ТАЛАПҚА ТАЛҒАМ ТАРАЗЫ
Мамандықты дұрыс таңдай білу қашан да маңызды. Өйтпеген жағдайда жұмыссыздар саны артып, әлеуметтік үлкен мәселеге айналуы ғажап емес. Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің мәжіліс залында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың «Жастар жылын» өткізу жөніндегі кешенді іс-шара жоспарына сәйкес, облыстық білім басқарамасының ұйымдастыруымен облыс бойынша арнаулы оқу орындары оқытушылары мен студенттерінен құралған кәсіби бағдар беру керуені мен «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін – 2050» әлеуметтік бағдарламасы аясында республикадағы оқу орындары өкілдерінің қатысуымен «Талапқа талғам таразы» тақырыбында кездесу өтті.
Шараға облыстық оқу орталығының маманы Ұлан Танмамбетов, сондай-ақ аудандық білім бөлімінің әдіскері Тәжігүл Әбенова модераторлық етті. Айтулы басқосуға мектеп директорлары, олардың бейінді-бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасарлары, мектеп психологтары, ата-аналар мен мектеп бітіруші 9, 11 сынып түлектері, сонымен қоса жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары қатысты.
Мектеп бітірушіге кәсіби бағыт беріп, шәкірттің болашағы үшін жауапты саналатын мамандық таңдауда қателеспеуіне нақты жол сілтеген кездесуде әрбір оқу орнының өкілі сөз сөйлеп, өздері тарапынан көрсетілетін жеңілдік түрімен таныстырды.
2014 жылдан бастап «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша еліміздің еңбек күші артығымен орналасқан 5 өңірден, атап айтқанда Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау облысынан еңбек күшіне сұранысы жоғары Ақмола, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысының оқу орындарына студенттер қабылдануда. Аталған бағдарламаға еңбек күші артығымен орналасқан 5 өңір жастары, сондай-ақ ҰБТ-дан шекті 50 және одан да жоғары балл жинаған талапкерлер қатыса алады.
Шарада күй күмбірлеп, әуезді әннен шашу шашылды.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».