Министр мемлекет тарапынан бөлінетін 4 миллион теңгенің кімдерге берілетінін айтты
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде кітап шығару саласын дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, өтінімдер жылына екі рет қабылданып, түскен құжаттарды тексеру 10 күн алады. Қоғамдық талқылауға 15 күн, арнайы құрылған тәуелсіз комиссияға 15 күн, сарапшылардың қорытындысын дайындауға екі ай беріледі.
"Әрине, осы уақыт ішінде оқырмандардың пікірінен бөлек, отандық ғылыми-зерттеу орталықтарының әлеуметтік зерттеулері, кітап дүкендерінің сатылымға қатысты статистикалық мәліметтері, баспалардың басылым рейтинг-тізбесі назарға алынады. Осыдан кейін ғана өкілетті орган нақты шешім қабылдайды", - деді министр.
Екіншіден, егер бұрын қолжазбаға гонорар төленсе, енді оның орнына жаңа әдеби туындыларға грант берілмек. Яғни, биылдан бастап қаламгерлердің бір парақ жаңа туындысына 6 ең төменгі жалақы мөлшерінде грант төленеді. Мәселен, орташа есеппен алғанда, 160 беттік кітапқа 4 млн теңгеден астам қаламақы беріледі.
Грант министрліктің жанынан құрылған сараптамалық комиссияның шешімімен бекітіледі. Ал кітапты басып шығару және сатылымға шығару құқығы автордың өзінде болады. Егер ол кітап бір жыл ішінде жарыққа шығып, кітап дүкендері арқылы сатылымда жақсы көрсеткіштер болса, оның кезекті басылымы мен таралымын мемлекет өз мойнына алады.
Бұған дейін Қазақстанның бір топ кинематографисті, қоғамдық бірлестіктер мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын” жаппау туралы қол жинап, ашық үндеу жолдаған.