» » Ақылы байқау «Ақылды баланы» қалыптастыра алады ма?

Ақылы байқау «Ақылды баланы» қалыптастыра алады ма?

Фото
Ізденіс жолына түскен мектеп оқушысы үшін өз қабілет-қарымын көрсететін әрбір мүмкіндік алаңы маңызды екенін білеміз. Мейлі ол мектепішілік өнер сайысы немесе облыстық, аудандық байқау болсын. Тіпті «республикалық» деген статусы бар кез келген конкурстың сертификаты мен марапаты жетістікке ұмтылған жасөспірім үшін аса өзекті екені сөзсіз. Сол себепті олар конкурс, олимпиадаларға жарыса қатысып жатады.
Қазіргі орта және жоғары білім беру саласында республикалық, халықаралық деңгейдегі деген титулды иеленіп алып, ақылы-тегіні бар, сапалы-сапасызы бар, санына жетіп болмайтын конкурстар көп. Дей тұра «саны көп, сапасы жоқ» 500, 1000, 1500 теңге болса да баланың қалтасын қағуды мақсат тұтатын байқаулардың бар екені жасырын емес. Ақылы байқау керек пе? Бұл баланың талантын шыңдай ма? Жоқ әлде жай ғана мақтаныш па? Мұғалімдер не айтады? Ата-ананың қандай айтары бар? Саралап көрсек.
Байқау да – бизнес
Бүгінде балалы үйге барсаңыз, сөредегі диплом мен тізулі тұрған медальдарға көзіңіз түседі. «Бұл қайдан келді?» деген сұраққа «мынау баламның республикалық байқаудан алған бас бәйгесі» деп мақтанышпен айтады. Әрине, ата-ана үшін перзентінің жетістігі – зор қуаныш. Оған ешкімнің таласы жоқ шығар. «Озамын, озат боламын» деген баланың бетінен кім қақсын? Десе де, бұл жерде «таяқтың екінші ұшы бар» екенін ұмытпайық.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта білім беру нарығында көптеген ақылы олимпиада мен басқа да зияткерлік іс-шаралар, оның ішінде шығармашылық байқаулар пайда болды, оларды негізінен білім беру саласында қызмет көрсететін жеке компания мен ұйымдар жүзеге асырады.
Иә, қазіргі таңда мұндай байқау жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кеткен. Олардың көбейгені соншалық, аптасына 2-3 рет өтеді десек, қателеспейміз. Тіпті балабақшаға баратын балақайлардың қоржынында бірнеше «мақтау қағазы» мен жүлделі орындары бар.
Ал байқаулардың өту форматы да әртүрлі. Тек қана онлайн өтетіні бар. Іріктеуі онлайн, кейінгі 2-кезеңде белгілі бір жерге шақырып, әрі қарай жалғастыратыны тағы бар. Ал кейбірі арнайы зал жалдап, дүркіретіп өткізеді. Бірақ барлығының бір шарты бар – қатысу жарнасын төлеу. Құны әртүрлі. Аудандық, облыстық, республикалық масштабта ұйымдастыратын байқаулардың қатысу құны шамамен 2000 теңгеден 20000 теңгеге дейін. Жарнаға сай ұтатын сыйлықтары да әрқилы. Қарапайым диплом мен медальдан бастап, «бас жүлдеміз 100 000 теңге» деп жарнама жасайтындары бар.
Ата-аналар не айтады?
Соңғы жылдары ата-аналардың отбасылық шығынына – мектеп олимпиадалары қосылды. Олардың бәріне қатысу ақылы. Жасыратыны жоқ, мектеп оқушыларының ата-аналар чатына байқау туралы хабарлама жиі келіп жатады. Бес саусақтың бірдей еместігі секілді ата-ананың да көзқарасы әртүрлі. Жалпы, оқушылар үстінен жасалатын бұл бизнес ата-аналарды екіге жарды. Бірі оларды қызу қолдап, баланың білімін ұштау, салмақты сындарға дайындығының іргетасын қалау үшін керек деп қорғаштайды. Басқа бөлігі мұның қажеттілі жоқ деген пікірді айтады. Олардың сөзіне де құлақ түріп көрелік.
– Иә, ақылы байқауға қатысып тұрамыз. Мұғалімдері де «зорлық жоқ, өз еркіңіз» дейді. Қазірдің өзінде 4-5-уіне қатысып, бақ сынап көрдік. Жүлделі орындар алып жүрміз. Бұл балама оң ықпалын тигізіп жатыр. Өзіне деген сенімділігін арттырып, сынап көргісі келеді. Ол әр жеңісі сайын қуанып, мақтанады. «Бала – бақытымыз» дегендей, оның әр қуанышы біз үшін үлкен жеңіс. Сол себепті өз басым арасында ақылы конкурстарға қатысып отырса жаман емес деп ойлаймын, – деді Бибінұр Серікқызы.
Ал ата-аналардың тағы бір парасы мұны құп көрмейтінін алға тартады.
