» » БОЗ ДАЛАДА БОЙ КӨТЕРГЕН АУЫЛ

БОЗ ДАЛАДА БОЙ КӨТЕРГЕН АУЫЛ

ӨНДІРІСТІ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖАРАҚТАНДЫРУ, ЕГІНШІЛІК САЛАСЫН ДАМЫТУ
Шаруашылықты алғашқы құрылған күннен техникалық жарақтандыру жедел қолға алынатыны белгілі. Осыған орай техникалар маркаларына сәйкес, қосалқы бөлшек, дала қостарына тұрмыстық заттар, арнайы қорғаныс киімдері, аудандық «Казсельхозтехника» мекемесімен жабдықталып отырды. Ауылшаруашылық техникаларын аудандық ауылшаруашылығы басқармасы бөлсе, автокөлік, арнайы техникалар облыстың базасынан алынатын, жоспарлы жұмыс болды. Бірінші совхоздың бас инженер-механигі болып тәжірибелі механик Зейнулла Алдамбергенов әкеміз қызмет атқарды, техниканың тоқтаусыз жүруін қамтамасыз еткен, байсалды, техника тілін жақсы білетін маман болғаны елдің есінде қалды. Одан кейін жоғары білімді инженер-механиктер Асылбек Ысқақов, Қанибек Сматов басқарып, техникалар санын көбейтіп, егін егу және жинау жұмыстарын уақытылы атқаруға белсене атсалысты, механизатор кадрларын тәрбиеледі. Ауылда механизатор мамандығын оқытатын жедел курстар ашылып, оларға инженерлер өздері сабақ беріп, құжаттарын емтихан тапсырып алып, техника тізгінін ұстап, көп азаматтар озат механизатор қатарына қосылды. Техниканың жөндеу жұмыстарына еңбекақы төлеу, тағы басқа жұмысын Ордабай Қазиев ағай бірнеше жыл атқарып, Толыбай Абылаевқа өткізді. Содан кейін техниканы қосалқы бөлшекпен қамтамасыз ету, техника қауіпсіздігі инженері қызметін қосып жұмысын абыроймен атқарды. Механиктер Шаухар Алиев, Тұрсынбек Сәрсенов, Бекділда Залғараев ағайлар, техниканың тілін жақсы білетін, темірден түйін түйетін шебер мамандар болды. Орынбай Нұрмаханов машина сақтау ауласының меңгерушісі қызметін атқарып, өте ұқыпты адам екеніне елдің көңілі толды. Қанибек Ыбыраев МТМ меңгерушісі, Әкімтай Сержанов гараж меңгерушісі, барлығы ұзақ жыл бойы жұмыстарын тиянақты атқарып, құрметке бөленді, халыққа сыйлы болды.
1976 жылы аудан орталығындағы №26 мектептің бітірушілері Жосалы совхозына механизатор болуға үндеу көтеріп, СПТУ149 училищесінде оқыды. Қыс айында өндірістік тәжірибеден өтуге МТМ-да екі айдай техника жөндеуге қатысты. Шынжырбай Есеналиев тәжірибеде жүрген қыз балаларды қолына май шелек беріп «КОМПРЕСС» әкел деп жұмсайтыны әзіл әңгіме болып тарап, механизаторлардың күліп жүретіні есте қалды. Үндеу көтерген мектеп бітірушілер, қарындасым Тамара да бар, 1977 жылы техника айдап, күріш екті, елге пайдасы тиді.
Алғаш агроном қызметін Әбдірахман Файзов деген кісі атқарған болуы керек. Одан кейін 1967 жылы шамасында жоғары білімді агроном Нұрсұлтан Әбдиев бас агроном болып қызмет атқарды. 1973-1975 жылдары Кәжденбек Қалдашбаев бас агроном, Нұрмаш Жолмырзаев аға инженер-гидротехник болып жұмысқа орналасып, егіншілік саласы кәсіби жоғары білімді мамандармен қамтылды. «Министрдің қателігін жөндей аласың, ал бригадирдің қателігін жөндеу мүмкін емес» дегендей, Әлімжан Есқалиев, Қуаныш Ысқақов, Нұрлыбек Рахметов, Амангелді Есқалиев, Қуаныш Күзеков ағаларымыз қателік жібермей бригадир болып, астықтан тау тұрғызған, еңбектеріне ел сүйсінген құрмет иелері болғанын жақсы білемін.
1974 жылы облыста күріштен мол өнім алуға «Жақаевшылар» бастамасы көтеріліп, кеңінен насихатталып, жоғары жетістікке жетуге қадам жасалғаны белгілі. Осыған біздің совхоз да қосылып, жақсы нәтижеге жетті. Өздеріне бекітілген 25 гектар жерден диқандар Жақсылық Нұрмаханов гектарына 102,1 центнерден, Өтеміс Жақсылықов гектарына 100,2 центнерден өнім алып, озаттар көшін бастап, елдің абыройын асқақтатты. Бұл бастамадан бұрын Жақсылық ағай 112,0 центнерден өнім алып, рекорд жасаған болатын. Алтынбай Қошантаев, Мырзағали Сеңгірбаев, Ұзақ Жетпісбаев, Орынбасар Қазиев, Білімжан Бермағамбетов секілді әке-ағалар, тәжірибесін жастарға жалықпай үйрететін, тәлімгер диқан болғаны елдің есінде қалды деп ойлаймын. Ауылда өскен қыз-келіншектер Күлайша Қошантаева, Несібелі Әлжанова, Сара Жібекбаева күріш егіп, олар еккен аңыздар аттарымен аталып, елдің жадында сақталуда. «Балықшы күнде арманда» деген, балықшылар Абылай Итбаев, Тұрды Қаражанов ағаларымыз, «Егінші жылда арманда» дегендей, армандары орындалып, жоғары өнім алатын диқандар қатарына қосылды. Сол сияқты менің қатарларым Серік Төлегенов әмбебап механизатор, күрішші, Ерболат Махамбетов жай жұмысшыдан бастап, күрішші, механизатор, бригадир, бас агроном болып, адал еңбегімен, маңдай терімен озаттар көшін бастаған, елге ерекше еңбегі сіңген азаматтар.
Көп күрішшілер, механизаторлар жыл сайын Үкіметтің марапаттарын алып, кеуделеріне орден, медаль тақты, жоғары нәтижеге жетті, елді өрге сүйреді.
Алғашқы жылдан бастап қоғамдық тамақтандыруға 100 бас мүйізді ірі қара малы болып, оның бақташылығын Ауғанбай Телеубаев, кейіннен Кірбас Кішкентаев деген кісілер атқарды. Аз болса да мал есебін, жем-шөбін, жеткізетін болып Құдайберген Жұбатыров әкеміз атқарса, кейінгі жылдары веттехник маман, жоғары білімді зоотехник ақкөкірек, адал азамат Темірхан Жұбанышов ағай атқарды. Мал басы егін егу, жинау кезінде жұмысшылар мен көмекке келген оқушыларды ыстық тамақпен толық қамтамасыз етіп отырды.
КЕҢЕС ҮКІМЕТІНІҢ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ, ЕСЕП ҚЫЗМЕТІ
Кеңес үкіметінің қаржыландыру жүйесі жоспарлы негізде болатын. Осы мәселені нарық заманындағы оқырманға, кейінгі ұрпаққа айта кеткен жөн деп санадым. Совхоздар мемлекеттік мекемеге жатқызылса, колхоздар ұжымдық шаруашылықтар болып демократиялық жолмен барлық мәселелер жалпы жиналыстың қаулысымен бекітілген. Жалпы «экономист, бухгалтер» латыннан алынған термин сөздер, қазақша аударуға келмейді.
Совхоздардың күрделі құрылыстары, ауылшаруашылығы техникалары, автомашиналар, тағы басқа көп жыл пайдаланатын, ауыр қымбат мүліктер негізгі қор болып есептеледі. Республикалық бюджет есебінен шаруашылыққа қаржы жоспарланып, бөлініп Мемлекеттік Банк (Госбанк) бөлімшесіндегі арнайы есепшоттан төленеді. Өтемі ай сайын әрбір негізгі қорының бекітілген тозу мөлшері (амортизационное отчисление) есептеліп, шаруашылықтың өндіріс шығынына жіберіліп, есептелген сома бюджеттік есепшотқа төленіп отырады. Ал өндірістік шығындарға банктен жылдық үш пайызбен (3%) қысқа мерзімді кредит арнайы несиелік шоттан кедергісіз босатылатын. Мемлекетке өткізілген астықтың бағасы тұрақты, қажетті жанар жағар май, материалдық құндылықтар, тыңайтқыш, тұқым, малдың дәрі-дәрмегі, тағы басқасы қажетті заттар, яғни айналым қорлары, бекітілген бағада сатып алынады. Еңбекақы төлеу нормативтік стансалардың тарифі, шаруашылықтың категориясына сәйкес штат бірлігімен төлем ай сайын жасалады және артық өндірген өнім үшін қосымша ақы төленеді. Совхоз астықты мемлекетке өткізген күннен бастап, несие өтеледі. Несие өтеліп, қарыздан құтылғасын шаруашылықтың арнайы есепшотында ақша қаражаты тұрады. Есепшоттағы қаражат бір-екі айда таусылып, қайтадан несиемен жұмыс жалғаса беретін болды.
