» » АҒАРТУ САЛАСЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР

АҒАРТУ САЛАСЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР

Аудандағы алғашқы мектеп 1895 жылы екі сыныптық «орыс-қазақ түземдік училищесі» деген атаумен Қармақшы қыстағында ашылды. «Қосқорған» аталған аумақ бұл кезде Ресей империясының ықпалымен «Қармақшы форт-2» атауын алып, Қоқан билігі үстемдігінен біржола құтылған уақыт еді.
Қазақ сахарасында мектеп ашу ісі патша өкіметінің уақытындағы жергілікті әкімшілік аппараты – болыстар мен ауылнайлар жанында орыс тілін білетін тілмаштар мен іс қағаздарын жүргізетін, орыс тілінде сауаты бар адамдардың қажеттілігінен туындап еді.
1864 жылдың 8 қаңтар күні Торғай даласында алғаш Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептің жұмыс тәжірибесі орыстың белгілі шығыстанушы ориенталистері Василий Василиевич Григорьев, Николай Иванович Ильминский, Александр Ефимович Алекторов сияқты орыс зиялыларынан қолдау тауып, әр жерде осындай мектептердің ашылуына жағдай туа бастаған.
Бұл құбылыс әсіресе 1886-1889 жылдарда Бөкей ордасында жүйелі жүрді десе де болады.
Тарихтан белгілі болғанындай, бұл кезде шалғай жерлердегі қазақы ортадан мектеп ашудағы патшалық империяның саясаты да бөлек болатын. «Бір ұрты ішінде» дегендей, бұл олардың өздері «бұратана» атаған жұрттың балаларын орысша оқыту арқылы өз дініне, өзінің дәстүрлеріне бейімдеп, боданындағы елдерді жаппай орыстандыру саясатын жан-жақты ойластыра бастаған мезгілі еді.
Қалай болғанда да қазақ даласынан осындай мектептердің ашылуы халықтың сауатын ашуға елеулі септігін тигізіп, алғашқы қазақ зиялыларының шоғырын қалыптастыруға негіз қалады десек болар. Білім беру ісіндегі алға басушылық, елдің әлеуметтік дамуындағы жаңа қадамдар жасала бастады деп қарау да артық болмас.
Сонымен Қармақшыдан ашылған алғашқы мектепке әрі меңгеруші, әрі мұғалім болып Сырдария облыстық халық училищесінің инспекциясынан М.Широков деген кісі өзінің сұрауы бойынша келген еді. Бұл кісі өзінің білім тәжірибесін елді сауаттандыру ісіне арнаған алғашқы жерлесіміз болатын.
Михайл Тарасович Широков кейінгі кеңестік дәуірде Қазақ КСР Оқу министрлігінде қызмет атқарып, өмірінің соңына қарай елге келіп, облыста оқу-ағарту жүйесін қалыптастыруға елеулі еңбек сіңірді. Облыстық білім жетілдіру институтында методист бола жүріп, оқыту жүйесінің озық әдіс-тәсілдері мен оқушылардың икем дағдыларын қалыптастыруға байланысты жұмыстарда көптеген жаңа бастамаға ұйытқы болды. Өзінің саналы ғұмырын халық ағарту ісіне арнаған оның еңбегі бағаланып, «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мұғалім» құрметті атағын иеленді.
Мектепті қаржыландыру үшін Қармақшы жеріндегі 8 болыс елден үй басына 50 тиыннан ақша жиналды. Себебі патша үкіметінің қазақ жерінен ашылған мектептерге бөлген қаржы көлемі тым мардымсыз еді. Жиналған қаражат мұғалімді ұстау мен мектептің түрлі шаруашылық істеріне жұмсалды. Мектеп жұмысын толық жолға қою үшін 1900 жылға дейін Широковпен бірге Максимов, Ермұхамбетов деген кісілер балаларды оқытудың, оларға білім берудің маңызы жөнінде халық арасында үгіт жасап, түсінік жұмыстарын жүргізді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде алғашқы 20- 25 баладан жыл сайын өсіп, екі сыныпқа 35-40 балаға дейін оқуға тартылды.
Әрине, онсыз да «орысша оқып, кәпір болып кетуден» қорыққан халықтың арасында түрлі алып қашпа әңгімелер жүргізіп, оқу жұмысына кері әсерін тигізушілер де болмай қалған жоқ. Оқуға тартылған балалардың кейбірі сол екі сыныпты да аяқтамай кетіп қалып жататын кездер болды.
