» » Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы

Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы

ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ 2022 ЖЫЛДЫ "БАЛАЛАР ЖЫЛЫ" ДЕП ЖАРИЯЛАҒАНЫ БЕЛГІЛІ. СОҒАН ОРАЙ КІТАПХАНАЛАР ДА БИЫЛ ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ҚОЛҒА АЛДЫ. АУДАНДЫҚ КІТАПХАНАЛАР АТАУЛЫ ЖЫЛҒА ОРАЙ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА КІТАПТАРМЕН ТОЛЫҒУДА. СОНЫҢ БІРІ - АҚЫН, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ БАЙБОТА ҚОШЫМ-НОҒАЙ ҚҰРАСТЫРҒАН "ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ АНТОЛОГИЯСЫ" АТТЫ ОН ТОМДЫҚ ЖИНАҒЫ.
Антология «Қуыр-қуыр, Қуырмаш», «Ағайынбыз бәріміз», «Бейбіт күн», «Ғажайып құмыра», «Балапан», «Алтын киік», «Ортаншы ұл», «Алатау ертегісі», «Қарлығаштың ұясы», «Мынау ғазиз дүние» атты он кітаптан тұрады.
Көптомдыққа қазақтың көрнекті жазушысы, ағартушы Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлынан бастап орта буын және жаңа толқын жазушы, ақындардың шығармаларымен қоса ауыз әдебиеті, тақпақтар, санамақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, әңгімелер, мысалдар, ертегілер, хикаяттар сынды әр алуан жанрдағы туындылар енген.
Сондай-ақ, антологияда автор туралы қысқаша мәлімет пен автордың фотосуреттері де бар. Қазақ балалар әдебиетінің он томдық антологиясының «Қуыр-қуыр, Қуырмаш» атты І томына ғасырлар бойы атадан балаға ауызша жеткен асыл қазынамыз – балалар фольклоры жүйелі топтастырылған. Қазақтың халық өлеңдері, жұмбақтары, жаңылтпаштары, жұмбақ-есептері, мақал-мәтелдері, аңыздар мен ертегілері енсе, «Ағайынбыз бәріміз» атты ІІ томына Ы.Алтынсарин, М.Әлімбаев, М.Жаманбалинов, Ә.Дүйсенбиев, Ж.Смақов, тағы да басқа қазақ ақындарының туындылары қамтылған. «Бейбіт күн» атты ІІІ томда қазақ ақындарының балаларға арналған өлеңдері, тақпақтары, санамақтары, жұмбақтары, жаңылтпаштары, жаңа ертегі-дастандар бар. «Ғажайып құмыра» атты ІV томы қазақ жазушыларының балаларға арналған таңдаулы әңгімелері, мысалдары мен ертегілерінен түзілген. «Балапан» атты V томына М.Байғұт, О.Бөкей, М.Қаназ, М.Қабанбай, Б.Сүлейменов, С.Оспан, С.Балғабаев тәрізді қаламгерлердің балаларға арналған әңгімелері, ертегілері, мысалдары енген. «Алтын киік» атты VІ томда С.Бегалин, М.Әуезов, М.Тиесов, С.Омаров, Қ.Қайсенов тәрізді көрнекті қаламгерлердің шығармалары жинақталған. Ал «Ортаншы ұл» атты VІІ томына М.Иманжанов, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, М.Гумеров тәрізді қаламгерлердің хикаяттары енген. Бұл том мектеп өмірі, ұстаздар қауымы мен шәкірттердің қарым-қатынасы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі партизандар ерлігі, балалар өміріндегі саналуан қызықтар әсерлі баяндалған «Алғашқы айлар», «Менің атым – Қожа», «Тәмпіш қара», «Ортаншы ұл» тәрізді белгілі хикаяттардан құралған.
«Алатау ертегісі» атты VІІІ томына көрнекті балалар жазушылары Қ.Толыбай, Ж.Тұрлыбаев, М.Етекбаев, Ә.Қалдыбаев, М.Мағауин, К.Сегізбай, М.Қаназ, П.Дүйсенбин, Т.Нұрмағанбетов, М.Байғұт тәрізді көрнекті қаламгерлердің хикаяттары енген.
«Қарлығаштың ұясы» атты томда Қ.Омарұлының «Альфа – Ақтөс», М.Қабанбайдың «Пысық болдым, мінеки», К.Қамзиннің «Айнабұлаққа ма? Айнабұлаққа...», Б.Сүлейменовтің «Хан шатырындағы кездесу немесе ертегілер әлеміне саяхат», А.Естеновтің «Сырлы дүние», С.Оспановтың «Әдемі ару», Қ.Түменбайдың «Біздің үйдің солдаттары», Б.Болатханованың «Бибіажар мен Бойтұмар» атты хикаяттары бар. Ал «Мынау ғазиз дүние» атты соңғы томына белгілі жазушылар Т.Әбдірайымның «Дала әуені», К.Оразбекұлының «Бас бармақ, Балаң үйрек, Ортан терек, Шылдыр шүмек, Кішкене бөбектің қызықты хикаялары», Д.Мамырбаеваның «Махаббаттың ақ жауыны», С.Дүйсенбиевтің «Суық жаңбыр», К.Сәттібайұлының «Жаралы жапырақтар», Ж.Шағатайдың «Ай жерге жақындаған жаз», Г.Шойбекованың «Үш бала», М.Омарованың «Ғажайып көл», Е.Жеңісұлының «Мынау ғазиз дүние», Б.Сарыбайдың «Ақтабан», Е.Тоқтарбайдың «Өмір қандай керемет!» секілді шығармалары енген.
Оқырманға, әсіресе балалар қауымына берері мол кітаптың келгеніне кітапханашылар да қуанышты.
– Қазір қазақ тілінде балаларға арналған сапалы, түрлі-түсті кітаптар көптеп жарық көруде. Мұндай кітаптар кітапхана қорында көбейген сайын оқырмандар саны да артады. Себебі, кітапханаға алғаш келген бала ертегі кітап сұрайды. Ал өзіне таңдауға ерік берсең, қызылды-жасылды әдемі безендірілген көз тартатын кітапқа қол созады. Осындай оқырманның, балалардың талғамына сай етіп дайындалған еңбектің бірі – «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы». Бұл еңбек өзінің жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Әрі бала сүйсініп оқитындай, жалығып кетпейтіндей тілі жеңіл, бірақ терең танымға толы шығармалардан құралған. Кітапхана қорының осындай орны бөлек кітаппен толыққанына біз де қуаныштымыз, – дейді аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Меруерт Бөгенбаева.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА

12 қыркүйек 2022 ж. 795 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10300)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031