Совхоз құрылғаннан бастап Әлмағамбет Есқалиев ағай, 1976-1979 жылдар арасында Абылай Жолдыбаев ағайлар бас экономист болып қызмет атқарды. Жоспарлаушы қызметкер жылдық жоспарды өндіретін өнім, төленетін еңбекақы, жұмсалатын шығындарды есептеп арнайы кітапқа түсіріп аудандық ауылшаруашылығы басқармасы бекітеді және сол жоспарға сәйкес жыл бойына жұмыс атқарылады. Екі ағамыз да сауатты экономистер, білікті маман болып қызмет жасады.
Бухгалтерлік есеп бөлімі ақша-қаражатының, барлық негізгі қор мен айналым қорының кіріс-шығыс есебін жауапты адамдардан қабылдап, нақтылығын тексеріп, жылдық санақ жүргізіп, әр заттың тиімді жұмсалуын бақылап, инемен құдық қазғандай еңбекпен, жауапкершілікпен қарап атқаратын. Бас бухгалтер кез келген ақша қаражатын алатын чекке, материалдық құндылықтар алатын сенім қағаздарына директордан кейін екінші қол қойып, мөр басатын және жауап беруге тиісті болатын. Есептеу құралы ағаш есепшот, жетілген түрі темірден жасалған «арифмометр» деген машинка болды, үлкен цифрларды есептегенде қолданып, оның тұтқасын қолмен бұрап, ауызбен санап көбейту, бөлуді шығарасың, барлық есеп қағаздары тек қаламсаппен (ручка), қолмен жазылды. Қазіргідей электронды калькулятор 1992 жылдары келе бастады. Алғашқы бас бухгалтер қызметін Шәріп Таңқаев деген әкеміз атқарды. 1967 жылы сәуір айында Сәду Сәрсенов әкеміз қызметке келіп, үйі келгенше біздің үйде жатып бас бухгалтер болып жұмыс істеді. Мені 1971 жылы бухгалтер болып жұмысқа тұрғаннан бастап, соңынан қалдырмай аудандық мекемелерге есеп тапсыруды үйреткен, ақылшы ұстазым, өзім өмір бойы айрықша құрметтеп сыйлаған тәрбиешім болды. Өте қарапайым сабырлы, мәдениетті, артық сөзі, ашуы жоқ, ерінбей жұмыс атқаратын білікті маман, мемлекет қаржысын кіршіксіз таза ұстаған, мамандарды таза-адал жұмыс атқаруға тәрбиелеген, елге сыйлы, абыройлы азамат болғанын бүгінгі күні айрықша айтуға тиістімін.
1974 жылдың мамыр айының ортасында Сәду Сәрсенов «Ақжар» совхозына бас бухгалтер болып қызмет ауыстырды. Қармақшы аудандық ауылшаруашылығы басқармасы мені «Жосалы» қой совхозының бас бухгалтерінің міндетін атқарушы деп бұйрық беріп, алты ай өткесін Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Айса Махамбетовтің қабылдауында болып, бұйрығымен 30 қазан күні осы қызметке тағайындалдым. Үрзада Шарипова, Гүлсім Есенәлива, Төлеген Қазиева, Алтынай Бөлекбаева, Жамбыл Қосбергенов, Әнуар Әбдірахмановтар оқу орындарын бітіріп келіп бухгалтер болды. Райхан Тасқараева, Роза Яйкова, Мақпал Ешмұратова апайлар ұзақ жыл бойы бухгалтерлік жұмысты сапалы атқарды, халыққа таза қызмет жасады. 1975 жылы бухгалтерлік есептің жаңа түрі «Журнал-ордер» формасына ауданда бірінші көшіп, жұмыс атқардық. Жоғары білімді маман Жамбыл Қосбергенов, бухгалтер Төлеген Қазиева шағын ұжымның ерінбей уақытпен санаспай жұмыс істеген, бетке ұстар мамандары болды.
ТУЫСТАРЫМ, АТА-АНАЛАРЫМ ЖАЙЛЫ
Дәуменұлы Қазанғаптың баласы Сәтжан әкем ірі денелі, ақсары өңді, шежіреші кісі болатын. 1928 жылғы кәмпескеге ілігіп, сотталып, Қарақалпақтың Шымбай қаласындағы түрмеден қашып, елге сыйдырмағасын теміржолды сағалап жұмыс істеген. Хат танитын сауатымен бригадир, шебер болып соғыстан броньмен қалып, теміржол саласында ұзақ жыл қызмет еткен. Зейнетке шығып, 1967 жылы осы ауылға көшіп келді. Баласы Оразғали Сәтжанов әскерден келіп ұзақ жыл механизатор болып жұмыс істеді. Озат комбайнер ретінде жүлделі орындарды иеленді. Жеңгем Науат Әбдіқайырова құрылыс жұмыстарын атқарып, ауылға өзінің лайықты үлесін қосты. Әжем Биғанша Сырлыбайқызы теміржолда қара жұмыс істеп, зейнетке шыққан, қарулы кісі болатын. Күнде азанда біздің үйге келіп, атама сәлем беріп кететін сыпайы, өте мейірімді ана болатын. Үлкен қызы Гүлжахан апайым аз уақыт фельдшер болып қызмет істеді. Қарындасым Маржан №199 мектепте оқыды.
Сәтжан әкем, әжем Қаратамыр руынан болғандықтан көптеген балдызының орталарына алып әзілдесіп, құрметтейтін жезделері болып сыйласты. Осы ауылдың тіршілігіне араласып, ақыл-кеңесімен елге сыйлы, «Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін» тапқыр сөзді шешен, қиын мәселелердің шешімін тауып, келісімге келтіретін биі, батагөй ақсақалы болғанын көрдім.
Атам (әкем) Дәуменұлы Есмағамбет Аралдың, Ырғыз жаққа қарай «Сазды» деген жердің аумағында туып, тіршілік жасаған. Ағасы Қазанғап баласымен, үлкен ағасы Жұмабайдың баласы, Қосмағамбет інісі, төртеуі тәркілеуге ілігіп сотталған екен. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын деген» ұранмен өздерінің араларынан шыққан шолақ белсенділер, Голощекин басқарған большевиктер, қанша бас малы бар адам тәркілеуге жататын шегі белгіленсе де, оған қарамастан бірнеше ауыл болып отырған туысқан адамдардың малдарын қосып есептеп, бай етіп, тәркілеу жүргізген. (Бұл мәліметті З.Ижановтың «Тәркілеу қасіреті» деген архив құжаттары бойынша жазған кітабынан алдым). Қаншалықты бай болғанын білмедім, айтпайтын. Айтқанмен тыңдағанымыз жоқ, өйткені кітап оқысақ, байлар халықты аяусыз қанаған жауыз болып сипатталған, кешеге дейін байларға теріс қарадық. Қазіргі күні шындық ашылып, байлар елдің асыраушысы болғанын, байлық та ақылға, еңбекке бітетінін біліп отырмыз. Тәркілеу қасіретін аяусыз шеккен, ашаршылық болып, 4-5 баласы балалар үйіне өткізіліп, бір-ақ баласын тапқан, бір баласы соғысқа кетіп жоқ болған, табиғатынан мықты жаратылған, азапқа мойымаған, өмірін ат үстінде өткізген ардақты атам 97 жас жасады, осы ауылдың ең жасы үлкен қариясы болды. Сүйікті әжем Есетқызы Жұмаш мені ертегі әңгімелермен сусындатқан өте мейірімді жан болатын. Ақтар мен қызылдардың зобалаңын, ашаршылық, репрессияны басынан өткерген мейрімді жан болды. «Ешкімнің ала жібін аттама» деп ақылын аяған жоқ.
