» » Діннің діңгегі

Діннің діңгегі

ОН СЕГІЗ МЫҢ ҒАЛАМНЫҢ ЖАРАТУШЫСЫ, АСА ҚАМҚОР, ЕРЕКШЕ МЕЙІРІМДІ АЛЛА АДАМ БАЛАСЫНА ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ (С.Ғ.С) АРҚЫЛЫ ӨЗІНЕ ИМАН КЕЛТІРУ, НАМАЗ ОҚУ, ОРАЗА ҰСТАУ, ЗЕКЕТ БЕРУ ЖӘНЕ ӨМІРІНДЕ БІР РЕТ ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРУ СЕКІЛДІ БЕС ПАРЫЗДЫ НӘСІП ЕТКЕН. СОНЫҢ ІШІНДЕ НЕГІЗГІСІ – НАМАЗ ОҚУ. ДЕМЕК, ИГІ МҰСЫЛМАН БАЛАСЫНЫҢ ҚҰДАЙ АЛДЫНДА АТҚАРАР АМАЛЫ ОСЫ НАМАЗ ОҚУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫМЕН ЕРЕКШЕ. ӨЙТКЕНІ, НАМАЗ ОҚУ – ҮЛКЕН ҚҰЛШЫЛЫҚПЕН БІРГЕ ҮЛКЕН САУАПТЫ ІС.
Намаз, мінәжат – діннің ең басты белгісі һәм ең басты рәмізі. Ислам дінінде ол пенде мен Раббының арасындағы тұрақты байланысты нығайтады. Сол арқылы пенде Раббысына үйренісіп, күнә-кемшіліктерінен тазарады. Бір сөзбен айтқанда намаз – пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер, барлық ізгі пенделер үшін ең басты байлық, дүниедегі ең сүйікті іс.
Алла Тағала барлық пайғамбарларға, яғни олардың үмбеттеріне де намаз оқуға әмір еткен. Ол туралы аяттар бар. Әбу Һурайра (р.а.) Алланың елшісінен (с.а.с.) мынадай хадис естігендігін айтады: «Қиямет күні пенденің ең алғаш есеп беретін амалы – намазы, егер ол дұрыс болса, құтылып, сәттілікке жетеді. Ал ол бұзылса, тұтылып, опық жейді» деген.
Жәннаттың кiлтi – намаз десек, ал намаздың кiлтi – дәрет. Бірде Алланың елшісі сахабаларына «Қараңдаршы, егер біреулеріңнің үйінің алдында бір өзен болып, ол күн сайын сонда бес рет шомылатын болса, оның бойында кір қала ма?» деп сұрапты. Сонда сахабалар «Жоқ, кірінен ештеңе де қалмайды» десіпті. Сонда Алланың елшісі «Міне, бес уақыт намаз да сондай, Алла олар арқылы қателіктерді кетіреді» деген екен.
Ислам діні күнделікті бес уақыт намазды мұсылманның барлық уақытын сергек әрі қырағы қадағалауы үшін бір-біріне жақын етіп реттеген. Сонда намаз желіктің желі соғып, әуейілік пен азғыру бой көтерген сайын қорғап, сақтап отыратын сенімді қорғаушысына айналған.
Намаздың ұлы он қасиеті болса, соның алғашқысы жаманшылықтан тыйған. Яғни Құран кәрімде «(Ей, Мұхаммед!) Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды» делінген. Екінші қасиет – Алла құзырында ең сүйікті іс – амал. Бұл туралы Ибн Аббастан жеткен хадисте «Пайғамбарымыздан сұрадым: «Алла құзырында ең сүйікті амал қайсы?» дегенде, ол «Уақытында оқылған намаз» деген екен. Үшінші қасиеті – күнәларды өшіреді. Төртінші қасиеті – намаз оқушы адамның екі дүниеде жүзі нұрлы болады. Пайғамбарымыз хадисінде «Кімде-кім бес уақыт намазға мұқият болса, қиямет күні ол құтылады әрі намазы оған дәлел болады және Алла оған бір нұр нәсіп етеді. Ал егер кімде-кім намазға салғырт қараса, оның нұрын алып қояды әрі дәлелі болмайды және қияметте құтылу жоқ. Ол қиямет күні Перғауын, Қарун, Һаамаан, Абу ибн Халафпен бірге болады» делінген. Бесінші қасиет – Алла алдында адамның дәрежесі өседі. Яғни Пайғамбарымыз «Сәждені көбірек жаса, әр сәжде жасаған сайын Алла сенің дәрежеңді жоғарылатады және сенің күнәңді өшіреді» деген. Алтыншы қасиет – Пайғамбармен жәннатта бірге болады. Бұл туралы Пайғамбарымыздың Рабиға ибн Асламиден жеткен хадисінде «Пайғамбарымызбен түнеген едім, оның қажетіне жарап, дәрет суын әкеп бердім. Сосын ол «не сұрайсың?» деді. Мен «Сенімен жәннатта бірге болғым келеді» дедім. Сонда Пайғамбарымыз «Көп сәжде қылумен (намаз оқумен) өзіңе жәрдем қыл» деп өсиетін айтқан екен. Жетінші қасиет – намазға барған әр қадамына сауап жазылады. Пайғамбарымыз мүбарак хадисінде «Кімде-кім үйінен тазаланып Алланың үйіне Раббысының парыздарын өтеу үшін жаяу шығатын болса, бір басқан қадамы күнәсін кешірсе, екінші басқан қадамы дәрежесін өсіреді» деген. Сегізінші қасиеті – адам мешітке барған сайын Алла Тағала ол үшін жәннаттан жаңа жай дайындайды.
Тоғызыншы қасиеті – жамағат намазының сауабы жалғыз оқыған намаздың сауабынан жиырма жеті есе көп. Пайғамбарымыз осы турасында «Жамағатпен оқылған намаз, жалғыз оқылған намаздан жиырма жеті саты жоғары» деп жамағат намазының артықшылығын айтып кеткен екен. Ал оныншы қасиеті – мешітке ерте барудың сауабы жазылады. Пайғамбарымыз өзінің үмбетін мешітке ертерек шығуға шақырған. Осы туралы Абу Һурайрадан келген хадисте Пайғамбарымыз «Егер адамдар азан айту мен бірінші сапта намаз оқудың сауабын білсе, сол сауапқа жету үшін таласты тек жеребе тастаумен ғана шешуге болатын болса, жеребе тастар еді. Егер мешітке ерте барудың сауабын білсе, онда оған жету үшін жарысар еді. Әрі егер құптан мен таң намазында қандай сауаптың бар екенін білген болса, онда оған еңбектеп болса да келер еді» деген.
Иә, Алла – уәдесінде тұрушы! Намаз оқыған адам Жәннатқа кіреді. Алла Тағаланың құлдарына парыз еткен бес уақыт намазы бар. Кімде-кім бұларға салғырт қарамай, ақысымен толық орындайтын болса, Алла Тағала ондай пендені Жәннатқа кіргізетініне уәде еткен сөзі бар. Ендеше иманымыз берік, намазымыз толық болғай.
Өміржан ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ,
аудандық Қармақшы ата мешітінің бас имамы
31 тамыз 2022 ж. 559 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 313

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 412

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930