Мәжіліс депутаты халықпен кездесті
Апта басында өңірдегі ахуалмен танысып, халықпен тілдесу мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Балайым Кесебаева және облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов арнайы іс-сапармен ауданға келді. Олар аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Дастан Бухановпен бірге шалғай ауылдарды аралап, тұрғындармен тілдесті.
Кездесудегі негізгі мақсат – халық үніне құлақ түру, тұрғындардың пікірін тыңдап, әлеуметтік-экономикалық дамуын көзбен көру. Алдымен халық қалаулылары аудан іргесіндегі Қорқыт стансасындағы темір жол бекетінде болып, тұрғындармен жүздесті. Елді мекенде 200-ге жуық халық тұрса, шойын жолда нәпақасын тауып отырған ауылда мектеп жоқтың қасы. Небәрі 4 сыныптық мектептің өзі апаттық жағдайда. Оған бару үшін оқушылар темір жолдың үстін кесіп өтуге мәжбүр. Ауыл тұрғындары осы үлкен мәселені мәжіліс депутатына жеткізіп, бір шешімін табуды сұрады.
Одан кейін халық қалаулысы аудан орталығындағы тарихи өлкетану музейінде жастармен кездесіп, олардың көкейдегі сауалдарын тыңдады. Қазір мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты – азаматтардың дербес тұлға болып қалыптасуына қажетті құқықтық экономикалық ұйымдастырушылық жағдай жасау. 2014 жылдан бастап аудан көлемінде жастар саясатын жүзеге асыру және жастарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында 12 ауылдық округ, 2 кентке барлығы 14 штат бірлігі бөлініп, 14 жастар ісі жөніндегі мамандар жұмыс атқаруда. Сонымен қатар жастарды шағын және орта бизнеске жан-жақты тартуда мемлекеттік бағдарламалар, қайтарымсыз гранттар және жеңілдетілген несие беру арқылы қолдаулар көрсетіліп отыр. Кездесуден соң мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясы ғимаратында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген кенттің бір топ ардагері мал жайылымдық жерлерді қарапайым халыққа қайтару, әйелдердің зейнет жасын төмендету сынды пікірлерін ортаға салды.
– Әйелдердің зейнет жасын төмендету көптен бері қаузалып келе жатқан күрделі мәселе. Бірақ бұл мәселе аяқсыз қалмайды деген үміттеміз. Ауылдағы әйелдердің тұрмыс-тіршілігі, жағдайы басқамен салыстыруға келмейді. Сол үшін бір жақты болып қалмай шешілуі қажет, – деді халықаралық Казақ тілі қоғамы аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева.
Мұнан соң кезекті іс-сапар Қармақшы ауылы мен Қызылтам стансасында жалғасты. Халық қалаулысы мұндағы ауыл тұрғындарының талап-тілегіне құлақ асты. Мұндағы халық судың жайы мен ауылдық клуб үйін жаңартуды басты мәселе етіп көтерсе, қызылтамдықтар кіреберіс жолға жөндеу жұмысын жүргізу, электр жарығын толық тартуды тілге тиек етті. Ел аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Балайым Туғанбайқызы өз кезегінде өзекті мәселелерді билікке жеткізетінін айтты.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