Жаңа қызметке тағайындалды
Облыс әкімі аймақта дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімді моделін қалыптастыру, сондай-ақ туризм саласын дамытудағы бар мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін дербес дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімін құруды тапсырды.
Осы ретте, Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының әкімшілік-аумақтық басқару схемасы туралы» 2024 жылғы 20 наурыздағы №392 қаулысымен қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі құрылды.
Осыған орай, бірыңғай конкурстық комиссиясымен конкурс жарияланып, нәтижесімен Есенгелдиев Қайрат Мергентайұлы 5 маусымнан бастап жаңадан құрылған қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды.
Бүгінгі қала әкімінің төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты өткен актив отырысында жаңа бөлімнің басшысы таныстырылды.
Қайрат Мергентайұлы 1985 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін 2006 жылы «Алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы Қызылорда облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы ретінде бастаған.
2008-2013 жылдары №143 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, №264 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2013-2014 жылдары қалалық спорт бөлімінің маманы болып жұмыс істеген.
2014-2018 жылдары облыстық «Қайнар», «Қажымұқан» спорт клубтарының, «Орда» әскери-патриоттық спорт клубы директорының орынбасары, атқарушы директоры,
2019-2020 жылдары қалалық білім бөлімінің әдіскері, 2020-2022 жылдары қалалық №268 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, спорт нұсқаушысы қызметтерін атқарды.
2022 жылдан бастап осы кезге дейін Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының «Ұлттық» және ат спорты түрлері бойынша клубының директоры лауазымын атқарып келді.