» » БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ЖАҢА ЖОЛЫ

БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ЖАҢА ЖОЛЫ

Фото pixabay.com
Қазірде ауылдан жұмыс таппай, қалаға жан бағу үшін келген жастардың басты мәселесі – баспана. Жан бағамын деп жалдамалы пәтерде тұратындары қаншама?! Бала-шағасын көшіріп әкелейін десе басыбайлы үйі болмаған соң қиналатыны анық. Ал қалалық жерде бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлерге қалай қол жеткізуге болатынынан бәрі бірдей хабардар емес.
1 наурыздан бастап елімізде баспана алудың жаңа жобасы – «Отау» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарламаны кей тұрғындар оны қалаған пәтерге қол жеткізудің тиімді тетігі деп бағалап отыр. Расымен солай ма? Ипотекалық несиеге кімдер иек арта алады? Бағдарламаның талаптары мен шарттары қандай? Толығырақ тарқатып көрейік.
Бүгінде елімізде аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтуға ден қойылғаны белгілі. Мемлекет тарапынан оларға қолайлы жағдай жасау үшін түрлі жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар жүзеге асуда. Олардың қатарында «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» сынды бағдарламалар бар. «Отбасы банк» АҚ арқылы берілетін мұндай ипотекалардың талаптары екінші деңгейлі банктердің қалауына қарағанда әлдеқайда тиімді. Бастапқы жарнасы да, пайыздық мөлшерлемесі де төмен. Мұндайда өзге санаттағы азаматтар «Бізге де тиімді ипотека іске қосылса екен» дегенді жиі айтатын болды. Себебі қазіргі уақытта екі-үш баласы бар қарапайым отбасының да пәтерлі болуы оңай іс емес.
Ал іске қосылған бұл бағдарлама аясында 9 пайыздық мөлшерлемемен 19 жылға қарыз алуға болады. Алғашқы жарна баспана құнының 20 пайызынан кем болмауы тиіс.
Банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың сөзінше, «Отау» бағдарламасы – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылар үшін баспана сатып алудың қосымша құралы. Ол қазақстандықтар арасында үнемдеу мәдениетін нығайтуға әрі арттыруға бағытталған. Себебі, қаржыны тірнектеп жинап, күнделікті шығындарын үнемдей білген адамдарға ғана төмен пайыздық мөлшерлемемен үй алу мүмкіндігі туады. – «Отау» бағдарламасы жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды, «Отбасы банкінің» салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жыл сайын заемдардың жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға кредит беруге бөлінетінін білдіреді. Жыл сайын біз қаржыландыруға 150 млрд теңге бағыттайтын боламыз. Бұл ақша «Отбасы банктің» өз қаражаты есебінен бөлінетін болады. Оған қоса, қазақстандық қаржы нарығынан қарыз алып, қаражат тартуды жоспарлап отырмыз. «Отау» бағдарламасы 7 жылға есептелген. Осы кезеңде біз 50 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесеміз, – дейді Ләззат Ибрагимова.
Жоба аясында Астана, Шымкент пен Алматыда үміткерлер құны 30 млн теңгеге дейінгі алғашқы нарықтағы тұрғын үйден баспана ала алады. Ал қалған өңірлерде 18 млн теңгеге, кез келген пәтерді қарастыра береді. Алайда қатысушы жылжымайтын мүлікті «Баспана маркет» порталынан ғана алуы шарт. Құжат қабылдау 30 сәуірге дейін жалғасады.
Бағдарламадан 18 бен 63 жас аралығындағылар үмітті. Дегенмен бірқатар талаптар да бар. Отбасы банктен депозит ашып, 18 айдан бері ақша салып келгендер. Өтінім берген сәтте депозитінде кем дегенде 1 млн теңгесі болу шарт. Үміткер мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы бес жылда баспана болмауға тиіс. Пәтер алатын қалада тұрақты тіркеуі болуы маңызды.
Өтінім беру уақыты аяқталғаннан кейін, otbasybank. kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді. Ал ұпайлар қалай есептеледі деген сауалға келсек, салым бойынша сыйақы мөлшері үшін – әрбір 1 000 теңгеге 5 балдан, Салым мерзімі үшін – салымның әрбір жылы үшін 5 балдан, тіркелген неке үшін – 10 балл, балалардың болуы үшін – санына қарамастан 50 балдан есептелетін болады. Ал егер үміткерлердің ұпай саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі. Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 ай ішінде жарамды болады. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушы баспана тауып, несие алып, тұрғын үйді сатып алуы керек.
Ең көп ұпай жинап, іріктеуден өткен үміткер табыс көзі туралы құжат тапсырады. Егер жалақы мөлшері жетпесе, кепіл ретінде екінші адам арқылы несиені рәсімдеуге мүмкіндік беріледі. Дегенмен бұл баспанаға деген сұраныстың артуына себеп болмай ма екен деген сұрақты да туындатып отыр. Себебі сұраныс артқан жерде бағаның өсетіні тағы бар.
Бір өкініштісі, біздің облыста 18 млн теңгеге жаңадан салынған пәтерлерді табу қиынның қиыны. Сонда «Отау» бағдарламасын пайдаланып, баспана алуды қалайтындарға қайтпек керек? Жалғыз жолы – банктен 18 млн теңгеге дейін несие ресімдеп, қалған қаржыны қалтасынан шығару. Себебі бүгінде жалпы нарықтағы жаңа баспаналардың бағасы 25-30 млн теңгеден басталады. Демек, бағдарлама қатысушысы бастапқы жарнадан бөлек кемінде тағы 10-15 млн қалтасынан шығаруы тиіс. Бұл қаншалықты тиімді? Оны қатысушылардың өздері бағамдай жатар.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
04 сәуір 2024 ж. 252 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 356

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 437

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930