1 сәуірге дейін көлік салығын төлемегендерге қандай шара қолданылатыны белгілі болды
Оңтүстік астанада 441 221 жеке тұлғаның атына 709 944 көлік тіркелген. 2022 жылға есептелген салықтың жалпы сомасы - 16,6 млрд теңге. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қуаныш Түменбаев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Төлем уақтылы жасалмаған жағдайда, әрбір кешіктірілген күн үшін қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл алынады.
«Борышкерге 30 жұмыс күні ішінде берешекті өтеу туралы хабарлама жіберіледі. Хабарландыру мерзімі өткеннен кейін берешек сомасы 1 АЕК-тен асатын болса, борышкерге 5 жұмыс күні ішінде берешекті өндіріп алу туралы салық бұйрығы жіберіледі», деді спикер.
Оның айтуынша, борышкерлерге сот орындаушылары тарапынан одан әрі мәжбүрлеу шаралары қолданылады, оның ішінде мүлкі мен банк шоттарына тыйым салудан бастап, елден тыс жерлерге шығуына шектеу қойылады.
Бұл ретте қарыз сомасына қосымша негізгі қарыз сомасының 25%-ға дейінгі мөлшерінде сот шығындары алынады.
Сондай-ақ борышкерлер банктік қызметтерді ала алмайды, оның ішінде банк шоттарын ашу, ақша аудару, несие алу және тағы басқалары.
Салық сомасын e-Salyk-Azamat мобильді қосымшасы арқылы немесе мемлекеттік кірістер комитетінің www. kgd.gov.kz интернет-ресурсында есептеп, төлеуге болады.
«Көлік салығын e-Salyk-Azamat мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады. Қосымшада «Салық әмияны» қызметі бар. Сонымен қатар бұл қосымша дайын реквизиттерді пайдалана отырып, бір уақытта төлемдерді жүзеге асыру мүмкіндігімен «алдағы төлемдер» сервисінде есептелген салық сомасын білуге мүмкіндік береді», деп түсіндірді Қуаныш Түменбаев.
Айта кетсек, салық төлемдерін екінші деңгейлі банктердің, «Қазпошта» АҚ филиалдарында немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы да төлеуге болады.