Сапалы білім саналы ұрпақ үшін
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті өңірлердің әдістемелік орталықтарымен бірлесіп, 2023- 2024 оқу жылында білім сапасын жетілдіру мақсатында «1000 мектепке әдістемелік көмек» атты жобаны іске асырды.
Жоба тұрақты түрде әр апта сайын онлайн форматта өткізілді. Озық әдіскерлер білім сапасын арттыруға бағытталған үздік жобалары мен кейстерімен бөлісті, мектепішілік бақылау жұмыстарын тиімді, әрі сапалы іске асыратын тәжірибелер ұсынылды. Жалпы осы тақырыптарды қамтитын 50-ге жуық онлайн-семинарлар өткізілді.
Сонымен қатар, республикалық физика-математика мектептерінің үздік педагог-шеберлері физика, математика, информатика пәндері бойынша үлгілі сабақтар көрсетіп, қиындатылған есептердің шығару жолдарын, олимпиадалық тапсырмаларды орындау методикалары мен тәсілдерін үйретті. Жобаның қорытындысы бойынша әр мектеп өзінің 5 жылдық даму жоспарына сапаны арттыруға бағытталған тиісті өзгерістер енгізіп, жұмысты жалғастыратын болады.
Өңірлер өз кезегінде осы жобаға қатысқан мектептермен қорытындылау шарасын ұйымдастырып, комитет тарапынан мектептерге семинар-курстарға қатысқаны үшін тиісті сертификаттар тапсырды. Осындай сертификатты аудан бойынша екі мектеп иеленді. Оның бірі – Жанқожа батыр атындағы №269 мектеп.
Жалпы жоба алты бағытты қамтыған. Олар нормативтік құжаттардың орындалуын және талаптарға сәйкес мектеп құжаттамасының жүргізілуін, оқу процесінің сапасын, оқушылардың білімдегі олқылықтарының орнын толтыру бойынша және үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты бақылау басты назарда болды. Сонымен қатар оқу-зерттеу қызметі, мұғалімнің шеберлік және әдістемелік дайындық жағдайының деңгейі, тәрбие процесінің сапасын, іс-шараларды өткізуге зер салынды.
Осы бағыттағы жұмыстардың үдесінен шығып, жыл бойы жүйелі жұмыс жүргізген білім ордасымен байланысқа шықтық.
– Былтырғы оқу жылы республикалық «1000 мектепке әдістемелік көмек» жобасына енуден басталды. Жоба аясында мектепішілік бақылау жоспарын құрудан бастап, жүргізілуі мен нәтижесі толық сараланып отыратындығы айқындалды. Бұл жоба менің қызмет барысымдағы тың жобалардың бірі болды. Жүргізілген жұмыстың нәтижесі бойынша мектеп ұжымы мен мектеп басшысы арнайы сертификат иеленді. Белгіленген бағыттар бойынша өз жұмысымызды жүйелей отыра, комитет нәтижесін шығарып отырды. Нормативтік құжаттардың орындалуын және талаптарға сәйкес мектеп құжаттамасының жүргізілуін бақылауда түсінгеніміз мектеп ұстаздарынан сұралатын негізгі құжаттарына әдістемелік көмек бере отырып, жүйелі жүргізілуіне мән берілді және негізгі қатаң есептегі құжаттар тізбесі үнемі бақыланып отырды. ҰББД қоры мен электронды журналдың жүргізілуі қадағаланды. Оқу процесінің сапасын бақылау бағыты бойынша білім алушылардың білім сапасына жүргізілетін мектепішілік бақылау жоспарына сай пәндердің берілуіне тәжірибелі ұстаздардан құралған арнайы топ құрылып, білімсапасы сараланып отырды. Білім алушылардың білімдерін толықтыру, арттыру мақсатында 54 ашық сабақ, 36 сыныптан тыс жұмыстары өтті. Ұлттық біріңғай тестілеуге дайындық, халықаралық зерттеулерге, олимпиадаларға дайындау жұмыстары жүйелі жүргізілді. Білімнің нәтижесін көрсететін негізгі білім бәйгелерінде мектеп оқушылары оза шаба білді. 41 оқушы аудандық олимпиада жеңімпазы, 18 оқушы облыстық, 1 оқушы республикалық олимпиада жеңімпазы атанды. Мектеп бойынша білім сапасы 54% ҰБТ нәтижесі бойынша орташа балл 94,5% көрсетті, – дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жасұлан Тәжібаев.
Оқушылардың білімдегі олқылықтарының орнын толтыру бойынша және үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты бақылау бағыты бойынша жылдың басында мектеп оқушыларынан «0» дік срез алынып білім алушылардың білімдеріндегі олқылықтар анықталып, пән мұғалімдерінің жұмысты жүйелі жүргізуінің нәтижесінде 5 сыныптың орташа білім сапасы 5-10% көтеріліпті. «Жазғы мектеп – 2024» жұмысы ұйымдастырылып, қиындық тудыратын тақырыптармен жұмыс жасалған.
Жоба барысында мектепте оқу-зерттеу қызметін арттыру мақсатында 9 мектепішілік апталық, 2 аудандық семинар, 1 облыстық семинар «өте жақсы» деңгейде ұйымдастырылған. Мектеп ұстаздары белсенділік танытып, өз пәндері бойынша түрлі тың жұмыстарды шеберлікпен облыс көлеміндегі әріптестерімен бөліскен. Мұғалімнің шеберлік және әдістемелік дайындық жағдайының деңгейін бақылау бағыты бойынша 6 сыныпқа «Lesson Study» сабақты зерттеу әрекеті жүргізілген. Әр сыныптағы мәселелер анықталып, зерттеу тобы оны жою мен алдын алу мақсатында тиімді жұмыс атқарылған.
Сондай-ақ тәрбие процесінің сапасын, ісшараларды өткізуді бақылау бағыты бойынша «Ата-аналарды қолдау» орталығы құрылған. Білім алушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін 9 орталық пен 6 спорттық үйірме, 5 жоба жұмыс атқарған. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында өткен оқу жылында аталған мектеп оқушыларының арасында құқықбұзушылықпен тіркелген білім алушы болмапты.
– Міне осы 6 бағыт бойынша жүргізілген жұмыстар мектептің оқу-тәрбие процесін жүйелендірді. Әрбір атқарылған жұмыс педагогтер мен білім алушылардың төккен тері, еткен еңбектерінің нәтижесі деп ойлаймын. Себебі бұл жұмыстар күнделікті сабақ процесіне қосымша болды. Өз жұмыстарымен қатар осындай сапалы жұмыс жүргізгені үшін әріптестеріме ерекше алғыс білдіргім келеді. Барлығымыз ұрпақ қамы үшін қызмет етудеміз ғой. Десе де, саналы ұрпақ үшін сапалы қызмет ету бір бөлек. Осы жолдағы еңбектері елеуге тұрарлық, – дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Расында да, қайсыбір істе де адалдық таныту маңызды. Махаббатсыз жасалған іс мәнсіз болады. Ал өзгенің бақытын аялап, өз уақытын аямайтын ұстаздар қауымына артылар жауапкершілік жоғары. Себебі олар ел болашағының тұтқасы. Егер олар сапалы жұмыс жүргізсе, болашақтың жарқын боларына сенім күшейе түспек. Ауданымызда санға емес, сапаға қызмет ететін осындай білім ордаларының болғанына бек қуаныштымыз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА