Дамудың жаңа белесі

Осыған орай, Мемлекет басшысы Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеу жасап, азаматтардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуын, саяси жаңғырудағы көппартиялылықты дамыту ісіне қатысу аясын кеңейтетін шаралардың қабылданғанын атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі» туралы заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру бағытында, партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота белгілеп, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру ісінде жаңа қадамдар жасалмақ.
Ал, мәслихаттар сайлауының партиялық тізім бойынша өтуі – еліміздегі саяси партиялардың жұмысына жан бітіретін, саяси-әлеуметтік жаңа бастамалар мен тың идеяларды көтеруде бәсекелестікті тудыратын демократиялық дамудың жаңа белесіне көтерілуіміздің алғашқы баспалдағы деп білеміз.
Алайда сайлауда тиісті дауыс жинаған партия болсын, Мәжіліс депутатының орынтағына жайғасқан, жергілікті мәслихат депутатының төсбелгісін тағынған азаматтарымыз болсын өзінің сайлау алдындағы тұғырнамалық бағдарламалары мен сайлаушылар алдындағы уәдесін ұмытып кетпей, өз өкілеттігінің шеңберінде елге еткен қызметімен ғана сыйлы бола алатынын білуі керек. Еліміздің қоғамдық даму жолындағы, саяси жаңарудағы, экономикалық-әлеуметтік өсіп-өркендеу жолындағы кедергілерді көре біліп, жаңа, жарқын жолға түсуде жаңашылдықты ту ете алған депутаттар ғана нағыз халық қалаулысы бола алатынын түсінуі керек.
Сайлауға халық белсенді қатысып өз таңдауын жасайды, сайланған азаматтар ел мүддесін әр уақытта алғашқы орынға қойып, сенімнен шыға береді деп үміттенеміз.
Мемлекет басшысының бұл үндеуінен аңғарғанымыз, ортақ үйіміз – Қазақстанды өркендету, гүлдендіру осындай азаматтармен бірлесе отырып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып халық игілігі үшін қызмет етуге байланысты екендігіне сенімді. Халық та осыған сенеді.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
«Ұлт бірлігі- Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы