» » Көпбалалы аналарға 20 млн теңге несие беріледі

Көпбалалы аналарға 20 млн теңге несие беріледі

Бұл ақшаны аз қамтылған отбасылар сән-салтанат затын сатып алуға, той-томалақ өткізуге, шетелге қыдыруға және басқа да тұтынушылық мақсатқа жұмсай алмайды, тек жаңа кәсіп ашуға немесе бұған дейінгі кәсібін кеңейтуге  бағыттауға тиіс.  Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен, қала түгіл, ел тарихында бұрын болмаған жаңа бағдарлама әзірленді.


Алматылық аз қамтылған отбасыларды қолдаудың өңірлік бағдарламасы Iskerana деп аталды. Бағдарлама жағдайы төмен аналардан бизнесвумен жасау сатыларын қарастырады: өз компаниясын тіркеуден бастап, кәсіпкерлік негіздері бойынша курстар, бизнес-жоспар құру, өз бизнесін ашуы, грант немесе микрокредит алуы, сондай-ақ жұмысқа орналастыруда заңгерлік және психологиялық көмек көрсетуден тұрады.  Оқыту тегін, әрі онлайн және офлайн жүреді деп жоспарланған.  Алматы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың түсіндіруінше, семинарларда аналармен тәжірибе алмасуға белгілі кәсіпкерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары, сала мамандары тартылады. Бір күндік семинарлардың әрқайсысы орташа есеппен 4 сағатқа созылмақ.
Семинар қорытындысы бойынша барлық ниет білдіруші аналарға өз компаниясын тіркеу және одан әрі Qoldaý кәсіпкерлік орталығының сүйемелдеуіне қол жеткізу бойынша көмек көрсетіледі. Әрине, бизнес үшін ең керектісі – қаражат. Сондықтан жаңа бағдарлама аясында Almaty микроқаржы ұйымы арқылы аз қамтылған аналарға несие таратылады. Almaty МҚҰ 20 млн теңгеге дейін жобаларды қаржыландырады. Несие бизнестің айналымдық қаражатын толықтыруға, шағын және орта кәсіпорын үшін негізгі құрал-жабдықтарды сатып алуға, жаңа өндірістерді құруға және бизнесті қолдау мен дамытудың басқа да мақсаттарына беріледі.  Қарыз тек теңгемен ұсынылады. Бұл ретте аз қамтылған көпбалалы аналардың жобаларына кредит жылдық 2% сыйақы мөлшерлемесімен беріледі. Оны 84 айға дейін алуға рұқсат. Осал топтардың өзге өкілдеріне мөлшерлеме 7% болады. 
Арзан несие алушылар тізіміне қалай кіруге болады? Бұл үшін аз қамтылған отбасылардың тізімін жергілікті жұмыспен қамту мәселелеріне жауапты меморган ай сайын Almaty МҚҰ-ға ұсынып отыруға тиіс.  «Кредиттер кепілмен қамтамасыз етілген және қарыз алушы Almaty МҚҰ ішкі талаптарына сәйкес келген жағдайда беріледі. Жеткілікті кепілзаты жоқ кәсіпкер қаржылық лизинг құралын пайдалана алады және жаңадан құрылатын шағын өнеркәсіптік паркте бизнесін жүзеге асыра алады. Ол паркте ғимаратты жалдаудың жеңілдетілген шарттары белгіленеді. Осылайша кәсіпкерге бизнес жүргізуі үшін екі негізгі жағдай жасалады: үй-жай беріледі және жеңілдетілген  несиемен қамтамасыз етіледі», – делінген бағдарламада. Мұның сыртында жарты млн теңгеден астам қайтарымсыз ақша ұсынылады: «Еңбек» бағдарламасы аясында аз қамтылған көпбалалы отбасы мүшелеріне, оқу курстарынан өткен аз қамтылған мүгедектерге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруы үшін ақысыз және қайтарымсыз грант беріледі. Оның көлемі 200 АЕК немесе 505 мың теңге.  Грантты алу үшін үміткер халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш, жеке куәлігі, бизнес-жоспары, бағдарлама аясында оқудан өткенін растайтын сертификат секілді құжаттарын тапсыруы керек. 
Қала әкімдігінің дерегінше, Алматыда 14 мың 612 көпбалалы ана тұрады. Оның 4 мың 533-і «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Қазір олар мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылып жатыр. Мәселен, 3 мың 283 отбасының 1-3- баласына 96 мың теңгеден, ал төртінші және одан көп балаларына 159 мың теңгеден біржолғы жәрдемақы төленген. 14-22 мың теңгеге дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақыны 8 мың 495 отбасы алады. Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған 6 569 отбасыға 31 мың теңгеден астам ай сайынғы жәрдемақы ұсынылады екен. Асыраушысынан айырылған отбасыларға ай сайынғы жәрдемақы қарастырылған: бір балаға – 25 мың теңгеден астам; екі балаға – 44 мың теңгеден астам; үш балаға – 55 мың теңге; төрт балаға – 58 мың теңгеден астам; беске – 60 мың теңге; алты және одан көп балаға – 63 мың теңгеге жуық. Бұл жәрдемақымен 14 579 адам қамтылған.   Шамамен 25 мың әлеуметтік осал азаматқа, оның ішінде мүгедектерге, аз қамтылған азаматтарға және көпбалалы отбасыларға қосымша әлеуметтік қолдаудың 13 түрі көрсетіледі. 2017 жылы 2 мың 129 отбасы, 2018 жылы – 2 мың 282 отбасы, 2019 жылы – 1 мың 607 отбасы тұрғын үй көмегіне қол жеткізген. АӘК-ті 2017 жылы – алматылық 72 отбасы алса, 2018 жылы бұл сан 569 отбасыға, ал 2019 жылы – 7 мың 984 отбасыға дейін артыпты. Кәсіпкер Торғын Асанова құжат жүзінде бәрі жақсы, бірақ тәжірибеде бағдарлама табыстары сонша оптимизм тудырмауы мүмкін дейді.  «Себебі, мысалы, Almaty МҚҰ аналардан кепілзат талап етеді. Ал онсыз да қаптаған қарадомалақты асырауға бар тапқанын жұмсап жүрген анада 20 миллиондық несиеге кепілзат қайдан табылсын?!
Жалпы, Iskerana бағдарламасы аясында қазірден тренингтер ұйымдастырылуда. Аналарды аспаздыққа, визажға, тоқуға және моншақ жасауға үйретіп жатқан көрінеді. Мұндай мамандар Алматыда онсыз да көп қой. 45 күн бойы, күніне екі рет қазақша және орысша өтетін онлайн семинарларға блогерлер, эстрада жұлдыздары шақырылады екен. Заңда да, бағдарламада да ол «жұлдыздар» мен блогерлерге ешқандай жауапкершілік жүктелмейді, тек ынталандырса және кеңес берсе болғаны. Қарапайым тілмен айтқанда, олар екі сағат «болтать» етіп, сұраған ақшасын қалтасына басады да кете барады. Сол сапырған сөзден практикалық тиімділік болды ма, болмады да, ешкім бас қатырмайды. Ал қатысу міндет. Ананың есіл кеткен уақыты ғой!» – дейді Торғын Асанова.
Оның байламынша, бала күтімімен білім алуға, әлеуетін жүзеге асыруға, бизнес ашуға мүмкіндігі болмаған аналарға көмектескен дұрыс. Бірақ ананы мазаққа айналдыруға, ал оған арналған бағдарламаны көлденең көк аттылардың табыс табу көзіне айналдырмаған жөн.

Жанат Ардақ

12 қараша 2019 ж. 937 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031