Көкем (әкем) Қуаңбай Есмағамбетұлы Дәуменов орта бойлы, кең иықты, аққұба өңді, сұлу келбетті кісі болды. Техникум бітірген зоотехник маман болатын. Бұл кісі 3-4 жасынан ата-анасынан айрылып, Ырғыздың балалар үйінде тәрбиеленген екен. Ата-ананың жылуын, мейірімін көре алмай бауырларынан айырылып жетім өсіп ержеткен. Бауырларын 1967 жылдан бастап республикалық газеттерге іздеу салғанмен табылмады. Кейде қиыншылық өмірін айтып, жылап отыратын. Бірде Өтебай Қанахин деген жазушының кітабын оқып отыр едім, кітапқа қарап, суретін көріп, мынау адаммен балалар үйінде бірге өстім, фамилиясы Итбаев болатын деді. Реті келген жерде айтып жүрдім. «Жұлдыз» журналының 2023 жылғы №9 санында К.Сәттібайұлы деген жазушының «Жалғызқара» деген Кемел Тоқаев туралы ғұмырнамалық романы шықты. Сонда К.Тоқаевтың досы болған, Өтебай Қанахиннің Ырғыз детдомында өскені, руы Шөмекей, Тоқа, атасының аты Қанаха, әкесі Итбай екені жазылыпты. Оқып отырып көкемнің айтқанының дәл келгеніне қуанып қалдым. Көкем ферма зоотехнигі болып жұмыс істеді, досжарандары өте көп, үйден қонақ арылмайтын. Көкемнің ерекше қасиеті – суға жүзгіш, екі жауырыны суға батпайтын, дарияның арғы бетіне қиналмай жүзіп барып келетін, қалай екенін білмеймін судың ортасында тік тұрып тұратын. Ұқыпты, атәбзелдерінің барлығының үлгісін өзі сызып апама тіктіретін. Мал басының есебін жүргізген есептері әлі сақтаулы, жазуы тасқа басқандай. Көкемнің берген тәрбиесі, айтқан ақылдары жүрегімде сақтаулы, өмірімнің ұстанымы болды. Апам (анам) Мәнәу Нысанбаева, қараторының сұлуы, сөзге шешен, би адам болды, қонақжай, қолы ашық, ағайынның құдажолы-тойын басқаратын, қарулы, бейнеткеш, еңбекқор ата-енені сыйлап күткен жан еді. Елдегі ашаршылық кезінде туып, анасы ерте қайтыс болып, нағашыларында өскен, соғыс кезіндегі қиындыққа тап болып, ерте еңбекке араласып, масақ теріп, заманның қиындығын көріп өскен кісі болатын. Киіз үйді ұстап тұтуға, бау-шуларын тоқып жаңартуға аса мән беріп, өзі тігетін. Сол киіз үй, бес ұрпақтың көзін көрді, 68 жыл ұстаған музей деп айтуға болады, әлі пайдаланып отырмыз. Анам өте ақылды, есепке жүйрік, өз бетімен өмірден сауатын ашқан, балаларын тәрбиелеп адал өмір сүруге үйретті. Немере сүйді, шөберенің қолынан су ішті. Көкем май қоймасының меңгерушісі, апам қойма жұмысшысы болып ұзақ уақыт қызмет істеді. Екеуі де Жосалы совхозының құрылуына алғашқы күндерінен үлестерін қосқан, еңбектері сіңген азаматтар болды. Қарындастарым Тамара жоғары білімді фармацевт-провизор, қазір зейнеткер. Клара медучилище бітірген білікті медбике, Лаура жоғары білімді ұстаз, үшеуі де отбасылы, балалы-шағалы, бақытты өмір сүруде.
СӨЗ СОҢЫ
Әрине, «Өткенсіз бүгін жоқ», аудандағы барлық ауыл құрылғанына 50-60 жылдық мерейтойларын атап өтіп, естелік кітаптар шығарып, сол кезеңдердегі тұрмыстіршілікті, елдің өркендеуіне үлес қосқан, еңбек еткен тұлғалардың өмірін баян етіп, әр ауылдың өзіндік тарихын көпшілікке, кейінгі ұрпақтың білуі үшін жария етуде. «Жосалы» совхозының құрылғанына да биыл 60 жыл толды. Мен де осы ауылда тұрып, жұмыс істегесін өзімнің көргендерімді, естігендерімді жазуға міндеттімін деп есептедім, хатқа түсетініне қуандым. Жоғарғы басқару орындарының жобалауымен ауылға газ құбыры жеткізіліп, мәдениет үйі салынады деген жақсы хабарды біліп, Төребай би ауылы әлі де ұзақ жыл берекелі қоныс болатынына сенім мол.
Ауылдың құрылғанына 60 жыл толуына орай тұрғындарын, барлық ауылдастардың денсаулығы мықты, бақытты өмір сүріп, аман-есен өсіп-өркендеуіне шынайы тілегімді білдіремін!
(БАСЫ ӨТКЕН САНДА)
Қоңырбай ДӘУМЕНОВ,
еңбек ардагері
25 қазан 2025 ж. 41 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (10449)

25 қазан 2025 ж.

№80 (10448)

21 қазан 2025 ж.

№79 (10447)

18 қазан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 737
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 468

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031