» » Қызғаншақ кемпір

Қызғаншақ кемпір

Жұманың таңы. Ұйқысынан шала оянған Бектасты ас үйде майға пісіп жатқан шелпектің иісі мұрнын жарып, есін жыйғызды. Сағираш кемпір бүгін азанмен ерте тұрып, ортайып қалған қаптан ұнды молынан салып, жеті күлше пісіруге кірісіп кеткен-ді. Шешесінің бұл ісі кеше дастарқан басында өмірден өткен шалына іштей құран бағыштап отырғанынан-ақ белгілі болған.
Бөлмесінен сүйретіліп шыққан Бектас қайта-қайта есінеп, бауырсақтың иісіне тойғандай шешесінің қасына барды. «Қабыл болсын! Әкемді көрдіңіз бе? Кеше есіңізге алып отыр едіңіз» деді жымия күліп. «Дұғам жеткен-ау, түнде келді ғой» деді шелпегінің екінші бетін майға аудара. «Ә-ә, сағынған шығар» деп қылжаң әзілімен одан сайын сөйлетіп жатыр. Бірақ Сағираштың әзіл көтеретіндей көңіл күйі жоқ еді. Баласының бұл сөзіне ашуланып «ұйқыңды ашып болсаң, қорадағы сиырларды шығарып, бұзауларға шөп сал» деді зекіп сөйлеп.
Сағираштың шалы Олжабайдың өмірден өткеніне биыл төртінші жыл. Содан бері екі айда бір Құран оқытып, әр жұмада жеті шелпек таратуды әдетке айналдырған. Кейде шай үстінде әңгімесі қызып, баяғы жастық дәуренін кеңінен айтып, күйеуін қалай жолықтырғанын баяндап, өзі риза болып отырады. Негізінде бұл Олжабайға тиген екінші әйелі. Бірінші жары қатты науқастан ерте қайтыс болған. Жеңгелерінің таныстыруымен осы Сағирашқа үйленіп, ұрпағын жалғастырған. Үйге кім келсе де шалын мақтап, оның облысқа танымал күрішші болғанын, сонымен қатар бұ дүниедегі бар жақсылықтарын жіпке тізгендей айтып отырады. Арасында көңілі босап, иегі кемсеңдеп, сөзінің соңында "Олжабайым жанымда болғанда бәлкім көңілім кең болып отырар ма едім" деп көзінің жасын сығып, әңгімесін аяқтайтын. Оны тыңдап отырғандар «ау, шешей, мұныңыз не? Қой жыламаңыз" деп жұбатып қояды. Сөйтіп кәрі кемпір шалына деген сағынышын білдіріп алатын.
Даланың суығына шыдамай сиырларды асығыс айдап Бектас та қызарып үйге қайта кіріп келді. Бағанағы ұйқысын аша алмай отырғандағы кейпінен өзгерген. Дереу үстіндегі көпәйкесін шешпестен пештің түбіне отыра кетті. "Күн кешегіден суық қой апа" деді екі қолын бір-біріне үйкеп. Шал кеткелі кемпірге қарап, бар жағдайын жасап отырған осы кенже ұлы. Әлі үйленбеген. "Қыз жоқ" деген сылтауды сұрағандарға жалау етіп жүр. Бұның алдындағы үш ағасы әкелері барда үйленіп, балалы-шағалы болып, қалаға жұмысқа кеткен. Жұмысбасты болып кеткендері соншалық, шешелеріне келіп, жағдайын сұрау екі-үш айда ғана болып тұрады. Әйтеуір жұмыс жібермейді. Бірақ алған айлықтарын ай сайын салып, керегін қаладан салып жіберіп, көңілін бірлеп қояды.
Бойын жылытқан Бектас жуынып-шайынып дастарқан басына жайғасты. Есейсе де ара-тұра шешесіне еркелейтін әдетін әлі қоймаған. "Апау, түнімен аяғым сырқырап шықты, әлгі қойдың майынан жайырақ сылап беріңізші" деді еркелей. Күнде жақсы сөйлеп, ұлын айналып-толғанып отыратын Сағираш бүгін ондай жылылық көрсетпеді. "Аяғыңа қалың шұлық киіп жүрмейсің бе, далаға жеңіл сүйретпемен шыға саласың. Соның бәрін үйретуім керек пе?" деді азанғы ашуына әлі мініп. Ол да шешесінің бұл мінезіне таң қалып, түсінбей отырды. Жылы шелпекті екі бөліп, аузына салды да "Апа, бәрі дұрыс па? Азанмен қабағыңыз ашылмай қойды ғой тегі. Әлде түсіңізде әкем қарамай қойды ма?" деді қылжақтап. Қолындағы шайын үрлеп, бір ұрттады да иегі кемсеңдеп сала берді. Көзінің жасын орамалының ұшымен сүртіп, ішіндегісін шығарды. "Олжабайым бүгін жақынырақ келді. Жүзі аппақ, жас кезіндегіден сұлу болып кеткен. Мен қолымды созайын десем ол қашқақтайды. Содан өңі бозарып артына қарай берді. Мен де бұл шалға не болған деп артына қарасам... Бірінші әйелі Жамал келіп тұр екен. Сөйтсем одан бата алмай тұр екен ғой жарықтық. Мені тастап кетіп қалды" деп жылап жіберді. Бағанадан бері сөзін ұйып тыңдап отырған Бектас бірдеңе ұққандай күліп жіберді. "Ой апа, таңнан бері шекеңіздің неге тырысып жүргенін енді түсіндім. Ашуға булығып жүргеніңіз, кеткен шалыңызды қызғанып жүр екенсіз ғой. Сіз де қатырасыз. Қойыңыз, бұныңыз не? Ана көрші кемпірлер естімесін. Әсіресе Мұнар ақсақал шалыңызбен кездесіп жүргеніңізді білсе ол да қызғанып қалар. Оның да кемпірі жоқ емес пе?" деп шешесін жұбатқандай әзілдеп жатыр. Сағираш та жеңілдеді ме бағанағыдай емес, жай дауыспен "Сен де шешеңе осындайда демеу бола­йын демейсің. Әйтеуір мені келемеждеуге мәзсің. Шайыңды ішіп болсаң, бар даланың жұмысын істе" деп артынан күрсінісі жібіп сала берді.
Содан бері ол Олжабайын қанша қызғанып, ренжісе де артынан Құранын оқытып, күлшесін таратуын тоқтатқан жоқ.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
08 шілде 2024 ж. 425 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 966

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930