БҮГІНГІ АҒЫЛШЫН – сіздің ертеңгі сәттілігіңіз
Шет тілдерін оқытудың маңызы және оның ерекшеліктеріне, тіл дамыту жұмыстарының тиімді екені сөзсіз. «Өз тіліңді құрметте, өзге тілдің бәрін біл» демекші, ағылшын тілін меңгерудің өзі екінші бір әлемді танығанмен тең. Осы орайда №85 мектепте шет тілі пән мұғалімдерінің «English today is your success tomorrow» тақырыбында апталық өткізілді.
Ондағы мақсат – оқушылардың ағылшын тілін мемлекеттік білім беру стандарты бойынша меңгергендігін бақылау, олардың қабілеті мен тілін дамыту, ойлау және есте сақтау қабілеттерін қалыптастыру. Пәнге деген қызығушылықтарын арттыру, шет тілін құрметтеуге үйрету, оқушыларды ағылшын тілінде еркін сөйлеуге дағдыландыру, сөздік қорын молайту және ұжымдық еңбекке тәрбиелеу.
Г.Бахитованың ұйымдастыруымен «5 o’clock tea in Britain» тақырыбында 8 сыныптар арасында сыныптан тыс жұмыс өткізілді. Онда үш сыныптан құралған топтар арасында сайыс өтіп, Британияның 5-тегі шайы туралы оқушылар толық мәлімет алды. Сайыс 5 бөлімнен құралды. Бірінші «My magic plate» бөлімінде оқушылар алдарында берілген тарелкелер астында жасырылған ағылшын мақал-мәтелін дұрыс құрап, аударма жасады. Екінші бөлімде оқушылар шыныаяқ ішінде шай қағазында жасырылған сөйлемнің жалғасын тауып, алдарына шайды алып отырды. Үшінші кезеңде оқушылар британ тәттілерінде тұрған жұмбақтарға жауап бере, тәттіге ие болып отырды. Соңғы «My orders» бөлімінде оқушылар сол жерде бар заттармен тапсырыс беру мақсатында диалог құрады. Олардың арасынан өз бетінше Британияның 5-тегі шайын зерттеп келгендері де болды. Оқушылардың өте белсенді, қызығушылықтары басым екендігі байқалып, нәтижесінде 8 «В» сыныбының «Dostyk» тобы I орын, 8 «Б» сыныбының «Young stars» тобы II орын, 8 «А» сыныбының «Stars» тобы III орынды иеленді.
Келешек ұрпақтың ой-өрісінің дамуына, дүниетанымының кеңеюіне әсер ететін осындай іс-шаралардың «өте жақсы» деңгейде өткізілуі, оған білім алушылардың өз еркімен қатысуы, белсенділік танытуы көңіл қуантарлық жағдай емес пе?! Осындай келелі істер алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.
Гүлзат ЖҰБАТЫРОВА,
№85 мектептің мұғалімі, Төретам кенті