Кемел келешек құндылығы — құзыретті тіл
Білім ордаларында барлық пән бірлестігінің апталығы, онкүндігі өтеді. Бұл жоспарлы жұмыстың берері мол. Шебер ұстаздары бар ұжымның қай-қайсысыда осындай мүмкіндік туғанда пәнге қатысты ерекшеліктер мен тартымды, қазіргі уақыт талап ететін креативті жұмыстарды паш етуге тырысады. Жақында Т.Көмекбаев атындағы No250 мектеп-лицейде «Кемел келешек құндылығы – құзыретті тіл» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің апталығы өтті.
Дүйсенбіде мектепке асыға келген оқушыларды кіреберіс дәлізде қазақ тілінен дәріс беретін ұстаздары құшақ жая қарсы алды. «Сәлем – сөздің анасы» демекші, түрлі тәсілде амандасып, саулық сұрап, сәлем берудің маңыздылығын түсіндірді. Апталықтың ашылуы мектептегі думан залда өтті. Арнайы дайындалған бейнеролик оқушылар мен ұстаздарға экран арқылы көрсетілді. Онда XIV ғасырда түркітілдес елдің сақ отбасында көптен күткен сәби дүниеге келгенін, оған «Қазақ» деген есім берілгенінен бастап баяндалды. Қазақ ана сүтімен бойына дарыған ана тілінің құндылығын жасынан сезініп, сөзге шешен, іске мығым болып өсті. Бірақ қайта оралмайтын бал балалығы да, жастық шағы да оңай болмады. Тағдырынан көп теперіш көрді. Ес білгеннен тілінің тазалығын сақтау үшін күресті. Кеудесін отқа да, оққа да тосты. Жаугершілік заманда құлдыққа жегілді. Арымды таптатпаймын, әлі-ақ асқақтаймын, намысымды өлтірмеймін, атыма кір келтірмеймін деп бұл жолдан да өтті. Енді ес жия бергенде елде ашаршылық басталып, алқымнан алды. Оның тілді емес бір татым су мен бір жұтым наннан басқаны ойлайтын шамасы болмады. Оны да еңсеріп, алға қарай қадам басқанда Кеңес үкіметінің озбыр саясаты аяқтан шалды. Халықтың көзін ашуға ұмтылып, сауаттандыруға талпынған қаншама Алаш арысы абақтыға қамалды, ату жазасына кесілді. Өздері кеткенмен Қазаққа өшпестей мұра қалдырған арыстардың азабын ешқандай ұрпақ енді көрмесін деп тілегенде 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Жеңіс туы желбіреді, қазақты енді ел біледі дей бергенде 1986 жылы «Желтоқсан оқиғасы» орын алды. Қазаққа болысқан қаншама қыз-жігіттер қыршын қиылды. Бұл ел тарихындағы орны толмас өкініштер еді. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан қазақ тілінің тарихы әртүрлі кезеңдерді бастан кешкен халық тарихымен тығыз байланысты. Қазақтың жүзіне күлкі, жүрегіне тыныштық тек Тәуелсіздік алған 1991 жылы ғана орнады. 1992 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды.
Апталықтың көздеген мақсаты да тіліміз үшін күрестің оңай болмағанын жас ұрпаққа сезіндіру, тіл тазалығын сақтауға шақыру еді. Осы жағдайдың бәрін суреттеп көрсеткен бейнеролик көрерменнің көңілін толқытты. Мұнан соң бірдей қазақы нақышта киініп «Мен қазақпын» әнімен ортаға шыққан қазақ тілі мамандарына қошемет соғылды. Мектеп директоры Гүлжахан Мұнарбаева «Ұлттық сезім» жобасын негізге алып, ұлттық құндылығымыздың насихатшысы бола білген бірлестіктің апталық жұмысына сәттілік тіледі.
Апталықтың алғашқы күні Ж.Құжымбаева мен Г.Болатқызы 4-сынып оқушыларымен «Қазақшаңыз қалай, балақай?» танымдық сайысын өткізді. Таныстыру, сұрақ-жауап, «Сөз мәйегі – мақал», «Адасқан сөздер», «Әріптер» сайысынан мүдірмей өткен «Жалын» тобы І орын, «Тақия» тобы ІІ орын, «Бірлік» тобы ІІІ орынмен марапатталды.
