» » Жаңа 17 депутат: Сенатқа кімдер сайланды?

Жаңа 17 депутат: Сенатқа кімдер сайланды?


Кеше еліміздің 17 өңірінде ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау өтті. Сайлаудың алдын ала мәліметтеріне сүйене отырып, сенатор ретінде өңірлердің атынан еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының жоғары палатасында өкілдік ететін азаматтар жайындағы мәліметтерді ҚазАқпарат ұсынды, - деп хабарлайды kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігі.

Сонымен Нұр-Сұлтан қаласында 21 таңдаушының 20-сы дауыс беру бюллетенін алып, олардың 15-інің таңдауы Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлына түсті.

2011 жылдан бері С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры қызметін атқаратын Ақылбек Күрішбаев сонымен қатар Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты да. Ол еңбек жолын В.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында бастаған. Аталған мекемеде қатардағы лаборанттан директордың орынбасарына дейінгі лауазымдық қызметтер атқарған. Ал 1997 жылы А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалған. 2002-2008 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі, ҚР АШМ Ғылым департаменті директоры, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі болған. 2008 жылдан университет ректоры лауазымына тағайындалғанға дейін Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған.

Ал Алматы қаласының 30 таңдаушысы бірауыздан Медеу ауданының әкімі қызметіндегі Мәкежанов Сұлтанбек Алмасбекұлының кандидатурасына дауыс берді.

Мемлекеттік басқару органдарында мол тәжірибе жинақтаған Сұлтанбек Алмасбекұлы Маңғыстау облысы әкімі аппаратының басшысы, әкімнің орынбасары қызметтерін атқарған. 2005 жылдан бастап Алматы қаласында еңбек етті. Қала әкімі аппараты басшысының орынбасары, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болды. 2016 жылдың мамырынан Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Ал 2019 жылы Медеу ауданының әкімі болып тағайындалған еді.

Шымкент қаласында жалпы таңдаушылар саны – 26. Оның біреуі сайлау процесіне қатыса алмады. Ал қалалық мәслихаттың 25 таңдаушысының 18-і өз дауыстарын Қапбарова Айгүл Жарылқасынқызына берді.

Мамандығы журналист Айгүл Жарылқасынқызы бұған дейін Сенат депутаты ретінде Шымкент қаласынан сайланған еді. Ол «Оңтүстік Қазақстан» газеті саясат бөлімінің меңгерушісі, «Шымкент Медиа» МКК бас редакторының орынбасары, директор – бас редакторы, «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директоры – бас редакторы болып қызмет атқарған.

Маңғыстау облысының Қарақия, Мұнайлы аудандық мәслихаттары сессияларында ұсынылған Алдашев Сүйіндік Тәсеменұлына дауыс беруге қатысқан 100 таңдаушының 87-сі қолдау көрсетті.

Қазіргі уақытта «Қаражанбасмұнай» АҚ бірінші вице-президенті қызметін атқаратын Сүйіндік Тәсеменұлы И.Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ институтын бітіріп, мамандығы бойынша ұзақ жылдар бойы «ҚазТрансОйл» компаниясының бірқатар филиалында қызмет атқарған. Мемлекеттік қызметте де бағын сынап, 2012-2017 жылдар аралығында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болған.

Ақтөбе облысынан Шалқар ауданының әкімі қызметін атқаратын Қаниев Бауыржан Нұралыұлы 179 таңдаушының 143-інің дауысын жинай алды. Оның кандидатурасы Шалқар, Хромтау аудандық мәслихат сессияларында ұсынылған болатын.

Бауыржан Нұралыұлы К.Скрябин атындағы Мәскеу ветеринария академиясын бітірген. Ақтөбе облысы Хромтау ауданы әкімінің орынбасары, әкімі, Теміртау ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2016 жылдан қазіргі уақытқа дейін Шалқар ауданының әкімі болып істейді.

Жамбыл облысының дауыс беруге қатысқан 177 таңдаушысының 163-і қазіргі уақытта Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқаратын Орынбеков Бекболат Серікбекұлына қолдау көрсетті. Оны сенаторлыққа кандидат ретінде Жамбыл облыстық және Тараз қалалық мәслихаттары ұсынған-ды.

Еңбек жолын кәсіптік техникалық училищенің оқытушысы болып бастаған ол Жамбыл облысына қарасты Талас ауданы Қаратау қаласы әкімінің орынбасары, әкімі болған. Одан кейін Сарысу ауданының әкімі қызметін атқарған. Біраз жыл Тараз қаласының әкімі болған. Қазіргі қызметінде 2013 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді.

«Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы өзін-өзі ұсынып, таңдауға қатысқан 131 мәслихат депутатының 102-сінің дауысын жинай алды.

Медицина ғылымдарының докторы Ақмарал Шәріпбайқызы еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда қалалық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінің дәрігері ретінде бастаған. Қызылорда облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің Қызылорда облыстық басқармасының бастығы, Қызылорда медициналық колледжінің директоры, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған. Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған.

Солтүстік Қазақстан облысынан іс басындағы сенатор Перепечина Ольга Валентиновна өзін-өзі ұсынып, таңдауға қатысқан 187 мәслихат депутатының 162-сінің көңілінен шықты.

Ольга Валентиновна Солтүстік Қазақстан облыстық қаржы басқармасының бастығы, Статистика департаменті директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарған. 2014 жылғы 17 қазаннан қазіргі уақытқа дейін — Солтүстік Қазақстан облысынан VI шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Ол 2014 жылғы 17 қазаннан бастап Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, 2017 жылғы қыркүйектен бастап Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы болған.

«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС басқарушы директоры – басқарма мүшесі Луқпанов Сағындық Есенғалиұлы Атырау облыстық мәслихаты сессиясында ұсынылған еді. Сөйтіп, бүгінгі сайлау барысында бюллетень алған 105 таңдаушының 86-сының қолдауына ие болды.

Ұзақ жылдар бойы Атырау облысында темір жол саласында еңбек еткен Сағындық Есенғалиұлы «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы« ұлттық компаниясы АҚ басқармасының төрағасы, 5 және 6-шақырылған Атырау облыстық мәслихатының хатшысы болған. Тіпті, 2017-2018 жылдары аралығында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған-ды.

Қостанай облысына қарасты Денисов және Бейімбет Майлин аудандық мәслихаттары сессияларында ұсынылған Қостанай облысы әкімінің орынбасары Карплюк Сергей Алексеевич те 262 таңдаушының 225-інің қолдауын тапты.

Мамандығы инженер-химик-технолог Сергей Алексеевич Қостанай облыстық өнеркәсіп және сауда басқармасында, сондай-ақ Қостанай облыстық Экономика, индустрия және сауда департаментінде бөлім бастығы болып жұмыс істеген. Қостанай облыстық Энергетика, өнеркәсіп және құрылыс департаментіне басшылық еткен. ҚР Индустрия және сауда министрінің кеңесшісі, ҚР министрліктеріндегі бірқатар департамент пен комитеттерде басшылық қызметте болған. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Көкшетау қалалық мәслихаты, Зеренді аудандық мәслихаты сессияларында ұсынылған «Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясы» ММ төрағасы Бекенов Нұрлан Жексембайұлы да өңір таңдаушыларының қолдауын тапты. Оған дауыс беруге қатысқан облыстық 240 таңдаушының 213-і өз даусын берді.

Ұзақ жылдар бойы Ақмола облысының қаржылық бақылау басқармасы басшысының орынбасары, «Қазақстан халық банкі жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның Ақмола филиалының директоры, ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитеті сапаны бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарған Нұрлан Жексембайұлының зооинженер, бухгалтер-экономист, экономика магистрі тәрізді үш жоғары білімі бар. Ол Ақмола облысы ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік сатып алулар және коммуналдық меншік басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2018 жылдан бастап істейді.