– Онлайн конкурстар, ақылысы да, тегіні де – бала мен мұғалімге берері жоқ бос дүние. Мұндай байқаулар білім сапасын, бағаланып берілетін марапаттың салмағын төмендетіп жіберді. Саны көп, сапасы жоқ жарыстардың әсерінен оқушы шын доданың не екенін түсінбей барады. Пәленбай ақша төлейсіз, алғаны – бір жапырақ мақтау қағазы. Әсіресе, бастауыш сыныптарда мұндай байқаулардың еш пайдасы жоқ, бұл баланың кейін университетке ҰБТ-сыз түсуіне көмектеспейді, – дейді Ақдидар Алматаева.
Әсілі мұғалімнің ең үлкен жетістігі – өзінен асқан-шәкірт дайындауы. Сол шәкірті шынайы байқауға барып, орын алып, өз білімін дәлелдесе, одан артық мадақ-мақтау қажет еместей көрінеді бізге.
Білімнің бағасын арзандатып жіберді
Шынтуайтында, бұл білімнің құнын түсіріп, баланың ұмтылысына, ынта-жігеріне кері әсер етеді. Олай деу себебіміз – ақылы байқауларда нақты бір құрылған алгоритм жоқ. Мәселен, І орын жеңімпазы біреу емес, бірнеше болып шығып алады. Сондай-ақ ІІ-ІІІ орынды да 10-20 шақты қатысушы қатарынан иеленіп жатуы ғажап емес. Одан бөлек, ақпарат құпиялылығының сақталмауы. Өйткені ақысы төленген соң байқау сұрақтары қолға беріледі. Сол арқылы бала тапсырмаларды ағайын-туыс, ата-анасының жанында отырып та оңай орындап тастай алады.
Ғаламтордың ғаламатымен қашықтан өткізілетін онлайн байқаудың дәурені жүріп тұрғаны белгілі. Көмекейі көрінген күмәнді байқауларға қатысу да, жеңе салу да тым оңай. Тым арзандап кеткенін мойындау керек те шығар. Ақысын көрсетілген төлем картасына аударып, байқау шартында көрсетілген тақырыпты таңдау арқылы өз туындысын электронды поштаға жолдаса болғаны. Одан әрі межелі уақыт жеткенде оқушы мен жетекшісіне арнайы «Алғыс хат» жолданады. Қысқасы, ақшасын төлеген оқушының ешбірі елеусіз қалмайды. «Жеңімпаз» екендігін дәлелдейтін бір жапырақ қағазын алады. Дегенмен, байқау, білім сайысы, тіпті жарыстың қандай түрі болса да, кіл мықтылар күш сынасатын орта емес пе еді?!
Арзан атақ, құнсыз құрмет
Қазір ақшаңыз болса, атақ та, мақтау да, медаль да көп. Өкінішке орай, бүгінде осындай жолмен келген төсбелгіні кеудесіне жарқыратып тағып жүргендер жетіп артылады. Алайда атаққа лайықты деп танылғандардың, еңбек өтілін, жұмыстағы нәтижесін сараптап, саралап жатқан біреу бар ма? Маңдай тер сіңбеген мақтау масаттандырып, міндетті ұмыттырып жібермей ме?
Түрлі тақырыптағы мақтау қағазы, сертификат, пәленше деген ұйымның атынан келген бірнеше дәрежелі дипломдар қазір оқушы мен мұғалімнің портфолиосын да толтырып отыр. Жарнасын төлетіп, жарнамасын қатырып отырған интеллектуалдық орталық пен қайта даярлау ұйымдары байқаудың сан алуан түрін ұйымдастыруда. Хабарын ресми де, бейресми де таратып, баланың да, ата-ананың да назарын өздеріне әбден аударып алған. Тест жасау, эссе жазу, мақала жазу, өлең оқу сынды тапсырмамен шартын даярлап, қосымша есепшотын бірге жіберіп отырған байқауды ұйымдастырушы сайт пен орталықтар онлайн жұмыс жасайды, яғни қашықтықтан басқарып, бағалайды. Осының өзі күмән туғызбай ма? Айдаладағы аты-жөнін өзіміз білмейтін педагогтер мен зерттеушілердің бағасы мен алғысына біз неге мұқтажбыз, тәуелдіміз? Компьютердің ар жағында қарап отырғандар расында сондай тәжірибелі мамандар ма? Білікті, білімді ұстаздар мен сарапшылар ма? Кім білсін?!
Осы сұрақтардың жауабын таба алмай, алданып қалғандар да аз емес. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, қандай да бір республикалық баспаға мақала жіберіп, ақшасын төлеп, бірнеше айдан бері атымызды оқи алмай жүрміз дегендер де жетерлік.
Түйін Иә, пікірлер сан алуан. Шын жүйрік бәйгеде сыналады демей ме? Бірақ бәйгенің жүлдесі емес, жарнасы пайда болған уақытта шын жүйрік анықтала ма? Құмар ойын секілді қаптап кеткен бұл онлайн конкурстарға қашан тыйым салынады? Оқушыға да, оны даярлаған ұстазға да жүлделі орынның маңдай термен, еңбекпен келетінін сезіндіретін шынайы байқаулар жиі ұйымдастырылса, баланы ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге тәрбиелейтін сапасыз байқаулардың да саны азаяр ма еді? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
17 қазан 2024 ж. 131 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031