Франция құрамасы – футболдан екі дүркін әлем чемпионы
Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы анықталды. Ақтық сында Франция мен Хорватия құрамалары кездескен.
Құрамалар шаруаны кейінге қалдырмай, бірден шабуылдай бастады. Нәтижесінде жанкүйерлер үзіліске дейін үш гол көрді.
Ойынның 18-минутында Марио Манджукич допты өз қақпасына соғып алды. Бірақ араға он минут салып, Иван Перишич таразы басын теңестіріп тастады. Бұл есеп те ұзақ сақталмады. Тағы да он минуттан соң Антуан Гризманн пенальтиден гол соғып, француздарды тағы да алға шығарды.
Бір қызығы, үзілістен кейін де қос құрама үш гол соғып тастады. 59-минутта Поль Погба әдемі соққымен көзге түскен, көп ұзамай Килиан Мбаппе қақпаны алыстан дәл көздеді – 4:1.
Хорваттардың салы суға кетпей, есеп айырмасын қысқартуға тырысты. Нәтижесінде 69-минутта Манджукич қанжығасын майлады. Қорытынды есеп 4:2.
Осылайша, Франция құрамасы екі дүркін әлем чемпионы (біріншісі 1998 жылы) атанды. Ал хорваттар үшін күміс медальдің өзі тарихи жетістік саналады.
Айта кету керек, Франциядағы жанкүйерлер Мәскеуге ат арылтып кеткен отандастарының финалдағы ойыны үшін қобалжыды. Себебі бұл жолғы қарсылас бұрын-соңды финалға шығып көрмеген Хорватия болатын.