Ұстаз – елдің жүрегі
Биыл ұстаздар мерекесі 5 қазан күні аталып өтіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес соңғы 4 жылда мұғалімдердің жалақысы 100 пайызға артты. Соның арқасында мұғалімнің мәртебесі көтерілді. Ыбырай Алтынсариннің ізін жалғаған ұстаздардың төл мерекесі аймақта қалай тойланатыны жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердаулетов айтты.
- Ұстаздар күнін атап өту жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес 25 қыркүйек – 10 қазан аралығында «Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын» тақырыбында барлық балабақшаларда, мектептерде, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, интернаттарда ұстаздар күніне арналған ашық сабақтар, тәрбие сағаттары өткізілуде. Сондай-ақ, мектептегі оқушылардың өзін-өзі басқару күні, колледж ұстаздары арасында дәстүрлі үстел теннисі, тоғызқұмалақ және шахматтан облыстық жарыс, барлық кітапханаларда ұстаздар шығармашылығын насихаттауға бағытталған шаралар, ардагер ұстаздармен мерекелік кездесу, білім саласы қызметкерлері арасында ұстаздар күніне орай спартакиадалар өткізілуде, - деді Бағдат Камбозұлы.
Ұстаздың мақтанышы оның шәкірті екені сөзсіз. 4 жылда халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі олимпиадаларда 37 медальді иеленген С.Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының информатика пәнінің мұғалімі Батыр Жарқын әріптестерін мерекесімен құттықтады.
- Ұстаз – ұлы тұлға ол күннің құдіретті сәулесі сияқты. Сондықтан ұлт баласын тәрбиелеген ұстаздардың кәсіби төл мерекесімен құттықтаймын! Ұстаз тек білім берумен шектеліп қалмайды. Ол – болашақ қоғамды қалыптастырады. Баршаңызды тынымсыз еңбек жолында табысты болуларыңызды тілеймін. Білімді де, білікті шәкірттеріңіз көбейе берсін, - деді Батыр Жарқынұлы.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі