Қасиеттер хикаясы
Намыс пен Ар. Былайғы жұрт бұл екеуін бөліп қарайды. Туыстығына мән берілмейді. Бәлкім олардың қадір-қасиетін ұмытқандықтан болар. Ар мен Намыс. Қаны бір, бірі – аға, бірі – қарындас. Намысты айтам-ау, байғұсты аяймын кейде. Жегені таяқ, көргені жұдырық. Басы жарылған, қан жылайды. Жексұрын болып жүр. Кейде ойлаймын осы бейбақ неге өмірге келген? Ол олай ойламайды. Ешкімге қатысы жоқ, негізі қатысы болуы тиіс, бірақ уақыт пен пиғылдың салдарынан керексіз болған дүниелерге басын тығады да жүреді. Үнемі айқайлап, жұртты зәрезап қылады. Мұның ұлы айқайына Құдайын ойлауға мүмкіндігі жоқтар қайдан мән берсін?! Құлағын тығындап алғандай қасынан өте шығады. Көзінің асты көгерген, денесі көк ала торғайдай болған мұны бірінші көрген адам есі ауысқан деп ойлары сөзсіз. Ал Ардың жайы тым бөлек. Әр есікті сығалап жүреді де қояды. Байғұстың соры бес елі екен. Маңдайында бәтеңкенің ізі бар. Жаны нәзік, табиғаты әлсіз екеніне қарамай таптаған-ау бәзбіреулер. Қайран бауырлар!
Намыспен кеше жолықтым. Өзінің де обалы жоқ. Килікпейтін жерге бас сұғып жүргені. Бірде сот залында, бірде әкімшіліктің алдында, енді бірде прокуратураның табалдырығында. Жарып жүргені шамалы. Бүгінгі көргенім ақырғысы емес. Жол бойында тұр екен, қолында қағаз. «Намысты ойлаңдар, арды ойлаңдар! Жеуді доғарыңдар! Елді ойлаңдар!» деп ұрандайды келіп. Қасымдағы атқамінер миығынан мырс етті. «Осының өзге жұмысы жоқ па?», – дейді иығымнан түртіп. Мен үнсізбін. Кенет зулап келген көлік тоқтады да, еңгезердей біреу түсті. Қолындағы портфелін көлік ішіне атып ұрды да, Намысқа қарай ұмтылды. «Ұсталдың ба?» дегендей жағасына жармаса кеткені. Әй жоқ, шәй жоқ. Байғұс бар даусымен барқылдап жатыр. «Атаңда бар, шешеңде бар ұят пен обалды ұмыттыңдар. Ұлттың ырыс-несібесін талан-таражға салуды доғарыңдар! Ақымақ елге арамза молда болуды қойыңдар. Адалдық керек, адамдық керек!» Анау болса өзі әбден тозығы шыққан жейдесін жұлмалап, Намыс бейбақтың желкесін үзердей жұлқиды. Намыстың аузын басып тұрып, іштен тепті келіп. Әлсіреп жүрген жанның шыбын даусы да шықпады шырылдаған. Тас тиген шымшық торғайдай сұлап түсіп, жерде аунап жатыр. Әлгі 43 размерлі бәтеңкесімен тепкілеп жатыр, тепкілеп жатыр. Үлкен жолдың бойында бірі – жұмысқа, бірі – үйіне асыққан жұрт мұнда мән бермейді. Ағылып өтіп жатыр, өтіп жатыр. Еңгезердей бәле тепкісін қойып, намыстың үстіне мініп секіруге көшті. Сонадайдан алба-жұлба көйлегін желбіретіп бір бойжеткен жетіп келді де: «Ағажан, аяңызшы, бейбақтың сау жерін қалдырмадыңыз. Бойыңызда титімдей де болса Ар-Намыс деген бар шығар?! Тең-теңімен. Теңіңіз емес қой, әлсіз, жел ұшырар қаңбақтай болған кісіні сонша сабап не керек?» Әлгі еңгезердей кісі томардай қолымен тізесіне жармасқан Ардың шашынан тартып орнынан тұрғызды да, сол қолының шапалағымен самайынан шарт еткізіп ұрып қалды. Уайым мен қайғыға салынып, шөкім еттей болған Ар мына соққыдан әудем жерге ұшып түсті. Әлгі: «Мына жерден енді көрсем, тура өлтіремін! Қараларыңды батырыңдар!» – деді де жөніне кетті. Есін жиған ағалы-қарындасты бір-бірін сүйрелеп кетіп барады көз ұшында.
Тінеугүні сот залында көрдім екеуін. Намыстың сол баяғы шикі өкпелігі қалмаған. Ар отыр зар еңіреп. Ағасының жайына алаңдайды байғұс. Есі ауысқан адамдай мейірімсіз жандарға алақан жаяды. Оны елеп, екшеп жатқандар жоқ. Бұл екеуі бұ жақта неғып жүргенін мен де білмеймін. Төрт баласымен әйелін шырылдатып, өзге бойжеткеннің етегіне жармасқан еркектің адамдығын оятпақ шығар? Әлде туа салып, баласын тас жолдың етегіне тастап кеткен он бестегі қыздың арын оятпақ па? Жоқ бәлкім біреудің жалғызының арын таптап, ит өліммен өлсін деп далаға тастап кеткен дөкей баласының намысын жанымақ па?
Алдымен дөкей баласына шүйлікті. Сөзді жаудырып жатыр, жаудырып жатыр. Иліккен ол жоқ. Миығынан күліп барады жөніне. Намыс болса қояр емес: «Өзіңнің де қарындасың бар, қызғалдақтай қызың болады. Соларды бір сәт неге ойламадың? Еркектік намысың өлген бе? Сен үшін сатылады ма бәрі?» Дөкей баласының жырына кірмейді. Қалтасынан қалтафонын алып, күлімдейді мекіреніп. Анық. Соттан жеңіп шыққаны анық. Әкесі дөкей болса, баласын шырылдатып қоймайды ғой. Баласын далаға тастаған шешеге ұмтылды. Шарананы далаға тастаған ана тайсақтасын ба? «Жатырыңнан жерініп не көрінді? Арыңды ойласаң, балаңды, жүрегіңнің бөлшегін далаға тастап не күн туды?». Әлгі саспайды, маңдайына түскен кекілін саусағымен тарамдап, жұрттан мейірімсіз жанарын көлегейлеген көзілдірігін жөндеп кетіп барады. Сонда айтқаны: «Әкесі жерісе, менің неге шыбын жаным шырылдау керек? Намыссыз еркектердің кесірінен болған жайт». Шымбайына батпады Намыстың сөзі. Төрт баласын бозторғайдай шырылдатып, әйелінен ажырасқан еркекке ұмтылды. Жанына жетіп барды да төпей жөнелді: «Арсыз неме, бұл өмірде не тындырдың? Бауыр етің – бала. Сол үшін өмір сүрмейсің бе? Әйтпесе өміріңнің құны қайсы? Әкесіз, әке тәлімінсіз олар қалай өмір сүрмек?». Еңгезердей денесіне біткен қарнын сипап ол тұр. Құдды алдына табақ ет қойылып, содан сылқия тойған жандай тісін шұқиды. «Бала ма? Ол болады. Құдай өмір берсе, әлі талай балам болады», – деді де шығып кетті сот ғимаратынан. Бәрі де жеңімпаз. Соттан жеңіп шыққан. Бірінің де мүддесі қорғаусыз емес... Содан не керек, маған жармасты. Жалынышты үнмен: «Бетіңде қытығы бар жансың ғой. Қалам да сермейсің. Жазшы бір, айтшы бір мен жайында, қарындасым жайында. Жеткізші үнімізді», – дегені бар.
Өмір өтіп жатыр. Тұрлауы жоқ, тоқтауы жоқ. Қамшының сабынан қысқа дейді, қамшыны қолға ұстамағалы қай заман. Мына өмір қалам бар ғой, күнделікті қолданыста жүрген қаламнан да қысқа. Сол қысқа ғұмырда қоғамның бұлғаңын көргенде ағайынды Намыс пен Арды ойлаймын. Арып, ашып, жүдеп жүр ме екен? Қайдасыңдар, Ар-Намыс?! Бармысыңдар?
Мағмар Мақсым.