» » Үш жастан кейін...

Үш жастан кейін...

         Балаңызға беріп жүрген тәрбиеге көңіліңіз тола ма? Осы сауалды бір жақын танысым ойда-жоқта қойып қалды. Қапелімде бұл сұрақты күптеген мен, рас абдырап қалдым. "Иә" деуге ұятым жіберер емес. "Жоқ" деуге тағы көңілім жыға қоймады. Жасыратыны жоқ, жұмысбастылыққа салынып, тәрбиеде ақсап барамыз. Күйбің тіршілік пен тұрмыстық сана тәрбиені ысырып тастағанын, сірә мойындағымыз келмесе керек-ті.
         Бірде тұңғышыма саусақ түрін үйретпек болдым. Қағып алды. Өзім де аң-таңмын. Апыр-ау, осылайша біраз дүниеге үйретуге болады екен ғой. Әлгі үйреткенімді арада көп өтпей қайталауын өтіндім. Санасында жатталып қалыпты. Өздігінен ойнап жүріп саусағын бүгіп "бас бармақ, балан үйрек, шылдыр шүмек" деп айтқанын бірнеше рет көрдім. Баланың 3 жасқа дейінгі кезеңі "мынау не?" деген сұрақпен білмекке ұмтылатын уақыты. Ата-ана тап осы кезеңде баланың бойына жақсы дүниені сіңіруге күш жұмсау қажет.
         Біздің бала күнімізде де сол "саусақ тілі" мен "қуыр, қуыр, қуырмаш" жатталып қалды. Ал бүгінгі балақайлар нені үйреніп, не жаттап жүр? Иә, балақай жыласа кәмпит беріп алдаймыз. Қала берді телефон бере қоямыз. Онда немен әуестеніп жүргенін тіпті байқамаймыз, мән де бермейміз-ау. Бүлдіршінді ерте жастан мұндай дүниеге үйретуге әсте болмайды. Баланы ерте жастан қалай дамытуға болады, ойланып көрдіңіз бе? Бұған бас қатырмасаңыз, біз айтамыз, құлақ түріңіз.
         Жоғарыда айта кеткен әлгі танысымның солбір сауалы ойымнан кетпей қойды. Содан жақында қолыма Масару Ибуканың "После трех поздно" кітабын алдым. Бала тәрбиесі – қызықты тақырып. Себебі жас ана ретінде бала дамуының әрбір кезеңінің бос өткенін қаламаймын. Әрбір ана баланың жан-жақты, шығармашыл, өзіне сенімді болғанын қалайды емес пе?!
         Масару Ибуканың бұл туындысы санама үлкен жаңалық әкелген кітап болды. "Sony" корпорациясының негізін қалаушылардың бірі, баланы ерте жастан дамыту кітаптардың авторы, новатор Масару Ибука бұл еңбегінде бала миы ең негізгі нәрселерді 3 жасына дейін қабылдайтыны туралы айтылады. Иә, баланың айтқан нәрсені қағып алатын шағы бұл. Біз абдырап «қайдан біледі?» деп таңырқай қараймыз. Себебі бала айтқан сөз бен әрбір іс ойында жатталып қалады. Ересектер істеуге қиынсынатын нәрсені олар еш қиындықсыз иегеріп алады. Айталық, кітапта бір жарым жасар баланың 55 адамның бейнесін айна қатесіз ажыра алатыны сөз етіледі. Ал үлкендер жылына көрген 55 адамын есте сақтай алмайды.
         Автор баланы ерте жастан дамытуға шақырады. Оның ойынша, адам талантты немесе гений болып тумайды. Адамның ерекше қабілетті болуы ерте дамуына тікелей қатысты. Мәселен, Моцартты алайық. Оның әкесі мықты музыкант болған. Моцарт құрсақта жатқаннан әкесінің музыкасын тыңдайды. Үш жасқа дейін солай жалғасады. Ақырында 5 жасында өз талантымен әлемді таңғалдырып, жеке концертін береді. Оның бәрі де әкесінің Моцартты кішкентайынан музыкамен өсіргеніне байланысты дейді автор. Көрдіңіз бе балаға құрсақта үйреткен дүние оның осыбір жолды таңдауына сеп болды. Сол сияқты кітапта бес айлық баланың Бахты бағалап, алты айлық бала суда жүзе алады делінеді. Қараңызшы, әлі өздігінен жүріп, сөйлей алмайтын 6 айлық нәресте суда жүзуге қабілетті.
         Американдық психолог Макгроу егіз қыздарға эксперимент жасайды. Бірінші сыңарын 11 айында, ал екінші сыңарын 22 айлығында коньки тебуге үйретеді. Экперимент нәтижесінде 11 айлық баланың жылдам үйренгеніне көз жеткізеді. Бұл баланы ерте бастан дамытудың жемісі емес пе?! Сол себепті ата-аналарды баланың мүмкіндігін шектемей, ерте жастан дамытса артық емес.
         Біз балаға көп дүниені үйретуге құлықсызбыз, бәлки қашқақтаймыз. Өйткені бала миына салмақ түседі деп қорқамыз. Негізінде оларға бұл қиындық келтіре қоймайды.
         Бала 3 жасқа дейін үйреткен дүниені қаз-қалпында қағып алады. Қайталап тұрады. Оны көзіңіз көріп, құлағыңыз естіп жүрген болар. Ал сіз балаңызды ерте дамытуға қалай қарайсыз? Балаңыздан ерекше қабілеттерді қанша жасында байқадыңыз?

Ақнұр САҒЫНТАЙ
12 желтоқсан 2020 ж. 449 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031