Оқушының ойлау қабілеті мен тапқырлығын дамыту, шапшаңдыққа баулу мақсатында А.Жетпісбаева мен А.Сұрауованың ұйымдастыруымен 5-сынып оқушыларының қатысуымен «Ұшқыр ой мен шешен тіл» атты квест ойыны өтті. Оқушылар «Ертегілер әлемі», «Ұшқыр ой», «Сыр сандық» кезеңдері бойынша сынға түсті.
8-сыныптар арасында ақылды әрі сұлу қыздар сайысы қолданыста сирек кездесетін, ескірген дәстүрлерді дәріптеуді көздеді. А.Уксикбаева мен Ғ.Тайшықова ұйымдастырған сайыс көп көңілінен шықты. Қазақтың қаракөз, бұрымды қыздары салт-дәстүріміздің озық тұстарын ортаға салып, қазақ тілін биік қоятынын байқатып, ұлттық құндылықтарды насихаттады.
Мектепте телестудия кабинеті бар. Мұнда болашақ журналист болатын жастармен жұмыс жасауға, оларды дамытуға мүмкіндік мол. Осыған орай А.Шаймерденұлы «Тілші болғым келеді...» тақырыбында аудандағы жас тілшілермен кездесу ұйымдастырды. Мектептің жас тілшілері аудандық «Қармақшы таңы» газетінің қаламгерлерімен кездесті. Кездесу барысында газеттің бас редакторының орынбасары Е.Әбләкиев, «Жылдың үздік қаламгері-2023» номинациясының жеңімпазы, тілші А.Сүлейменова, «Үздік жас қаламгер» номинациясының иегері, тілші А.Сағынтай журналист мамандығының қыр-сыры жайлы әңгімелеп, оқушылар көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Журналистика саласына қызығатын оқушыларға тәжірибелі мамандармен кездесу жаңа серпін беріп, шабыттандырды.
А.Нақыпова бастаған бірнеше ұстаз үзілісте «Әдеби кафе» ұйымдастырды. Аты айтып тұрғандай әдеби кафеге келген мұғалімдер мен оқушылар өзіне ұнаған ас түрінен дәм тату үшін қазақ тілі мен әдебиетіне, салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап беріп, тілге қатысты мақал-мәтелдер мен өлеңдер оқыды, ән айтты. Бұл іс-шара арқылы қазақтың ұлттық тағамдары насихатталып, кафеге келушілер оның құны қымбат екенін, елді сүйетін азамат алдымен өз халқының тілін, тарихын, әдебиетін білу керектігін ұғынды. Айран мен шұбатын, қазы мен қартасын, құрт пен ірімшігін ұсынған ұстаздар бұл іс-шараның көп көңілінен шыққанына қуанып, алғыс алды.
Ұстаздармен тәжірибе алмасып, пікір бөлісу мақсатында «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқыту» атты коучингте ұйымдастырушы Г.Дүзенова тың тәсіл, ерекше әдістермен бөлісті. Шара барысында Алаш арыстарының, қазақ құрметтілерінің өнегелі өмір, ғибратты ғұмырын арқау етіп түсірілген «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Оян, қазақ», «Мағжан. Мен жастарға сенемін», «Тар заман» көркем фильмдерінен үзінді көрсетіліп, қазақ тілін оқытудағы төрт дағдыға қатысты және жағдаяттық тапсырмалар орындалды. Мұғалімдер коучингке белсене қатысты.
Ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалану арқылы қазақ тілі сабағында оқушылардың айтылым дағдысын қалыптастыру үшін Г.Сәрсенбаева жетекшілік ететін 6 «Г» сыныбында «Lesson study» жоспарланды. Тізбектелген сабақтарды Ж.Ибраева өткізді. Топ мүшелері А.Гадирова, А.Жетпісбаева, Ж.Құжымбаева, А.Сұрауова, Р.Өтепова зерттеу барысында оқушылардың айтылым дағдысын түрлі платформа арқылы арттыра отырып, қызығушылықтары мен белсенділіктерін байқады. Жеке, жұптық, топтық жұмыстарда оқушылар барынша жылдам жауап беріп, платформалармен жақсы жұмыс көрсете білді. Сұхбат алу барысында оқушыларға интерактивті тақтамен жұмыс қызық болғанын айтты.
