Облыс әкімінің орынбасары тағайындалды
Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында жаңадан тағайындалған облыс әкімінің орынбасары таныстырылды.
Нұрлыбек Машбекұлы басқа мемлекеттік лауазымға ауысқан Мейрамбек Зинабдинұлы Шермағанбетке білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы өзекті мәселелерді шешудегі елеулі еңбегі үшін алғыс білдірді. Өңірге инвестиция тартудың өте маңызды екенін атап өтіп, облыс әкімінің орынбасары лауазымының бірі осы мақсатқа қайта бағдарланатынын айтты.
«Облыстың ерекшеліктерін ескеріп, отандық және шетелдік инвесторлар жобаларын сүйемелдеу, туындаған мәселелерін шұғыл шешу, жұмыс жасап тұрған ірі кәсіпорын басшыларымен іскерлік келіссөздер жүргізіп, ілеспе өндірістер ашу жұмыстарын жаңа форматта жүргізуге тиіспіз. Ынталы инвесторларға қолайлы жағдай жасау, отандық өнім өндіру аясын кеңейту, түрлі қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейге шығаруымыз қажет. Президент тапсырмасын мүлтіксіз орындау және өңірдің инвестициялық әлеуетін көтеру үшін облыс әкімінің орынбасары лауазымының бірі осы мақсатқа қайта бағдарланды. Ол барлық салаларға жеке инвестиция тартуға тікелей жауапты болады. Инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде жұмыс жасап, олардың мәселелерін заң аясында жедел шешіп, нақты іс-қимылға көшуді тапсырамын», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен, облыс әкімінің өкімімен Зебешев Ардақ Темірханұлы облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Актив отырысында облыстық ардагерлер төрағасы Серік Дүйсенбаев пен облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов Ардақ Темірханұлын құттықтап, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.
Ардақ Темірханұлы 1981 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін «Халықаралық қатынастар», Қазтұтынуодағы Қарағанды университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген.
«Болашақ» бағдарламасының түлегі. Лондон Корольдік колледжі мен Англия Бизнес мектебін аяқтап, мемлекеттік саясат және қызметтерді басқару, іскерлік әкімшілендіру саласының магистрі атанған.
Еңбек жолын 2003 жылы Шымкент қаласының еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы болып бастап, әр жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Сыртқы байланыстар және инвестициялар басқармасының жауапты лауазымдарында жұмыс жасаған. 2006-2010 жылдары Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің үшінші хатшысы, Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол қызметінің үшінші және екінші хатшысы болған. 2010-2019 жылдары ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің сыртқы байланыстар және протокол бөлімінің бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС Халықаралық қатынастар департаментінің директоры, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» басқарма төрағасы хатшылығының басшысы, ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарған. 2019-2021 жылдары Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және іске асыру басқармасының басшысы, Комитет төрағасының орынбасары лауазымдарында нәтижелі қызмет көрсетті. 2021 жылдың қыркүйек айынан осы кезге дейін Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы қызметін атқарып келді.
Өткен жылы Ардақ Темірханұлы басқарған Комитеттің үйлестіруімен республикада жалпы сомасы 705 млрд. теңгені құрайтын 71 инвестициялық жоба іске асырыла бастады.
Ардақ Темірханұлы отандық және шетелдік инвесторлардан қаржы тарту ісіне тікелей жауапты болып, өңірдегі инвестициялық климатты жақсартуға үлес қосады. Барлық салаларға жеке инвестиция тарту жұмыстарын үйлестіріп, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жетекшілік жасайды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі