«Астана» – «Қайрат»: Биыл қай клуб топ жарады?
Футболдан Қазақстан чемпионаты биыл пандемияға байланысты ерекше жағдайда өтіп жатыр. Яғни ішкі біріншілікке қатысатын барлық команда ойындарды өз қаласында емес, бәрі Алматыға жиналып, бір аймақта өткізіп жатыр. Бұл да футбол тарихының жылнамасында бұрын-соңды болмаған жағдай.
Тағы бір атап өтерлігі, чемпионаттың алғашқы турларына қатысқан, ел футболының тарихында өзіндік орны бар Павлодардың «Ертіс» клубы қаржылық қиындыққа байланысты жарыстан шығып қалды. Сонымен қатар Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы біріншіліктегі команда санының және карантинге байланысты ұзақ уақыт үзіліс болғанын ескеріп, чемпионатты жылдағыдай үш айналым емес, екі айналымға дейін қысқартуға мәжбүр болды.
Осындай тосын жағдайда және ерекше тәртіпте өтіп жатқан доп додасында қазақстандық футбол жанкүйерлерін бір ғана сұрақ мазалап жүргені жасырын емес. Яғни түрлі өзгеріспен өтіп жатқан ел чемпионатында сүреңсіз ойын көрсетіп жатқан «Астананың» әлсіз жағдайынан кейін жанкүйер қауымын «биыл қай клуб топ жарады?» деген сұрақ ойландырып қойғаны рас. Жалпы, бұл 2014 жылы «Астана» чемпион болғаннан бастап жыл сайын жанкүйерлерді мазалайтын сұрақ болса да, чемпионат соңында «Астана» жеңіске жетіп жатады. Ал расымен биыл чемпион команда өзгере ме, әлде тағы да «Астана» чемпион бола ма? Дәл қазіргі жағдайда қай клубтың бас жүлдені еншілеуге бәсі биік болып тұр? Бүгін осы сұрақ төңірегінде әгіме өрбітіп көрмекпіз.
Қазақ футболының ардагері әрі сарапшысы Юсуп Шадиев биыл төрт команданың чемпион атануға мүмкіндігі зор екенін айтады. ««Қайрат», «Астана», «Тобыл» және «Ордабасы» алғашқы үштікке таласатын командалар. Олардың қатарына «Қайсар» мен «Жетісуды» да қосуға болады. Өткен турларда «Шахтердің» «Жетісуға» қарсы өткізген ойыны маған қатты ұнады. Әсіресе бірінші таймда қарсыласына мүлде мүмкіндік берген жоқ. Әрине, көшбасшы клуб футболшыларының ойын деңгейі жоғары екендігі байқалады, бірақ алда әлі толық бір айналым бар. Сондықтан қызықты, тартысты матчтардың бәрі алда деп ойлаймын. Қазір алдын ала тон пішу ертерек, тіпті чемпионат соңына дейін сенсация болып қалуы мүмкін», дейді Юсуп Шадиев.
Ал қазақстандық танымал бапкер Вахид Масудов «Қайраттың» қарқынына басқа командалар шыдас бере алмайды дейді. Десе де ол «Астана» бұрынғы ойынына қайта оралып келе жатқанын, сондықтан чемпион команданың аты соңғы турда да шешілуі мүмкін екенін айтады.
– Жалпы, чемпионаттағы өзге командаларға қарағанда «Қайраттың» чемпион атануға мүмкіндігі жоғары. Өйткені олар қазір барлық кездесуін Алматыда өткізіп жатыр. Бірінші айналымнан кейінгі турнир кестесіне қарайтын болсақ, «Қайрат» чемпион атануы мүмкін командалардың ішінде фаворит болып қала береді. Бірақ «Астана» әр тур сайын алға қарай ілгерілеп, психологиялық тоқыраудан шығып келеді. Енді олар қарқынын жоғарылатпаса, төмендетпейді деп ойлаймын», – деп атап өтті Масудов.
Қазіргі таңда чемпионат бел ортасынан ауып, командалар мәреге қарай жақындап келеді. Алғашқы айналымның қорытындысы бойынша, Алматының «Қайрат» командасы бірінші орында келе жатыр. Екінші орынға «Қайраттан» төрт ұпай кем жинаған «Астана» жайғасқан. Үздік үштікті Шымкенттің «Ордабасы» клубы түйіндеп тұр.
Бірінші айналымдағы 10 турда «Қайрат» сегіз рет қарсыластарынан басым түскен. Ал бір ойында тең ойнаса, тағы бір кездесуінде жеңіліп қалған. Бұл чемпионаттағы өзге командалардың нәтижелерімен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. «Астана» 10 ойынның алтауында жеңіске жетіп, үш матчта тең түскен. Елорда командасы да «Қайрат» сияқты әзірге бір ойында есе жіберген. Қазақстан чемпионатын үзбей тамашалайтын көрермен мұндай жағдай жыл сайын қайталатынын жақсы біледі. Яғни жыл сайын чемпионат барысында «Қайрат» топ бастап келеді де, біріншілік соңында күтпеген жерде қарсыластарынан жеңіліп, қолда тұрған чемпиондықты «Астанаға» беріп қояды.
Алысқа бармай-ақ, чемпионаттың былтырғы нәтижесіне көз жүгіртіп көрейік. 2019 жылы біріншілікте «Қайрат» чемпионат соңына қарай турнир кестесінде топ бастап келе жатып, соңғы екі-үш турда қатарынан жеңіліске ұшырап, бас жүлдеден қағылған еді. Ал чемпионаттың екінші жартысынан бастап «Астана» екінші-үшінші орында жүріп-ақ, біріншілік соңына қарай чемпион атанып кетті.
Турнир кестесіндегі қазіргі жағдай да тап былтырғы сценариймен өрбіп келеді. Әзірге «Қайрат» көш басында. «Астана» әдеттегідей екінші сатыда келеді. Бұдан кейінгі ойындарда да екі команда қарсыластарына есе жібере қоюы екіталай. Өйткені екі клуб та бас жүлдеден және келесі жылы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетуден үмітті. Егер екі команда осы қарқынмен ойнай берсе, жеңімпаз команданың есімі «Қайрат» пен «Астана» арасындағы өзара кездесудің қорытындысы бойынша анықталуы ғажап емес.