Өзін-өзі ұсынған тағы бір кандидат – Орал гуманитарлық колледжінің қаржы директоры Рысбекова Ләззәт Тұяқбайқызына сайлау бюллетенін алған 183 таңдаушының 128-і дауыс берді.

Педагогтардың отбасында дүниеге келген Ләззәт Тұяқбайқызы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде, Қазақ мемлекеттік заң академиясында білім алған. Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасында жұмыс істеп, өңір прокурорының көмекшісі де болған. Қазіргі қызметінде 2011 жылдан бері істейді. Сонымен қатар ол 2015 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық Іскер әйелдер қауымдастығын басқарады.

Кандидатурасы Павлодар облыстық, Павлодар қалалық, Баянауыл аудандық мәслихаттары сессияларында ұсынылған Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нұхұлы да сенатор ретінде алдағы уақытта өңір атынан өкілдік етуге мүмкіндік алды. Оны өңір бойынша сайлау бюллетенін алған 183 таңдаушының 150-і қолдады.

Химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Инженерлік ғылымдар халықаралық академиясының академигі Алтынбек Нұхұлы ҚР БҒМ Жоғары білім және ғылым департаменті мемлекеттік стандарттар және нормативтік база бөлімінің бас маманы, ЖОО аттестаттау бөлімінің бастығы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, Көпбағдарлы гуманитарлық-техникалық университеттің ректоры, Инновациялық Еуразия университетінің ректоры, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Премьер-Министр кеңсесінің индустриалды-инновациялық даму бөлімі секторының меңгерушісі болған.

Қазіргі уақытта ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бектаев Әли Әбдікәрімұлы да өзін-өзі ұсыну арқылы мандатын сақтап қалды. Түркістан облысы бойынша мәслихаттардың дауыс беруге қатысқан 238 депутаты ішінде 216-сі оның кандидатурасына қолдау көрсетті.

Әли Әбдікәрімұлы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі қызметтерін атқарғаннан кейін 2014 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына депутат болып сайланған. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін – Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы. Сонымен қатар ол 2015 жылдың қыркүйегінен бастап «Ауыл» халықтық-демократиялық, патриоттық партиясының төрағасы қызметін атқарады.

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ұсынған Бородулиха ауданының әкімі Булавкина Ольга Александровнаны өңірде таңдау жасаған 275 мәслихат депутатының 255-і қолдады.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алған Ольга Александровна 2000 жылдан мемлекеттік қызметке араласқан. «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болған. Қазіргі қызметінде 2019 жылдан бері еңбек етеді.

Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Дүйсембинов Сұлтан Мырзабекұлы да өзін-өзі ұсынып, өңірлік мәслихаттар депутаттарының қолдауына ие болғандардың бірі. Оны өңірдегі бүгін таңдау жасауға қатысқан 287 мәслихат депутатының 264-і жақтап шықты.

Алматы сәулет-құрылыс институтын, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген Сұлтан Мырзабекұлы Алматы облысы Ескелді ауданы әкімінің бірінші орынбасары, аудан әкімі, Қаратал ауданының әкімі, Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы болған. Қазіргі қызметінде 2019 жылдан бері істейді.

Бүгінгі күнге дейін сенаторлық қызметін атқарып жүрген тағы бір кандидатты – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ершов Сергей Михайловичты Жезқазған, Сәтбаев қалалық мәслихаттары ұсынды. Дауыс беру нәтижесінде таңдау жасауға қатысқан 267 мәслихат депутатының 222-сі оны қолдап шықты.

Алматы сәулет-құрылыс институтын бітіріп, құрылысшы-инженер мамандығын алған Сергей Михайлович Сенат депутаты болғанға дейін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-інің Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі директоры болып қызмет атқарған.
13 тамыз 2020 ж. 1 038 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031