» » Адамгершілік бастауы қайда?

Адамгершілік бастауы қайда?

«Адамдық қасиет болмаса, түзелмес біреу сөккенмен,
Азаматтыққа жатпайды, өз туысын жек көрген», – деп Сейітжан ақын заманында жырлаған екен. Арада көш ілгері уақыт өтсе де, ақын жырының терең мағынасы  жойылмағаны байқалады. Сол айтпақшы, бүгінгі адамдық болмыстың шынайы көрінісі қандай? Сыйластық, қарым-қатынас деген  ұғымдар біздің өмірде қандай маңызға ие болып жүр?
«Бұрын әке-шешеміз көрші мен көр­ші араздасып қалса арасына түсіп, үйінен дастархан жайып, көршілерін шайға шақыратын. Көрместей болып ат құйрығын кесіскен көршілер де маңдайы жіпсіп, таңдайы ірімшік-құртқа тиген соң ортадағы ұрысты ұмытып, болмашыға бола дау шығып кеткенін мойындайтын. Қазақтың қою шайы сөйтіп, талайдың татуласып, достасуына себеп болып жататын», – дейді үлкендеріміз. Осыны естіп, неге біздің қоғам қарым-қатынаста қатайып кетті? Неге безбүйрек болып барамыз? Шаршап жүрген бір адам. Бір адам емес-ау мың адам. Жолаушы көлігінде де, тойда да, қоғамдық орында да осы жағдай. Байқап әрекет етпесеңіз, басыңыз бәлеге қалады. Сол­түстік Қазақстаннан қадірлі құдалар келіп, автобус паркінің бірінен оларды шығарып салуға ат көлігімізбен қалаға келдік. Жолаушылар автобусқа отырып жатты. Бір кезде елулер шамасындағы ер кісі автобус жүргізушісіне дөрекі сөйлеп, елдің назарын өзіне аударды. Жүк салғышқа кез келген затты салуға болмайтынын айтып, түсіндірген шопырдың әрекетінен түк шықпады. Әлгідегі ер адам шопырдың жағасынан ұстап, көптің көзінше сабауға дейін барды. Біз болсақ, құдалардан ұялып, қайда бұрыларымызды білмей қысылдық. Жолаушы көлігінің ішінен жетпістің үстіне шыққан жасы бар шалбарланған әйел шығып, ол да айқайға басты. Бұл дәуде болса анасы болар – жолаушы жігітті сабасына түсіріп, ақылын айтатын шығар деген үмітіміз де су сепкендей болды. Қайта баласының қылығын қоштап, ол да шопырдың жағасына жармасты. «Астанаға барған соң, бізден көресіңді көресің» деп нығарлап қояды шешесі де. Сол жердегі адамдардың араласуымен зорға дегенде анасы мен баласын жайғастырып, көлік те орнынан жылжыды.
Жеке бастың этикасы, қоғамдағы қарым-қатынас нормасы неге төмендеді? Мәдениетіміз бен құндылығымызға неге жанымыз ашымайды? Қарым-қатынас пен ілтипатқа неге шырылдап, оны емдеу­ге дауа іздемейміз?
Біреу біреумен келіспей қалса – оған қайғырудың орнына езуіміз құлаққа жеткенше  қуанамыз. Біреу біреумен жаға жыртысса, ажыратудың орнына «шап тұлпарым» деп сыртынан тегін концерт көргендей рахаттана тамашалаймыз кеп. Заң соғып, пәлсапа айтамыз. Екі жақты бір мәмілеге келтіріп, біріктірудің орнына одан сайын отқа май құйып, ұлғайтуға тырысамыз. Бойымызды билеген қызғаныш, іштарлықты жүгендей алмай, соның жетегіне ереміз? Айтқанын істейміз. Осы жаман қасиеттер қуыс-қолтығымызға кіріп алып, санамызды улап жатқанын біріміз байқасақ, біріміз байқамаймыз. «Әр қазақ – менің жалғызым» дегенді жалғаншылап жүрміз бе? Тасада отырып, тас атқан бұрын да болған еді. Ол заман басқа еді. Ал, қазір ше? Бейбіт, тыныш қоғамда өмір сүріп отырып, қызмет, атақ үшін алқымнан алуға дайынбыз. Әркімнің «мені» өзімшіл мінезге ұласып бара ма қалай? «Мен, Қазақстанның азаматымын», «Мен, Отаныма адал қызмет етуге ант етемін» деген патриоттық сезімдер қайда кетті сонда? Бұл жағынан ұлтты ұйыстыруда ұлтымыздың ұлылығында шек жоқ. Қазақ қашан да дана халық. Оған сенбесеңіз ғасырлар бойы ада­мзаттың өнегесін жырлаған жырау, ақындарымыздың  жырларына  бой­ла­ңыз. Тә­лім мен тәрбие, таным мен тағылым – дәстүрлі өнеріміз бен мәдениетімізде тұнып тұр. Қала берді, ақсалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың ақылына жүгініңіз. Мешітке барып, имаммен кеңесіңіз. «Қалауын тапса қар жанады» дегендей, жай жатпаңыз, менікі демеңіз басыңызды ауыртыңыз, балтырыңызды сыздатыңыз. Шешілмейтін шаруаның болмайтыны секілді қоғамдағы түйіт­кілді мәселеге шырылдап, жүрегіңізді сыздатыңыз. Әлбетте, бір ғана пайым. Әркімнің өз пікірі бар. Осындай елдігіміз үшін маңызды мәселеге бас қатырып жүрсіз бе?
Түйін:    
Бірде сіңілім сессияға кетіп, үй ішіне құмыраға еккен гүлдерін күтуін сұрайды. Бір айдан соң оралған ол гүлдерінің солып қалғанын көрді. Уақытымен суарылып, күтілгенін айтқан отбасы не себептен мұндай жағдай болғанын түсіне алмайды. Айтпақшы, оның жауабын сіңілім өзі берген еді. Әрдайым үйден ұзағанда гүлдерінің солғын тартып қалатынын сезеді екен. Ал, бұл жолғы сапар бәрінен ұзақтау болғанға ұқсайды. Сөйтсек гүл екеш гүл де өз иесін іздеп, сағынады екен. Тіпті кейде солып қалатын кездері кездеседі-мыс.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Бақыт Сармолдина,
тәрбиеші:
– «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» дейді қазекем. Тілеуіміз орындалып,  еліміз бен елдігіміз сынға түскен кешегі сайлау науқаны қорытындысында мемлекет басына мемлекет қайраткері келді. Әркімнің өз ұстанымы, көзқарасы болатыны рас. Таңдау құқын әрбір адам өзі жасайды. Саяси сауатымыз бен елімізге деген жанашырлығымыз қоса сарапқа түскен сайыста келеңсіз көріністің де куәсі болдық. Бұл – біздегі бәсекелестікті паш етсе, бір есепте болмашыны желеу етіп тәуелсіздігімізге күмән келтіргендер де әсер етті қоғамға. Сайлау аяқталды. Неге сол кездегі мәселені қазір көтермеске? Бір отбасындағы үш азаматтың үш үміткерді таңдап, өзара келіспеушілікке барғанын да білеміз. Мұны демократия деп қабылдасақ та, қазақтың отбасы құндылығы қайда кетті сонда? Қоғамға керегі – жылы қарым-қатынас пен сыйласушылық. Ата-бабаның армандаған тәуелсіздігіне қолымызды жеткіздік. Олардың армандаған арманына бүгінгі ұрпақ жетті. 1937 жылғы зобалаңнан 7 миллион қазақтан небәрі 2 миллион қалған еді. Сол халық бүгінде қилы жолдардан өтіп, 18 миллионнан асты. Болашаққа бас ауырту керек. Қандай қоғамда бала-шағамыз өмір сүреді? Оларға қандай қамқорлық пен бағдар қажет? Міне, біздің жұмысымыз.

Нұрболат Рахметуллаев,
«Ораз ахун» мешітінің имамы:
– Пайғамбарымыздың хадисінде айтылғандай, «Нағыз мұсылман – қолымен де, тілімен де ешкімге зиянын тигізбеген адам». Адамға дүние-мүлік те, мал да керек.Бірақ дүние ортайса қалпына келтіруге болады. Ал сыйластықты келтіре алмайсың. Сынған ыдыс секілді. Мұны халқымызда: «Адам адамнан құтылар, пейілінен құтыла алмас» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Сыйластықтың бұзылуы – адамның адамшылыққа емес, дүниені жоғары деңгейге қойғаны. Қазір – материалдық жағдай, көрсе қызарлық, тоймастық, қанағатсыздық секілді нашар қасиеттер бірінші орында тұр да, адамгершілік, сыйластық әдебі екіншіге түскен. Осы тұрғыда Ұлық Пайғамбарымыз: «Аллаға ортақ қосудан емес, осы бір дүние үшін өңешке қылыш тақай ма деп қорқамын» деген. Екі бауыр ренжісіп қалса керек. Ара ағайын ортаға түсіп, екеуін ымыраға келтіруге бел байлайды. Әкелерінің бейітінің басында ағайынды жігіттердің бір-бірін кешіріп, қол алуын сұрайды. Жақын-жуығы қанша тырысқанмен, ба­уырлар қол беруден тайсалып, екі жаққа кетіседі. Бұл – өмірде болған жағдай. Мұның жанға батары – осы секілді келеңсіздіктің көбейгені. Бұл – рухани байлық пен имандылықтың азайып, махаббаттың дүниеге ауғанынан. Аталған кеселмен қалай күресеміз? Осылай кете беретін болсақ, азғындықтың араны одан сайын ашыла түседі. Сол себептен де адамға рухани тазалықты сақтап, дүние қоңыздықтан тыйылу керек. Ізгілікті, имандылықты басты орынға қою қажет. «Өзің жақсы болсаң – әлем жақсы». Кешірімді, мейірімді жанның мерейі үстем, сый-құрметі қашан да жоғары.          

Дина Әміралиева,
кент тұрғыны:
– Шынын айтқанда, қоғамдық қарым-қатынасқа көңіл толмайды. Қызғаныш, көре алмау бар. Бәсекелестік пе? Оны әркім әр түрлі қабылдайтындай. Қазір шүкір. Талпынғанға  несібе мол. Ешнәрсе аспаннан түспейді. Адалынан жүрсең – бәрі болады. Қай адамда да жақсы қасиет бар. «Мынау дұрыс екен» деп кісінің жақсылығын айту керек. Мақұлдап, оны демеп отырсаң, «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп һакім Абай айтқандай, дос көрсең – әлем де, адам да жарқын. Өмір – онсыз да қамшының сабындай қысқа. Бүгін бар адамды ертең таппай жатасың. Ұсынысым: нашар жағына мән бермей, жақсылығына көп көңіл бөлінсе. Көршінің де, туыстың да жанына батып сөйлемей, сыйластықпен қарасаң мәселе туындамайды. Рухани өренің төмендігі, өзімшілдік – өсірмейді. Оны қалай жоюға болады? Ол үшін отбасында баланың көзінше дөрекілік көрсету, мақтана сөйлеу, кісінің артынан ғайбаттау – дұрыс емес. Оның орнына адамгершілік, сыйластық жайында өсиет, өнеге сөз айтылса. Кез келген адам қателеседі. Онысын бетіне баспай, салыстырмай сабырмен түсіндірсе, жүрекке жетеді. Сол себептен де ата-ана болған соң басты миссиямыз – келешекке көргенді, инабатты ұрпақ тәрбиелеу екенін ұмытпасақ.

Гүлжауһар Раева,
мәслихат депутаты:
– Сыйласпау – немқұрайлық, іштарлық, көре алмаушылық, аяқтан шалу, кері пікір білдіруден туындайды. Қазір дүние қорлық, мінеу көп. Біреудің бағын қызғану басым. Бұрын көрші мен көршінің есігі ашық жататын. Өзіңе тиесілі жер бар ма, соған дән тастасаң, ол жемісін береді. Еңбекпен өмір сүруге болады. Оның орнына біз не істейміз? Дайынды сатып аламыз да, еңбектенуге құлық жоқ. Бәрі саясатпен айналысады. Өре жетпеген жерге ұмтылудың қажеті бар ма жалпы? Әлеуметтік желіде көбіне дұрыс емес ақпарат таратылады. Оның ақ-қарасын айырып жатқан адам аз. Еңбек етсең керексіз ақпараттан аулақсың. Әркім өз шаруасымен айналысса, қоғам дамиды. Олай етпесек, қоғамды әлсіретеміз. Бауыр бір-біріне көмектесіп, мейірімді болса. Туыс пен бауырдың танымайтындай дәрежеге жеткен жағдайы бар бүгінде. Дүкен, базардағы ағайын таразы, қаптан жейді. Өмір – пендеге сынаққа берілген. Не нәрсе де сұраусыз емес. Табиғатта ағаш, су болмаса, қоршаған орта сүреңсіз кейіп кешер еді. Адам да сол секілді өз-өзін іштей жеп, іриді. Тонау, қорқып өмір сүру орын алады. Сыйластыққа жік түссе, толқуға әкеледі. Оның зиянын қарапайым халық шегеді. Оны көрген ұрпақтың болашағы қандай болмақ? Ажырасуға да осындай факторлар себеп. Жоқшылық, күн көре алмаушылық, қиындықтан емес. Шын сүйіп қосылғандар ешкімнің айырғанына қарамайды. Бүгінде ішкі есеп жатқан. Сол үшін дүниеге келген ұрпақтың тағдырын ойлауымыз ләзім. Өнегелі отбасыларды насихаттауға мән берілсе. Еңбек әулеттерін көбірек дәріптесек. Мемлекет тұрғысынан еңбек адамына құрмет көрсетілсе. Солардың мерейін асырсақ, тең сезім болады. Еленбеушілік, дәріптелмеу – кейде реніш туғызады. Ананың да мәртебесін асыру – міндет. Түптеп келгенде, жас ұрпақ айтқаныңды емес, көргенін қайталайды ғой.

Жұмагүл Тілеуғабылова,
№277 мектеп-лицей директоры:
– Ұжымда 164 адам жұмыс істейді, оның 104-і мұғалім. Дені әйел. Олардың әрбірінің өз пікірі, өз ойы бар. Отбасының ұйытқысы. Бірі – ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ата-әже болса, бірі – адал жар, балаларының ардақты әке-анасы. Жақында өткен сайлау науқанында ұжым екенімізді көрсетіп, бірауыздан сайлауға қатыстық. Науқан кезінде алып-қашпа сөздер болды. Осы кезде халықтың сеніміне кіріп, 28 жыл бойы тәуелсіздік жолында жеткен табысымыз бен жетістігімізді жоққа шығарғысы келетіндердің де барын байқадық. Еске түсірейікші, Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамында келген әрбір мемлекет бұйдасын қайда бұрарға жол таппағанда Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның халқын қиын кезеңнен алып шықты. Жай ғана алып шықпады, әлемдік деңгейге көтеріп, елімізді танымастай етіп өзгертті. Соның нәтижесінде Орта Азия мемлекеттері арасында оқ бойы озып шығып, дамудың жаңа сатысына түсті. Сол кездері 300 грамм сары май мен жұмыртқа, сол секілді қант үшін талон алатынбыз. Кезекке тұратын едік. Қазір үкімет жұмыс беріп отыр. Талпынған адамға нан табылады. Бұйырған несібемен бала-шағаны асыраудамыз. Бай мен кедей әр кезеңде болған. Теңескен емес. Десе де, уақыттың керуенінен қалмай, баланы оқытып, болашағын ойлаған абзал. Несие алып той жасағанша, несие алып баланы оқытқан жөн. Білімге құйған инвестиция далаға кетпейді. 2018 жылы мектебіміз облыстан «Ынтымағы жарасқан ұжым – 2018» номинациясын иеленді. Балаға тәрбие беріп, біліммен нәрлендіру – мұғалімнің міндеті. Яғни, өздерінің қалаған мамандығы. Ұжым болған соң әр түрлі жағдай кездеседі. Әйел-аналар жеке мәселемен келсе, ер адамда да мәселе жетерлік. Бізде қалыптасқан тәртіп – мектеп маңында ешкім шылым шекпейді. Отбасында келіспеушілік бола қалса, жанұяның сақталуына атсалысамыз. Баға жетпес құндылықты сақтап қалуға септігім тигеніне қуанамын. Негізі ұжымға тек қана басшы болу аз. Әрбір адамның жүрегіне жол таба білу керек. Еден жуушы демейміз, үлгіре алмай жатса, көмектесемін. Басшымын деп жоғары ұстамаймын өзімді. Бәріміз де адамбыз. Оларды тыңдаймын. Етене араласып, ішкі сырына бойлаймын. Себебі, бұл мен үшін өте маңызды. Қанша директор болсаң да көптің көзінше біреудің намысына тиюге болмайды. Жеке сөйлесемін. Әріптесімізге көмек қажет болса, қолдан келгенше аянбаймыз. Осының бәрін үйлестіре білсең – ұжым да, өзің де абыройлысың.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
04 шілде 2019 ж. 1 634 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031