Мектеп ашылғаннан он жыл кейін, яғни 1905 жылы мұғалім әрі меңгеруші болып Ыбырай Қасымов келді. Ол Ташкенттегі оқытушылар семинариясын бітірген жерлесіміз еді.
Ыбырай Қасымов 1880 жылы 13 мамыр күні дүниеге келіп, 1937 жылы жабылған жаладан қуғын-сүргін құрбандары қатарына іліккен. Ол туралы ерекше тоқталып отырған себебіміз, 1895 жылы ашылған түземдік мектеп 1909 жылы «Ыбырай тірек мектебі» атауын алған. 3 класс бөлмесі, 2 интернат үйіне арналған бөлме, асхана және мектеп меңгерушісінің өзі тұратын бөлмелері болған бұл ғимарат, бұрынғы үлкен кісілердің айтуы бойынша, шамамен қазіргі Қорқыт ата мен Қармақшы көшесінің қиылысқан жерінде, бұрынғы Фрунзе мектебі тұрған аулада болған сияқты.
Ыбырайдың ататек шежіресіне көз жүгіртсек, Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың баласы Ералы, одан Бөлекей, одан Қасым туады. Қасымнан Елкей, одан Ыбырай болып тарайды, яғни Елкей ханның баласы. Ал Елкей ханның сүйегі Сырдария мен Қараөзектің қайта түйілісетін бұғазға таяу жерде Анакөл жолайрығының терістік батысындағы қорымда жатыр.
Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының Қармақшы учаскелік өкілі бола жүріп, бұл кісі де «Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалім» атағын алған аудандағы ағарту саласының алғашқы белгілі тұлғаларының бірі.
Мектеп ашылған уақыттан 1917 жылға дейінгі 22 жылда 106 бала осы мектептен екі сыныптық білім алып шықты. Бұл кезде мектепте оқушы саны 50-ге жетіп, Жүніс Үсенов, Найман Өміртаев, Мәдина Қасымова, Әбдікәрім Жүсіпбаев, Хамит Мұхамбедияров деген кісілер Қармақшыда ағарту ісі қызметкерлерінің алғашқы армиясын қалыптастыра бастады.
1917 жылы ел өміріне келген үлкен өзгерістің әсері ме екен, мектеп «ұлттық тұңғыш бастауыш қазақ мектебі» деген жаңа атау алды.
Кейін 1924 жылдарға дейін ауданда ревком мүшесі болған Тебеген Қожаназаров осы мектепте оқып, 1910 жылы үздік бітіріп шыққандығы туралы деректер бар. Қазір Жосалы кентінде Тебеген Қожаназаров атына көше берілді. Бұл кісі Абай атындағы педагогикалық университеттің профессоры, филология ғылымының докторы белгілі жерлесіміз, марқұм Темірхан Тебегеновтің әкесінің ағасы еді.
Осы арада жерлесіміз Темірханның «Ақжарым – ауылым, алтын бесігім» кітабынан бір үзінді келтіре кетуді жөн көріп отырмын: «Ең бастысы – оқу орны түлектерінің орысша сауатты жазуын және орысша еркін түсінуін, сөйлеуін меңгеру болды. Энциклопедиялық дерек бойынша Қармақшы мектебі алғашында өзбек саудегері М.Меркежановтың 7 бөлмелі үйіне орналасты. Кейін 1909 жылы жеке үйдің іргесі қаланып, онда 20 балаға арналған интернат ашылды. 1929 жылы 570 бала білім алды. 1962 жылы мектепке Ш.Уәлихановтың есімі берілді. Қармақшы мектебінің түлектері қатарында 4 академик, 14 ғылым докторы, 50- ден астам ғылым кандидаттары шықты» (аталған кітаптың 34-бетінде).
Ал 1898 жылы Жосалы поселкесінде теміржол жұмысшысы отбасында дүниеге келген Үсен Томанов осы мектепті 1916 жылы ойдағыдай аяқтап, 1918 жылы Қазалы қаласындағы «Қызыл гвардияшылар» қатарына алынған. Чапаев дивизиясының құрамында ақ гвардияшыларға қарсы күресте ерлік істерімен танылып, 1921-1935 жылдар арасында ауданда әртүрлі басшы орындарда жауапты қызметтер атқарды. Қазір аудан орталығындағы №183 мектеп осы кісінің есімімен «Үсен Томанов атындағы қазақ орта мектебі» деп аталады.
1918 жылы төрт-жылдық мектеп болып ашылып, балалар I, II сыныптарда 2 топтан, III сыныпта 1 топ, барлығы 5 топқа бөлініп оқыды. Мектепте осы жылдары оқыған түлектердің қатарында белгілі ақын Бисенбай Қасқырбайұлының аты айтылады.
1921 жылы IV сыныпты 4 бала, 1927 жылы 6 бала оқыған болса, 1928 жылы мектепті 11 бала бітіріп шығады.
1930-1931 оқу жылынан бастап мектепке «4 кластық колхоз жастар мектебі» деген атау берілді. Бұл жылдары мектеп меңгерушісі Ағыбаев деген кісі болды. Тарихтан белгілі, бұл кез 1929 жылғы өзгеріске сәйкес бұрынғы араб қарпіне негізделген төте жазу әліпбиінен латын қарпіне көшкен уақытқа сәйкес келеді.
1932 жылы мектепке Бодық Төлебаев, 1935 жылдары оқытушылар институтын бітірген алғашқы жоғары білімді мұғалім Ақбердин басшылық етті. Сонымен бірге мұғалімдер ұжымы Қалабай Жүсіпов, Қызылорда педагогикалық училищесін бітірген Сұлтан Тұрғанов, Сейіт Атаханов тағы басқа жастар легімен толықтырылды.
1936-1937 оқу жылы VII сыныптық мектеп болып, «Қармақшы қыстақтық орталау мектебі» аталды да, келесі 1938 жылдан бастап Молотов атындағы қазақ орта мектебі болды.
Алғашында орталау мектепті бітірген оқушылар училище, техникум сияқты оқу орындарына кетіп, 9-сыныпқа бала табылмаған да кездер болды. Соған қарамастан мектепте 570 балаға 30-ға жуық мұғалім түрлі пәндерден сабақ беріп, оқу жұмысы бір арнаға түсті. Қазір алғаш ашылғанына 130 жылдан асқан аудандағы алғашқы білім ошағы Шоқан Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебі болып, аудан ағарту саласының қара шаңырағы атанып тұр.
1940 жылдарға қарай қыстақта 4 мектеп, 1 теміржол мектебі, жетім балаларға арналған 2 балалар үйі ашылды. 4 мектептің үшеуі орта мектеп болды да, біреуі жетіжылдық мектеп болды. Таратып айтсақ, №26, №27 орыс мектебі, №70 жол бойы мектебі және осы күнгі өнер мектебі ғимаратында орналасқан №105 мектеп, ол кездегі атауы – Калинин атындағы жетіжылдық мектеп еді.
Бұл кезде аудан көлеміндегі майда колхоздардың барлығында дерлік бастауыш мектептер ашылып, тұрғындары көп ауылда орталау мектептер қатары пайда болған. Әрине бұған 1921 жылғы Қазақстан Советтері құрылтай съезінің сауатсыздықты жою жөнінде төтенше комиссия құру туралы Декларациясы, сондай-ақ, одақтық, республикалық Халық ағарту комиссариаттарының халыққа білім беру ісін жетілдіру, сауатсыздықты жою, аз ұлттарды сауаттандыру мектептері жөніндегі қаулы қарарлары мен мектептегі оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру туралы бірсыпыра деректік құжаттарының елеулі әсері тигені анық.
Қолымыздағы деректер бойынша 1930 жылдардың аяғында, ауданның елді мекендеріндегі майда шаруашылық артельдері мен колхоздарда 60-қа жуық мектеп болған. Олардың көпшілігі бастауыш және жетіжылдық мектептер еді. Уақыт өте келе колхоздардың іріленуіне байланысты, дәлірек айтқанда 1943 жылғы 14 ауылдық округке бөлінген 38 колхоздағы мектептердің ішінен Бестам орта мектебі, Ворошилов орта мектебі деген атауларды көруге болады. Бұлар Дауылкөл және Қосарық ауылдық советтеріне қарасты Ақжар және Ворошилов колхоздарындағы 10 жылдық мектептер еді.
Сонымен бірге бұл жылдар «Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы» заңның орындалуы басты міндет саналған.
Ірілі-уақты осындай білім ошақтарының аудан көлемінде 1924 жылдан бастап ашылғанын байқауға болады. Осы күнгі Алдашбай ахун ауылы жерінен алғаш мектеп ашқан Әбдікәрім Жүсіпбаев деген кісі жөнінде деректер бізге соны меңзейді.
