» » Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы талданды

Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы талданды


Аймақ басшысы Г.Әбдіқалықованың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиынға Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдері, облыстың басқарма басшылары қатысты. Күн тәртібінде 6 мәселе қаралып, сала басшылары атқарып жатқан жұмыстарын баяндады.

Облыс әкімі алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Жыл басынан басталған пандемия салдарынан экономикалық өсім қарқыны төмендегенін айтқан әкім халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін сөз етті. Сонымен қатар облыста «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының орындалуы, индустрияландыру, инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және бюджетті игерудің маңыздылығын да ерекше атап өтті. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында биыл жалпы сомасы 6,7 млрд. теңгеге 104 жоба қабыданып, оның 48-і мақұлданды.

Отырыста коронавирус індетімен күрес бойынша облыста атқарылып жатқан кешенді шаралар да талқыға түсті. Жиында облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов індеттің алдын алу бағытындағы жұмыстарды баяндады.
Пандемияның алдын алуға бағытталған кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы күндері тұрғындар арасындағы аурушаңдық біршама азайып, жедел жәрдем шақырушылардың қатары да күрт сиреген. Мәселен, маусым айында орташа шақыртулар саны 1422 болса, шілде айында 1312-ге азайған. 5 тамыз күнгі шақыртулар саны 916 құраған. Бұл жалпы шақыртулардың 35,6 % азайғанын көрсетеді.

Қазіргі таңда облыстың барлық емдеу мекемелері бірінші типтегі костюмдермен, қорғаныс құралдарымен, қажетті бекітілген 26 түрлі дәрі-дәрмектің бір айлық қоры қалыптасты. Сонымен қатар, облыстық жедел жәрдем стансасы базасын нығайту мақсатында 40 санитарлық автокөлікке келісім-шартқа отырып, ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында келу жоспарланған.

Жиында облыс әкімі Г.Әбдіқалықова жаңа оқу жылындағы сақтық шараларын да назарға алды. Облыс бойынша алдағы 2020-2021 оқу жылында 293 мектепте 168 488 оқушы оқиды деп күтілуде. Оның ішінде 1 сыныпқа 18 789 бала қабылданбақ.

Жаңа оқу жылының 1-ші тоқсанында бастауыш сыныптар күшейтілген санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім ордаларында оқыса, оқушылардың басым бөлігі қашықтан оқыту тәсілімен білімін жалғастырмақ.
Өңір басшысы барлық аудан әкімдеріне жаңа оқу жылына білім ордаларын жөндеуден өткізіп, пайдалануға мерзімінде беріп, қашықтан білім беруді сапалы ұйымдастыруды тапсырды. Бұдан бөлек «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында әлеуметтік аз қаматамасыз етілген отбасылардағы балаларды қажетті электронды құрылғылармен және интернетпен қамтамасыз ету үшін жергілікті кәсіпкерлерді барынша демеушілікке тарту мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін де жеткізді.

Жұмыспен қамту жол картасының орындалуы да күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі. Бағдарлама арқылы аймақта 274 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, 8127 адам жұмысқа тартылған. «Еңбек» бағдарламасы аясында өңірде ағымдағы жылы 12607 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 8167 жаңа жұмыс орны ашылған.

Бұл жайында аймақ басшысы тапсырылған жұмыстарды мерзімінде аяқтау басты меже екендігін алға тартты. Сонымен қатар, осы бағдарлама негізінде жұмыспен қамтылған тұрғындардың уақытылы жалақы алуын да естен шығармау керектігін баса айтты. Мердігерлер жұмысшыларға жалақыны уақытылы төлеп, әлеуметтік төлемдерін кешіктірмей аударуы тиіс дейді, өңір басшысы. Сонымен бірге облыстық индустриялық–инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, мемлекеттік сатып алу барысында отандық тауар өндірушілерден тауарлар мен қызметтерді сатып алуды 90 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырды.

Аппарат мәжілісіндегі соңғы тақырып жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына арналды. Облыс әкімі Г.Әбдіқалықова өңірдегі барлық әлеуметтік нысандар қысқы уақытқа 100 пайыз дайын болу керектігін баса айтты.

«Коронавирус пандемиясы құрылыс саласына да кері әсерін тигізгені сөзсіз. Құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылып, жоспардан ауытқулар орын алды. Дегенмен, жұмыстардың қарқынын күшейтіп, жоспардағы нысандардың құрылысын мерзімінде, сапалы аяқтауымыз қажет»,- деді Г.Әбдіқалықова.

Бұл мақсатта Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданының әкімдері орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын қазан айының 1-не дейін айқтауды тапсырды.

Жиын соңында облыс әкімі жергілікті атқарушы органдарға көмір бағасының тұрақтылығын да қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмауын ескертті. Қатты отын тапшылығын болдырмау мақсатында осы кезден бастап кәсіпкерлермен келісім жасасып, отын қорын жасақтап қою керектігін жеткізді.

07 тамыз 2020 ж. 839 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 105

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930