Мемлекет басшысы Таулы Қарабақтағы оқиғалар жайлы пікірін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басқа ел президенттерінің назарын қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге аударды. Оның пікірінше, мемлекетаралық қатынастардың шиеленісу және өзара сенімсіздік жағдайында орнықты даму мен ілгерілеу мүмкін емес, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Әзірбайжан президенті Ильхам Гейдарұлы Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Воваевич Пашинянның бірлесе күш салуымен, Владимир Владимирович Путиннің белсенді араағайындығымен Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы келісім жайында тағы бір рет атап өткім келеді. Бұл қалыптасқан күрделі жағдайдағы ең дұрыс шешім болды. Аталған тарихи келісім өңірде ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға ықпал етеді деп үміттенемін. Шын мәнінде, Достастық ұйымы құрылғалы бері саяси атмосфераны улап келген посткеңестік кеңістіктегі қақтығыс ошағының оты сөндірілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы осындай қиын-қыстау кезеңде елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың маңызы арта түседі деп санайды.
"Иә, біз бір-бірімізден экономикалық әлеуетіміз тұрғысынан ерекшеленеміз. Біздің тарихи көзқарасымыз, Таулы Қарабақтағы қақтығыс көрсеткендей, тіпті, геосаяси көзқарасымыз да әртүрлі болуы ықтимал. Дегенмен, ең бастысы, біздің халықтарымыз бейбіт жағдайда өмір сүріп, бір-бірімен достық қарым-қатынаста болғысы келеді. Біздің міндетіміз – халықтарымыздың арасына сына қағылуына жол бермей, өзара тиімді ынтымақтастықты арттырудың жолын іздеу, қазіргідей стратегиялық құбылмалы жағдайда ТМД елдерін жақындастыру. Біз пандемиядан кейінгі кезеңде оның барлық сын-қатерлері мен ауыртпалықтарын еңсеруде көпжақты ықпалдастық мәселесін ойластыруымыз керек", – деді президент.