Апталық барысындағы іс-шаралар тек оқушы, ұстаздармен шектелмеді. «Ата-аналарды қолдау» орталығының жоспарына сәйкес А.Жасыбаева мен А.Гадирова ата-аналармен тренинг ұйымдастырды. Тренингте ата-аналар топқа бөлініп, түрлі жұмыстар жүргізді. Бейнероликті көру арқылы сол жағдайдан шығу жолдарын ұсына білді. Суреттерді ретімен орналастырып, оның мағынасын түсіндіріп, қазіргі бала тәрбиесіндегі басты кедергілерге тоқталып, пікір бөлісті.
С.Бертілеуов, А.Шаймерденұлы, Н.Асылбекұлы, Ш.Кәрібай 7-8-сынып оқушыларымен бата беру байқауын өткізді. Ер балалар батаның түрлерін ажыратып, бата беру мен алудың маңыздылығын сезінді. Байқауға ардагер Қ.Сүлеев, ұлағатты ұстаз Д.Нәзікбаев төрелік жасады. Сайыс соңында қазылар шешімімен жүлдегерлер анықталып, мектеп директорының мадақтамасы табысталды.
Г.Ерназарова мен А.Саршаеваның ұйымдастыруымен «IQ дода» атты аудандық әдеби турнир болып өтті. Бұл білім бәйгесіне аудан орталығындағы мектептердің 9-10-сынып оқушылары қатысып, білімдері мен алғырлықтарын көрсетті. Байқау үш кезеңнен тұрды. Оқушылар QR код арқылы тапсырмаларды орындап, білім пайыздарымен іріктеліп, алға шығып отырды. Нәтижесінде І орынды No105 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Назгүл Сейітбекқызы, ІІ орынды No250 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Нұрай Қайырғали, ІІІ орынды No30 мектептің 9-сынып оқушысы Сұңқар Жеңісұлы иеленді. Жеңімпаз оқушыларды аудандық білім бөлімінің әдіскері М.Жұмабаева аудандық білім бөлімінің мақтау қағазымен марапаттады.
Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі. Қазақтың ұлттық киімдері рухыңды көтеріп, ізгілікке тәрбиелейді. Апталық барысында ұстаздар мен оқушылар қазақы нақыштағы киімдер киіп жүрді. Үзілісте ұстаздар көрме ұйымдастырып, арнайы ұлттық киімдермен таныстырды. Оқушылар киімге байланысты ырым-тыйымдар, мақал-мәтел, жұмбақтар айтып, сұрақтарға жауап берді.
Апталық Р.Өтепованың ұйымдастыруымен «Тәрбие және тіл» атты мұғалімдер мен оқушылар арасындағы «ТЕД х» ашық пікір алаңымен қорытындыланды. Онда спикерлер өз ойларын ортаға салып, тіл мәртебесін арттыру бағытындағы құнды идеяларын ұсынды. Көрермендер де тақырыпқа қатысты пікір білдірді. Мектеп директоры Гүлжахан Жұмағалиқызы сөз алып, апталықта өткен танымдық, ұлттық құндылықтарға негізделген іс-шараларға жоғары баға беріп, мұндай мазмұнды жұмыстар апталықта ғана емес әркез ұйымдастырылып тұрса деген тілегін, алғысын жеткізді.
– Бұл апталық бұрынғы апталықтан өзгеше. Іс-шаралар бірінен бірі өткен ерекше, мазмұнды, жүйелі, бастысы пайдалы болды. Қазы-қарта, жал-жаясы мол бір астау ет жегендей жақсы жұмыстарға көңіл тойды. Бірлестік жас мамандармен толыққан. «Жақсының жақсылығын айт» дейді қазақ. Ауыз толтырып айтарлық жұмыстарды неге жария, үлгі етпеске. Шығармашылық табыс тілеймін, – деді барлық іс-шаралардың белсенді қатысушысы әрі көрермені болған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Шаттық Рахманова.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
No250 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі