» » 20 миллионға жеттік

20 миллионға жеттік

qarmaqshy-tany.kz ЕЛІМІЗДЕ РЕСМИ ТҮРДЕ ХАЛЫҚ САНЫ 20 МИЛЛИОНҒА ЖЕТТІ. БҰЛ ЖАҢАЛЫҚТЫ ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ TWITTER ПАРАҚШАСЫНДА «ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ САНЫ 20 МИЛЛИОНҒА ЖЕТТІ! БАРШАҢЫЗДЫ АҚЖОЛТАЙ ЖАҢАЛЫҚПЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫН! БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ – БАҚУАТТЫ ЕЛДІҢ НЕГІЗІ. МЕМЛЕКЕТ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН НЫҒАЙТУҒА, АНА МЕН БАЛАНЫ ҚОРҒАУҒА БАСА МӘН БЕРЕДІ» ДЕГЕН ЖАЗБА ҚАЛДЫРЫП, ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ. РЕСПУБЛИКАМЫЗДЫҢ МЕРЕЙЛІ АЗАМАТТАРЫ ҰЛЫТАУ, ЖЕТІСУ, АТЫРАУ, АҚМОЛА ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТАРЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН. ОЛАРДЫҢ ҮШЕУІ – ҰЛ, ЕКЕУІ – ҚЫЗ.
Жалпы демографиялық дүмпуден елімізде Шымкент қаласы көш бастайды. Екінші орында Түркістан облысы, үшінші орында Маңғыстау облысы тұр. Қазіргі халық саны бойынша Түркістан облысы 2,1 млн адаммен республикада бірінші орында. Одан кейінгі орындарға 1,5 млн халықпан Алматы облысы, 1,2 млн адаммен Жамбыл облысы орналасқан.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 20 миллионыншы азаматтың туған күні барлық қолда бар демографиялық деректерді ескере отырып айқындалды. Оның ішінде Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген және одан шыққан, туғандар мен қайтыс болғандардың саны да есепке алынған.
Мамандар бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететінін айтады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл процесті жеделдетуге және 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен және қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берген. «Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды» делінген бюро хабарламасында.
Тәуелсіздік алған жылы қазақстандықтардың саны 16,4 млн болған еді. 20 миллионыншы болып туған 5 сәбиге «Отбасы банкі» 2 млн теңгелік сертификат сыйлады. Бұл сәбилердің бірі – отбасының тұңғышы болса, енді бірі – төртінші болып өмірге келіп, ата-анасын көпбалалы деген статусты иелендіруде. Ал енді бір жұптың сәбиі 4 жылдан бері аңсап күткен бақыты. Олар қуаныштарының бұлай екі еселенетінін ойға да алмаған. Көпшілікке қуаныш сыйлаған ана мен балалардың дендері сау болса, халық саны арта түспек.
Иә, бала қай жерде, қашан туса да, бұл бір отбасының ғана емес, бүкіл Қазақстанның қуанышы. Алты алаш үшін ақ түйенің қарны жарылған бұл күннің астарында мемлекеттің жаңа экономикалық, инфрақұрылымдық сын-қатерлерді еңсере алуы мен жаңа ұрпақтың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауы жатыр. Мемлекеттік, отбасылық саясаттың басты мақсаты – өмірдің барлық сынағына тойтарыс бере алатын ұрпақ тәрбиелеу. «Құбылған әлем жарысы – ақылды жанның табысы» деп Шәкәрім бабамыз айтқандай, бұл қуаныш – еліміздің көкжиектен көрінген қандай да бір дауылдың қуатын, екпінін еңсеріп, болашаққа нық қадам басуының белгісі.
Еліміздің 20 миллионыншы тұрғындары туралы барлық әлеуметтік желі мен ресми сайттарда, телеарналарда сүйінші хабарлар таратылса, олардың құрметіне Астана жастары флэшмоб өткізді. 200-ге тарта ерікті жас 20 саны түрінде сап түзеп, еліміздің туын желбіретті. Сонымен қатар Атыраудағы бірнеше сауда орталығында нәрестелердің дүниеге келуіне байланысты сүйіншілеткен концерттер ұйымдастырылған.
Жалпы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарған сайын туу көбейіп, оң өсім болады. Бұл артық аргументті, дәлелді қажет етпейтіні сөзсіз. Бала-шағасын асырайтын жұмысы, жылы үйі, кигізетін киімі, оқытатын оқу орны, ауырса дұрыс емдейтін дәрігері бар отбасылар бала туып, білімді, мәдениетті ұрпақ тәрбиелейді. Ал ондай ұрпақтың еліміз үшін маңызын соңғы жағдайлардың өзі көрсетіп отыр.
Одан бөлек 1 қаңтардан бастап балаларға арналған Ұлттық қорға 18 жасқа толмаған әр қазақстандық бүлдіршіннің шотына ақша түсіп отырады. Бұны бір жағынан мемлекет тарапынан балаларға қатысты жасалған қамқорлық деп қабылдасақ, екінші жағынан әр қазақстандық ата-анаға баланың болашағын жоспарлауды үйретуге септігін тигізері сөзсіз.
Бірақ сапаның жақсы болуының негізі сан мен мемлекеттік билік тарапынан жасалатын жағдайдан бөлек, ең бастысы әрі құндысы – ата-ана тәрбиесі мен махаббаты екенін естен шығармайық. Саналы ұрпақтың саны көбейе берсін.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
18 қараша 2023 ж. 306 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№40 (10305)

21 мамыр 2024 ж.

№39 (10304)

18 мамыр 2024 ж.

№38 (10303)

14 мамыр 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031