Осы арада Широков пен Ыбырай Қасымовтан кейін «Қазақстанның еңбек сіңірген оқытушысы» атағын алған ауданға белгілі педагог Әбдікәрім Жүсіпбаев туралы аз-кем тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз. 1886 жылы Қазалы уезі, Қармақшы болыстығы жерінде кедей-шаруа отбасында дүниеге келіп, 1920 жылы Шымкент қаласындағы 5 айлық мұғалімдер курсын оқып бітірген бұл кісі алғашында өзінің туған ауылы Шоқтораңғыл деген жерде бастауыш мектеп ашып сонда әрі меңгеруші, әрі мұғалім болды. Қазіргі Қармақшы ауылы аумағына қарасты бұл шағын ауыл аудан құрылған алғашқы жылдарда №2 Майкөл ауылдық советі, «Абыла» колхозы деп аталған жердің төңірегінде еді.
Әбдікәрім Жүсіпбаев атамыз жас шағында ауыл молдасынан ескіше сауат ашып, байға жалшы болып жүргенінде патша жарлығымен бірінші дүниежүзілік соғысқа қара жұмысшы ретінде майданға алынады. Соның салдарынан есейгеннен кейін ғана оқу-білімге қол жеткізіп, өзінің саналы ғұмырын ағарту жұмысына арнады. Бойдағы күш-қуатын жас ұрпақ тәрбиесіне, оқушыларға тиянақты білім беру ісіне жұмсады. Заманының көптеген жаңа кадрларын тәрбиелеп өсірді.
Аудандағы революциялық комитеттің тапсыруымен 1924 жылы аудан орталығынан шалғай орналасқан Көктөбе даласындағы «Бабай» елді мекенінде Қожабай ахун мешітінің ізінен Көктөбе бастауыш мектебін ашып, оның мұғалімі әрі меңгерушісі болды. Бұл мектепті 1935 жылға дейін басқарды.
Бұдан кейін бірер жыл аудан орталығындағы мектептердің бірінде болған ол 1937 жылы аудан басшылығының нұсқауымен қайтадан №12 Қосарық ауылдық советіндегі Воршилов атындағы жетіжылдық мектептің директоры қызметіне жіберілді. 1945 жылы 10 жылдық орта мектепке айналған осы мектепте өмірінің соңғы күндеріне, яғни 1946 жылдың 2 қыркүйегіне дейін басшылық қызмет атқарды.
Көне Түпбөгет жерінде Махан молда мешітінің ізіне салынған бұл мектеп кейіннен жұрттың аузында «Ворошилов мектебі», «Ақ шкөл» деген атаумен қалған белгілі білім ошағы еді десек қателесе қоймаспыз. Бұл мектептің орны шамамен «Қуанышбай қорымы» деп аталған, қазіргі Алдашбай ахун үйтамының оңтүстік-батыс бетінде 3-4 шақырым жерде.
1957 жылы колхоздар іріленіп, Ленин совхозы құрылғанда №9 Көктөбе, №11 Құмбөгет, №12 Қосарық ауылдық советтері тарап, Карл Маркс колхозының совхоздың бір бөлімшесі болып қалды. Осы кезден «Ақ шкөліміз» қайтадан 7 жылдық №111 мектеп болып, осы күнге дейін өз жұмысын жалғастырып келеді. Мектептің Ворошилов атауы Ленин совхозындағы 10 жылдық мектепке берілді. Жоғарғыда аталған 3 ауылдық советтің тарауы да көпшілік тұрғындардың совхоз орталығына қоныс аударуымен байланысты еді.
Бұдан кейінгі іргесі 1927 жылы бастауыш мектеп болып қаланған «Бестам» мектебі. Кезінде №8 Дауылкөл ауылдық советіне қараған Сталин атындағы колхоз, «Оян», «Бозарық», «Жаңабақыт» колхоздарында колхозшылар балаларын осы мектепке оқытты. Мектеп 1936 жылы жеті жылдық болды да, 1943 жылы «Бестам орта мектебі» атанды. Бұрынғы ғимараты қазіргі Ақжар ауылындағы «Ақсай» деп аталған жерге салынған.
