Қызылорда облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде комиссиясында өзекті тақырыптар көтерілді
qarmaqshy-tany.kz Ағымдағы жылдың 7 желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасына сәйкес, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өткізілді.
Комиссия отырысына облыстық құқық қорғау органдарының басшылығы, қала, аудан әкімдері, «Аманат» партиясы» облыстық филиалының өкілі, жергілікті атқарушы органдар және оларға қарасты квазимемлекеттік мекемелердің басшылары және бұқаралық ақпарат құралдары қатыстырылды.
Отырыста екі сұрақ қаралды.
Бірінші, облыстың квазимемлекеттік секторында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселесі.
Квазимемлекеттік мекемелерде комплаенс-қызметін құру, аталған ұйымдарда парақорлыққа жол бермеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін жасалынған қадамдардың бірі.
Отырыс барысында, бұл саладағы проблемалық мәселелер талқыланды.
Атап айтқанда, бүгінгі күні өңіріміздегі 49 квазимемлекеттік мекемелерінің ішінде тек 9-нда ғана бөлек (дербес) комплаенс-қызметтері қарастырылған.
Сонымен қатар, комплаенс-офицерлердің тек 6-ы ғана (немесе 15%) тиісті оқытудан өткен (сертификаттары бар).
Өз кезегінде бұл жағдай, жемқорлықтың алдын алудың тиісті деңгейде атқарылмауына алып келеді және осы бағыттағы жұмыстардың сапасына кері әсерін тигізеді.
Департамент басшысы Серікжан Мырзалы, Комиссия мүшелеріне, квазимемлекеттік секторында жемқорлықтың алдын алу мақсатында, аталған мекемелерде комплаенс-қызметінің дербес штаттық бірлігін бөліп, оларды білікті кадрлармен жасақтау және тиісті оқытудан өткізуді ұсынды.
Бұдан бөлек, «Мемлекеттік басқару академиясының» облыстық филиалымен бірлесе отырып, өңірдің ірі квазимемлекеттік мекемелерінде «ISO 37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандартын» енгізу қажеттігін жеткізді.
Екінші талқыланған мәселе, жергілікті атқарушы органдармен «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» №4 үлгілік базалық бағытын іске асыру жағдайы.
Аталған базалық бағыттың негізгі мақсаты - мемлекеттік органдар ұйымдастыру жұмысының сапасын арттыру арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тиімділігін қамтамасыз ету.
Департамент басшысы өз сөзінде бұл бағыттағы негізгі кемшіліктерге, оның ішінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізілетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаулар сапасына тоқталып өтті.
Мәселен, облыстық Білім басқармасымен алдыңғы жылдарда (2020-2021ж.ж.) ішкі талдауды сапасыз жүргізу белгісі ретінде, өңірдің орта білім беру ұйымдарында сол жылдары аса ірі мөлшерде қаражат жымқыру фактілері бойынша қылмыстық істер тіркелгені және еңбек ақы қорын игеру барысында бірқатар тәуекелдер анықталғаны баяндалды.
Бұл келеңсіз жағдайларды ескере отырып, Департамент басшысы осы салада, тиісті аудит мамандарын тарта отырып сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу басталатынын жеткізді.
Облыстық Білім басқармасына, мемлекеттік аудит департаменті және тексеру комиссиясымен бірлесе отырып, өңірдің орта білім беру ұйымдарында тиісті тексеріс ұйымдастыру ұсынылды.
Сонымен қатар, қоғам ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын ескере отырып, бұл бағыттағы ақпараттық насихат жұмысын қаржыландыруды ұлғайту туралы ұсыныс енгізілді.
Отырыс барысында көтерілген проблеммалық мәселелер бойынша облыс әкімінің аппарат басшысы Ш.Баймановтың, облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы М.Қазбекованың және Білім басқармасының басшысы М.Шермағанбеттің есептері тыңдалды.
Комиссия отырысының қорытындысымен, облыс әкімі Н.М.Нәлібаевпен көтерілген мәселелер бойынша Департаменттің ұсыныстары толығымен қолданып, қала, аудан әкімдері мен салалық басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларын күшейту, жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және орын алған кемшіліктерді үстіміздегі жылдың соңына дейін жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Департамент тарапынан өңір мекемелерінің қызметінде анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қоғамның қатысуымен ашық түрде Комиссия талқылауына шығару тәжірибесі жалғастырылатын болады.