» » Күріш көлемі кемімейді

Күріш көлемі кемімейді

qarmaqshy-tany.kz Апта басында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен облысқа келді. Мемлекет басшысының облыстағы сапары Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылының тыныстіршілігімен танысудан басталды.

Қазақстанның Еңбек Ері "Абзал және К" толық серіктестігінің негізін қалаушы Абзал Ералиев Президентке кәсіпорынның табысты қызмет етіп, өңір бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші мекемеге айналғанын жеткізді. Сонымен қатар өнімді еңбектің арқасында туған өлкенің дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.
Президент «Абзал және К» шаруашылығының демеушілігімен салынған ауылдың орталық алаңын, спорт кешенін аралап көрді. Онда жеткіншектермен кездесіп, әңгімелесті.
– Спортпен шұғылдану керек. Әсіресе, өздеріңіз сияқты жастарымыздың дені сау, мықты азамат болып өсуі қажет. Себебі Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Жастардың дені сау болса, мемлекет те қуатты болады. Сыр елінен мықты спортшылар шыққан. Әлі де көптеген чемпиондар шығады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан кейін Президент былтыр ғана бой көтерген «Еңбек аллеясында» еңбек адамдарымен жүздесті. Ауданның Құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің мүшесі Қаршыға Есдәулетов те кездесуде болды. Мемлекет басшысы Қызылорда облысының дамуына баса мән беретінін атап өтіп, әлемдегі күрделі геосаяси ахуал кезеңінде Қазақстанның өркендеуі жолында елімізді бірлік танытып, еңбек етуге шақырды.
– Шын мәнінде, еңбек адамдары халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер осы ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Диқандар ауыл шаруашылығының дамуына айрықша мән беріп, мемлекет тарапынан қолдау шараларын көбейткені үшін Президентке алғыс айтты. Әсіресе, Су ресурстары министрлігін құру жөніндегі жаңалықты Сыр бойының диқандары қуана қабылдағанын жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жөнінде баяндалды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа терминал жеке демеушінің қаражатына салынып, кейін мемлекет меншігіне өткізілетінін айтты. Жоба құны – 20 миллиард теңге. Оның ішінде 15,7 миллиард теңге – демеушінің әуежай құрылысы үшін бөлген қаржысы. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу үшін 4,3 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Халықаралық стандартқа сай болатын әуежайда жолаушыларға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалады. Жаңа терминал келесі жылы пайдалануға беріледі. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін жолаушылар тасымалы бір сағатта 250 жолаушыға қызмет көрсете алады. Сондай-ақ түрлі бағыттарға ұшатын әуе рейстерінің саны артады.
Бұдан бөлек, облыс әкімі Қызылорда қаласында заманауи үлгіде салынып жатқан автобекеттің биыл жыл соңында іске қосылатынын және қаланың теміржол вокзалына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ Президентке «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын (566 км) І санаттағы 4 жолақты жолға ауыстыру жоспарланып отырғаны туралы мәлімет берілді.
Осы ретте аталған бағыттағы жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу келесі жылдан басталады.
Мемлекет басшысы қазіргі жол, шын мәнінде, өте тар екенін атап өтіп, оны кеңейту жұмыстарын тезірек бастау қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте Президент Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға мәселені бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.
Сонымен қатар Президентке Қызылорда қаласының жаңа жылу электр орталығының жобасы таныстырылды.
Былтыр Энергетика министрлігі түркиялық «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясымен Қызылорда қаласында жаңа бу-газ қондырғысын орнату жөнінде келісімшартқа қол қойды. Шетелдік инвестиция есебінен салынып жатқан жаңа ЖЭО 240МВт электр қуатын және сағатына 277 жылу қуатын өндіре алады. Жобаның болжамды құны – 215 миллиард теңге.
Президент өңірдің құрылыс индустриясын дамытуда маңызды рөл атқаратын Темірбетон бұйымдары зауытының жұмысымен танысты. «Құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС биыл іске қосқан жобаның жалпы құны – 2,6 миллиард теңге. Оның 370 миллион теңгесі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қаржыландырылған. Комбинат күніне 200 текше метр темірбетон бұйымдарын өндіреді. Өндіріске қажетті шикізаттар жергілікті жерден алынады.
Мемлекет басшысы Сыр өңіріне жұмыс сапары аясында осы өлкенің брендіне айналған күріш өндірісімен танысу үшін «Алтын орда» зауытына барды.
Кәсіпорын директоры Сағидулла Сыздықовтың айтуынша, зауыт жылына 30 мың тонна ақталған күріш өндіреді. Өнімнің басым бөлігі ішкі нарыққа, сонымен қатар көршілес елдерге өткізіледі.
Президентке Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдері таныстырылды. Көрмеге күріш өсірумен айналысатын ірі кәсіпорындардың тауар түрлері, сондай-ақ ет, сүт, кондитер және балық өнімдері, көкөністер мен жемістер қойылған.
Мемлекет басшысы Сыр бойы диқандары мен шаруаларының еңбегіне табыс тіледі. Тек күріш өсірумен шектелмей, агроөнеркәсіп саласын әртараптандыру, әсіресе, суды аз қажет ететін дақылдарды өсіру маңызды екеніне назар аударды.
Дегенмен Президент экспорттық әлеуеті жоғары дәстүрлі күріш шаруашылығын одан әрі жетілдіруге де баса мән беру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты украиналық мамандармен бірлесіп, күріштің басқа да сорттарын жерсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мемлекет басшысымен дидарласқан «Жаңажол» ЖШС төрағасы Орынбасар Төлепов кездесудегі өз әсерін былай жеткізді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде жақсы жаңалыққа қанық болдық. Сырт көзден-ақ оның дипломат адам екені көрініп тұр. Бізбен кездесіп, пікір алмасуда әр сөзін байыппен ашық жеткізді. Мәселен, алдағы уақытта күріш көлемін қысқартпаймыз дегені диқандарды, соның ішінде мені қатты қуантты. Себебі «Жаңажол» серіктестігінде 400 адам жұмыспен қамтылған. Ауылымыздағы әрбір үйден бір-бір адам шаруашылықта жұмыс істейді. Шаруашылық құрылғаннан бері ешқашан бөлінбей, ауызбіршілігін сақтап келеді. Мен осы жағын Қасым-Жомарт Кемелұлына мақтанышпен жеткіздім. Мемлекет басшысы әрқашан егіншілерді қолдайтынын және елде тыныштық болу керегін баса айтты, – деді шаруашылық төрағасы.
«Қт» ақпарат
14 қазан 2023 ж. 280 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031