» » Дүбірлі көшпенділер додасы

Дүбірлі көшпенділер додасы

Фото worldnomadgames.kz
Елімізде көптен күткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны басталды. «Астана-Арена» стадионында өткен салтанатты шараға бірнеше елдің басшылары қатысты. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары Қазақстан Республикасының Туын алып шығып, одан кейін Әнұран шырқалды. Қалыптасқан дәстүр бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттер спортшыларының шеруі өтті.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2500-ден астам қатысушы келді. Жалпы көшпенділер ойындарына бірінші кезекте халқы көшпелілер өркениетінің мұрагерлері болып табылатын елдер қатысса, биылғы елде өтіп жатқан додаға көшпенді емес елдерден де командалар қатысуда. Олар ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, садақ ату және халық ойындары сияқты 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы үшін таласады.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шараға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына, мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғысын жеткізді. Сондай-ақ Президент көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет екенін айрықша атап өтті.
– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен өастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін айтты. Сөз барысында он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз ағайындарға алғыс айтты.
Иә, алғаш рет Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылған халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болды. Чолпон-Ата қаласы халықаралық жарыстарды үш рет қабылдаса, IV ДКО Түркияның Изник қаласында өткізілді. Осылайша Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елді қамтып, кең аудиторияның назарын аударды.
Елімізде өтіп жатқан доданың алғашқы жарыс күнінде-ақ спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетуде. Мәселен, ат үстіндегі спорт түрлері бойынша аударспақтан 60 келі салмақта сынға түскен Қазақстанның ұлттық құрамасының спортшысы Ермек Құралбай алтын медальға ие болса, тағы үш спортшымыз финалға өтті. Ал дәстүрлі садақ атудан Қасымхан Қанат пен Айкөркем Батихан 5-ші көшпенділер ойындарының қол жүлдегері атанды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
10 қыркүйек 2024 ж. 105 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 274

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 371

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930