ойнаудан алдына жан салмайды. Сан саланы меңгерген жерлесіміз жоғары оқу орнында да белсенділердің қатарында.
– Абай атамыздың «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалаң» деген өлең жолдарын өміріме бағдар етіп алғанмын. Ел Президенті Қ.Тоқаев «Мемлекетіміздің ең басты дүниесі тек қана табиғи байлық емес, сонымен қатар жастар, өйткені олар – біздің ұлтымыздың болашақ айнасы» деп бізге сенім артып отыр. Мен өз қолымнан келгенше осы үдеден шыққым келеді. Университетте де білім нәрімен сусындап қана қоймай, жақсы қасиеттерді бойыма сіңіріп, жастайымнан спорт пен өнерді жаныма серік еттім. Көркемсөзге, өнерге жақындығым әкемнен сіңсе, анамның қызметіне адалдығын көріп өскен соң осы саланы таңдадым. Менің жан-жақты дамуымның қолдаушылары – ата-анам. Әпкем мен ағам – бағыт-бағдар беріп, үлкендік жол көрсетер жанашырларым. Осындай қолдаумен көркейіп, өсіп келемін, – дейді Айғаным Сейілханқызы.
Расында әке мен анадан әсем үлгі алған перзенттің жолы ашық болатыны анық. Әкесі Сейілхан – он саусағынан өнері тамған, әдебиетке жақын адал еңбекпен отбасын асыраған жан болса, анасы Айткүл – бала жанының бағбаны. 41 жыл аудан орталығындағы «Ертөстік» балабақшасында тәрбиеші, әдіскер, меңгеруші қызметін атқарса, бүгінгі таңда зейнеткер. Ал ағасы мен әпкесі мектепті, жоғары оқу орнын үздік бітіріп, бүгінде ұстаздық қызметті атқаруда.
– Өзім сайысқа қатысып, бақ сынағанды жақсы көремін. Ол мені шыңдап, білім-білігімді арттырады. Аудандық «Қармақшы аруы – 2020» байқауында бас жүлдені жеңіп алсам, түрлі олимпиада мен сайысқа белсенді қатысып, үздік нәтиже көрсеткенім үшін 2021 жылы мақтау грамотаға ие болдым. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты аудандық «Қармақшы таңы» газеті ұйымдастырған «Тәуелсіздік – ел өмірінде» атты эссе байқауынан ІІ орын, облыстық Қызылорда телеарнасы мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен, облыстық телевизиялық «Бұрымды Ару – 2021» дәстүрлі байқауында үздік деп танылып, жеңімпаз атанып және «Көрермендер көзайымы» номинациясының иегері болдым.
2023 жылы Қорқыт ата университетінің ұйымдастыруымен өткізілген «Университет аруы – 2023» байқауында жеңімпаз болып, басқарма төрағасы, ректор Б.Кәрімованың дипломымен марапатталсам, университет көшбасшысы, биыл белсенді, жан-жақты студент еңбегі үшін, университеттің әлеуметтік және тәрбие бөлімінің басшысы Ж.Бимұратқызының алғыс хатымен марапат төрінен көріндім. Аудандық, облыстық басылым беттеріне мақала жариялап тұрамын. Одан бөлек, қайырымдылық акцияларына да ерікті ретінде белсенді қатысамын. Университет ішіндегі «Қыз Жібек» қыздар клубының мүшесімін. Үздік студент атануым – мақсатымның айқындығында деген ойдамын. Бұл жеңіс маған одан әрі шабыт сыйлады. Алдағы уақытта да ел игілігі үшін қызмет етуге дайынмын, – дейді жеңімпаз Айғаным Сейілханқызы.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА