ПАРАЛИМПИАДАДА ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙТЫН СПОРТШЫЛАР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
Pyeongchang2018 ХІІ қысқы Паралимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық спортшылардың тізімі бекітілді, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі Паралимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тізімге 6 спортшы және көзі нашар көретін спортшыны алып жүретін 1 гид кірді.
«Паралимпиада атлеттері маңызды ойынға белсенді түрде дайындалды. Осы жылы олар Германия мен Ресейде оқу-жаттығу жиындарына барып, шеберліктерін шыңдады. Спортшыларға арналған техникалық жабдықтарға келер болсақ, заманауи протез, боб-шаңғылар алынды»,- делінген хабарламада.
Паралимпиада спортшыларының арасында алғаш рет Ойындарға қатысатын атлеттер де бар.
«Біздің спортшыларымыз өз нәтижелерін жақсартты. Олар Германия мен Финляндиядағы 2016 және 2018 жылдың басындағы Әлем кубогына қатысып, жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Атлеттер алдына қойылған нормативті түгел орындап, Паралимпиадаға жолдама алды», - деп жазды ҰПК баспасөз қызметі.
Қазір спортшылар Шучье және Талғар қаласындағы тау-шаңғы базасында соңғы жаттығуларын жасап жатыр. Содан Оңтүстік Кореядағы Паралимпиадағы шығады.
Еске сала кетсек, биыл Пхенчханда паралимпиада медалінің 80 жиынтығы ойнатылады. Ойын бағдарламасында 6 спорт түрі бар: тау-шаңғы спорты, биатлон, шаңғы жарысы, хоккей-следж, сноуборд, арбадағы кёрлинг. Қазақстан бұл Ойындарға 9 лицензия алды. Атап айтқанда, Ұлттық Паралимпиада атлеттері шаңғы жарысы және биатлоннан сынға түседі.
Пікір 1