» » Шетелдік көліктерді тіркеу басталды

Шетелдік көліктерді тіркеу басталды

qarmaqshy-tany.kz КӨПТЕН КҮТКЕН ШЕТЕЛДІК КӨЛІКТЕРДІ ТІРКЕУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ. БҰҒАН ДЕЙІН САН САУАЛ ТУДЫРЫП КЕЛГЕН БҰЛ МӘСЕЛЕНІҢ ЕНДІ КҮРМЕУІ ШЕШІЛУДЕ. КӨЛІКТІ ЗАҢДАСТЫРУҒА ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ АЛТЫ АЙ МЕРЗІМ БЕРІЛДІ. БҰЛ ЕЛ АУМАҒЫНА ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ 1 ҚЫРКҮЙЕГІНЕ ДЕЙІН ӘКЕЛІНГЕН ТЕМІР ТҰЛПАР ИЕЛЕРІ ҮШІН ҒАНА ҮЛКЕН МҮМКІНДІК.

Жағымды жаңалыққа осы көлік иелері басындағы бөркін аспанға қуана лақтыруда. Дегенмен, уайымға салынып ұнжырғалары түсіп жүрген тағы бір топ бар. Олар шетелдік көліктерін 1 қыркүйектен кейін елге алып келгендер. Елімізде ондай жүргізушілердің саны өте көп. Әсіресе оң рөлді көліктер кез келгеннің тізгінінде. Олардың жағдайы не болмақ? Құзырлы орган өкілдері қандай шешім айтады? Бүгінгінің басты сауалы осы.
Алдымен бір реттік шара аясында қандай шетелдік көліктер тіркеуден өтпек, қойылатын талаптар қандай, қысқаша тоқталсақ. Қазақстан азаматтарының шекара асып, сырттан әкелген шетелдік тіркеудегі жеңіл автокөліктер, шағын, орта сыйымдылықтағы автобустар, шағын жүк көліктері мен рөлі оң жақтағы автокөліктер заңдастырылмақ. Өзгерістерге сәйкес, көлік иелері утилизациялық алым төлемейді. Тек алғашқы тіркеу үшін 200 мың теңге мөлшеріндегі бір реттік төлем жасайды. Тіркеу жұмыстары Үкімет бекіткен ережелер мен талаптарға сай жүргізіледі. Біріншіден, жоғарыда айтқандай өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінуі керек әрі ол іздеуде болмауға тиіс. Басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болуы керек. Сондай-ақ еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік, кедендік тазартудан өткен жөн. Заңдастыру туралы өтінімді Халыққа қызмет көрсету орталығында бере аласыз. Бұдан бөлек өтінішті электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы жүзеге асырылады. Тек көрсетілген құжаттарды түгел өткізсеңіз болғаны. Шетелдік көліктерді тіркеу 1 шілдеге дейін жалғасады.
Ал енді 1 кыркүйектен кейін елімізге кірген автокөліктер үшін де талап бар. Мұнда да шетелдік көліктер іздеуде болмауы керек, бұрынғы тіркелген жері бойынша мемлекеттік есептен шығарылған және кедендік тазарудан өту қажет. Яғни нөмірді алу үшін біраз сергелдеңге түсеріңіз анық. Құжаттарын толық рәсімдеп, утиль алымымен БАЖ салығын төлегеннен кейін тіркеуге қойылады. Оң рөлді көліктерге де талап осы.
Шетелден әкелінген көлікті заңнамаға сай тіркемеген жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ішкі істер министрлігі мұны әзірден ашық ескертеді. Тіркелмеген көлікті жүргізсеңіз, бірінші 10 АЕК, яғни 30 630 теңге айыппұл арқаладым дей беріңіз. Егер тағы да қайталанса айыппұлды екі есе төлейсіз. Тіпті бір жылға дейін жүргізуші куәлігіңізден айырылуыңыз мүмкін.
Жүргізушілер заңдастырудың кейбір тұстарына наразы. Олар дау тудыратын мәселелердің бірі – көлікті бұрынғы тіркелген жері бойынша мемлекеттік есептен шығарып келу. Бұл қадамға екінің бірі бара бермейтінін айтады. Астындағы көлігінің тағдырын шешуге тіпті 6 айдың өзі аз екенін алға тартады. Қазақстанда тіркей алмаған көлігіңіздің мәселесін шешудің бір ғана жолы бар. Ол көлігіңізді шетелге қайта апарып сату немесе бөлшектеп өткізу. Дерекке сүйенсек, сырттан келген көліктердің 80 пайызы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған. Соған қарағанда бұл мәселенің мүмкін ұзаққа созылар тұсы бар. Ең бастысы көлік жүргізушілер бұл даудың әлі де оңтайлы тұсын қарастырса деген тілектерін жеткізбек.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
24 қаңтар 2023 ж. 284 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031