Аймақта су маржандарын қорғау акциялары жүргізілуде
Аймақта балықтарды қорғау мақсатында «Таза су айдындары» және «Уылдырық шашу» акциялары жүргізіліп жатыр. Науқан 1 наурыз бен 31 мамыр аралығы болып белгіленген. Бұл мәліметті Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Жанқожа Сапаров мәлімдеді.
- Су маржандарын қорғау мақсатында «Таза су айдындары» акциясы республикамыздың барлық облыстарында өткізу жоспарлануда. Акция басталғаннан бері Қызылорда облысы бойынша тазалау жұмыстарына 253 адам қатысып, 36 арнайы техника мен 4 шағын көлемді жүзу құралы жұмылдырылып, 8845 тоннаға жуық әр түрлі қоқыс пен суда қалған 50 дана аулардың қалдықтары жиналып тиісті орындарға тапсырылды. Сондай-ақ, облыс аумағында «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясы жүріп жатыр. Акция Сырдария өзенінде 1 сәуiр мен 30 мамыр аралығында жүргізіледі. Маусым айының 10-ына дейін балық аулауға тыйым салу енгізілді. Іс-шара басталғалы 214 балық қорғау заңнамасының құқық бұзушылығы анықталып, оның ішінде 5 қылмыстық іс ішкі істер органына жолданды. 209 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 54 әкімшілік ісі сот органдарының қарауына жіберілді. Осы орайда, барлық облыс тұрғындарын браконьерлерге қарсы бірге күресуге, су маржандарын аялауға шақырамыз, - деді Жанқожа Рамбердіұлы.
@ Өңірлік коммуникациялар қызметі