1945 жылдардан кейін «ҚЛКСМ-нің XXV жылдығы» атауымен белгілі бұл мектеп 1967 жылы жаңа ғимаратқа көшірілді. 1977 жылы екі қабатты типтік жобадағы мектеп үйі пайдалануға берілді. Кезінде жақын маңдағы колхоздардан орталау білім алып шыққан шәкірттер жоғары сыныптардағы оқуын осы мектепте жалғастырды. Мектеп жанында қоғамдық интернат болды.
Мектеп ұжымы Социалистік Еңбек Ерлері Қасымтай Ізтілеуов, Сәлима Жұмабекова, Қазақ КСР Ауылшаруашылығы министрінің орынбасары болған Әбдуәли Спанов, ғалымдар Берікбай Сағындықов, Нұртай Торманов, Темірхан Тебегенов, ақын-жазушылар Адам Мекебаев, Сәнімкүл Желдербаева, сондай-ақ белгілі жырау «Күміс көмей Көшенейімен» мақтанады.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінде ұзақ жыл қызмет атқарып, кейінгі өмірінде Алматы қаласында тұрған «Дүр Оңғар» ауылының азаматы Әбілда Сәрсенов марқұмның қалдырған жазбаларында «1928 жылы Жамансыр болысының «Төрткүл қорғаны» төңірегіндегі №4 ауылдан «Желдербай тірек мектебі» деген бастауыш мектеп ашылып, оның жұмысына Жүніс Үсенов (1884- 1943) басшылық етті» деген деректер кездеседі. Жұмағали Сүйінбаев, Өтеген Ерғожаев, Исабай Тәшенов, Әбен Ниетбаев, Нариман Майханов сияқты аудан халқына белгілі тұлғалар алғаш осы мектепте сабақ алғандығы айтылады.
Реті келгенде айта кетейік, Әбекеңнің «Жусанды даланың жайсаңдары» аталған осы кітабында «1928 жылдары Қуаңдария болысына қарасты, №8 ауыл атанған көне қыстауда «Кіндік арық» бастауыш мектебі ашылған. Бұл жердің тұрғындары Сталин атындағы ұжымдық шаруашылыққа біріге бастаған еді» деген деректер де кездеседі.
Жоғарыда аталған Өтеген Ерғожаев 1912 жылы туған. 1934-1936 жылдар арасында аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Біздің қолымыздағы аудандық білім бөлімінің басшылары туралы тізімде бұл кісінің аты бірінші тұр. 1936 жылы аудандық «Екпінді» газетінде редактордың орынбасары қызметінде болған.
1936 жылы 4 маусымда «халық жауы» деген жаламен ұсталып, өзінің қарапайым халық мұғалімі, қоғамдық жұмыстардың белсенді ұйымдастырушысы екендігін дәлелдеп Сталинге хат жазған. Осының нәтижесі болуы керек, 1940 жылы сәуір айында ақталып келген. Комсомол мектебінде мұғалім қызметін жалғастырған. 1942 жылы майданға аттанып, 1943 жылы соғыстан соңғы хаты келген. Хабарсыз кеткендер қатарында. Өмір жолы, жайлы деректер, майданнан жазылған хаттары «Дүр Оңғар» ауылындағы мұражайда сақтаулы.
Ауданда 1960 жылдарға қарай 3 қоғамдық, 2 бюджеттік, 1 пансион интернаттар жұмыс істеді. Барлық мектепте 1-5 кластарда оқу жаңа бағдарлама бойынша жүргізілді. Оқу орындарының ең басты міндеттері – «Жалпыға бірдей міндетті сегізжылдық мектепте оқыту туралы» заңды жүзеге асыру болып табылды.
Ал осы жылы Қазақ КСР-інің 40 жылдығына орай жазылған «Жаппай сауатты республика» деген мақаласында Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары А.Шербаков: «Республикада 1930 жылы жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру ісі енгізілді. 1940 жылы мектеп жасындағы балалардың 98 проценті оқуға тартылды. Қазақстан жаппай сауатты республикаға айналды» деп жазған еді («Қызыл ту» газеті, 26 октябрь 1960 жыл).
Бұдан біз айтып жүрген қанша қиыншылықтарға қарамастан 1930-1940 жылдар арасында мектепте білім алуға деген халықтың бетбұрысы айналасы 10 жыл ішінде-ақ оң нәтиже бере бастағанын көруге болады.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
20 наурыз 2026 ж. 102 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (10487)

17 наурыз 2026 ж.

№19 (10486)

14 наурыз 2026 ж.

№18 (10485)

07 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 663
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 421

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031