» » Көпшіл болу һәм балаға үмітпен қарау

Көпшіл болу һәм балаға үмітпен қарау

– Әне, тағы да ерітіп келеді.
– Білдік қой, сөйтетінін.
– 1, 2 бала болса ештеңе етпес, дап-дардай төртеуін әкелгені несі?
– Балаларын тастап кетсе болмас пе еді?
Иә, бұл үй иелерінің ара-тұра берер қонақасына көпбалалы жақынының баламен келгенін жақтырмаған сыңайы. Жақтырмайтындай Гүлсара (аты өзгертіліп алынған) анау айтқандай жаман әйел емес. Пысық. Жоқтан бар жасайтын келіншек. Жасы кіші болғанымен жолы үлкен. Үлкен екенмін деп төске шауып, төрге озбайды. Өзі талдырмаштай ғана. Жеңіл қозғалады. Шапшаң қимылдайды. Киген киімі де, таққан орамалы да жарасымды. Ет жақындарының той-томалағы мен ас жиынында қыпша беліне алжапқышты байлап алып, қазан-ошақтың қасында жүреді. Кімнің үйіне барса да солай. Ыдыс-аяқты жуып, соңынан тазалап кетеді. Істеген ісінен ілік тапсайшы. Тек жұрт ойлап тапқан, мін қып таққан бір кемшілігі бар. Әлгілердің «пыш-пыш» әңгімесінен соң мұны айып дерсің. Сонымен не дейсіз бе? Ол – қай жерге барса да балаларымен баратыны. Жұрт жақтырмайтын «жаман әдеті» осы. Салдарынан жақсы ісі үнемі көрінбейді. Неге? Не үшін? Мүмкін жүгірмектері мазасыз, бұзық болар. Әлде тәртіпсіз бе екен? Қынжылтқан көп сұраққа тек көргенде ғана жауап алуға болар. Мұны сырттай бақылауға тура келді.
Көз тимесін. Ұлдары алтын асықтай. Төрт құбыласы ғой. Әкесіне тартқан ба, жауырынды жігіттер екен. Келе сала бәрімен қол беріп, амандасып шықты. «Амантай атам», «Ақылбек көкем», «Асқар ағам ғой» деп туыстарын көріп, төбесі көкке жеткендей. Үлкені анасы секілді елпілдеп самаурынға шөпшек бұтап, шоқ салуға кіріссе, ортаншысы құман ұстап қолға су құйып жүр. Ал кішкентай екеуі «біз не істейік, көмектесейік пе?» деп қарап тұр. Қонақасыны «билеп, төстеп» жүрген қабағы қатулы апамыз:
– Аяққа оратылмай әрі барыңдар, сендерге қалған жұмыс жоқ, – деп кеуделерінен итеріп жіберді.
Әдетте кісі шақырсақ кішкентайларды бір бөлмеге қамап қоямыз ғой. Қонақтың мазасын алып, берекесін қашырмасын деп. Бұл мейманға деген ең зор құрметіміз. Сондай шағын бөлмеге кірген екеу қонақ тарқағанша сыртқа шыққан жоқ. Ештеңе ішіп-жемеді. Аратұра мейірімділердің көзі түссе «мына балақайларға бірдеңе бермедіңдер ме?» дегені болмаса, «жеңдер» деп ұсынып жатқан ешкім жоқ. Жұдырықтай жүгірмектер ырысын ішсе, қазан ортайып қалмас. Жә, тамақ үшін келмегені аян. Дәм тату, татпау. Айтпағым бұл емес, әлгі балалардың ерекшелігі. Төртеуі түгел туыстың үлкен-кішісін таниды. Жеңгелеріне еркеліп, әзіл жарастырады. Ағаларының ақылын тыңдайды. Жөн жоралғыны біліп өсіп келеді. Сол әулетке қызмет етуге бар.
Нағашы-жиен, бөле, бауыр емес, апа-жезде, аға-жеңгесін танымайтындар бар қазір. Осындайда бас қоспаса бауырлар күнде кездесіп жатқан жоқ. Араласпаса, бірін-бірі іздеп бармаса бауырды қайдан білсін? Ешқашан бала ерітпейтінін айтып мақтанды сол жерде тағы бір апамыз. Оны да жақсы танимыз. Балалары кісімен сәлемдесуді білмейді. Туыстарын танымайды. Мұнан кейін қалай ауызбірлік, бауырмалдық туралы әңгіме айтуға болады. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген. Адамның жаңылғаны ма, пейілі тарылғаны ма?
Бала десе бауыр етіміз елжіреп, бар дүниені солардың жолына сарп етуге бармыз. Не істесек те бала, соның болашағы үшін. Олардың бір тал шашына зақым келсе шыбын жанымыз шырқырайды. Өтірік деп көріңіз. Бірақ сол үмітімізге үзіліп жетіп, жалғасымыздан неге соншалықты безірейміз? Бұрын ата десе жанына немересін еріткен, әже десе бұрымдысының басынан сипаған ақ жаулықты елестейтін. Қазір ше?
Абай, Шоқандар атасының жанында жүріп, өсиетін тыңдап, ұлағатын ұғынып, дана болған жоқ па? Біз сондай даналарымызды өзіміз даралай алмай жүргендейміз.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
25 ақпан 2020 ж. 698 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031