«Спутник Лайт» вакцинасы жеткізілді
Облыста «Спутник Лайт» препаратымен ревакцинациялау басталды. Осыдан бірер күн бұрын оның 8 мың дозасы аймаққа жеткізілген.
Өңірде ревакцинация жұмыстары белсенді жүргізілуде. 39 537 облыс тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын қабылдаған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов хабарлады.
– Қазіргі таңда өңіріміз «қызыл» аймақ қатарында. Індет жұқтырушылар қатары күн сайын артып барады. Осы күрделі кезеңде тұрғындарды вакцинациялау маңызды. Бүгінде 1 компонентін алғандар 92,6 пайыз болса, ІІ компонентімен 87,8 пайызды құрады. Ал облыстағы 39 537 тұрғын ревакцинациядан өтті. Сондай-ақ өңірімізге 8 мың доза «Спутник-Лайт» вакцинасы жеткізіліп, барлық емханаларға жөнелтуде. Ал «pfizer» вакцинасын 22 333 тұрғын қабылдады. Жалпы барлық емханалар штаттық режимде жұмыс істеуде, – деді Жангелді Шайымбетов.
Облыста індеттің ірі ошағы Қызылорда қаласы екен. Аудандар үлесі бойынша індет ошақтары Шиелі және Жаңақорғанда анықталған. Жас ерекшеліктері бойынша 20-29, 30-39 жас аралығындағы жастар арасында вирустың таралу деңгейі жоғары. Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балалар арасында белсенділік байқалады, оның ішінде 1 жасқа дейінгі сәбилердің үлесі басым. Облыста коронавирус инфекциясынан бөлек, жіті респираторлық вирусты инфекциялардың эпидахуалы күрделеніп тұр. Соңғы аптадағы көрсеткіштер өткен кезеңдермен салыстырғанда 1,5 есеге артқан.
Айта кеткен жөн, ауданға «Спутник Лайт» препаратының 300 дозасы келген. Байқоңыр қаласына да 300 доза келіп, қазіргі таңда барлық доза салынып бітіпті.
Айнұр ӘЛИ