» » Қалам қайтсе мұқалмас?

Қалам қайтсе мұқалмас?

Әуежай. Түн ортасы ауғанмен, бозқырау айының құла таңынан әзірге хабар жоқ. Ел әлі ұйқыда. Ал біз дорбамызды асынып, Сыр бойынан Мәскеуге аттанып барамыз. "Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар" демей ме? Жай жүрген жоқпыз. Тізгінімізді мақсат тепкілеп, шылбырымыздан мамандық міндеті сүйреген соң Ресейдің ордасына жөнелудеміз. Қазір "ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай" тірлігі бітпейтін журналистің алдында көп міндет тұр.
  Жыл өткен сайын ғылым дегенің қанаты қатқан қырандай шарықтап келеді. Араны да күшейген. Қанатымен тұрмыс дегеніңді сермеп-сермеп жібереді. Ал, әлемнің назары ғылымға ауған. Өйткені ғылым қай саланы да "аяп" жатқан жоқ. Ілгерілетіп жатыр. Артық қадам жасатуда. Бәсекеге қатыстырып, бәйгеге салуда. "Жоқ, жарамадым, жараусызбын" дегенге қарап жатқан жоқ. Әлсізсің бе? Көштен қаласың. Бұл бәйгеде ешкім озбайды. Озған да емес. Өйткені мәре бар да, сөре жоқ. Бастысы өзгелермен иін тіресіп бағу керек. Мәжбүрлі иін тіресесің де. Жаһанданудың талабы сол. Ал, мұндай талапты ескерген, жерлестерінің алдыңғы шепте жүріп, биіктікті алғашқылармен тіресе жүріп бағындырғанын қалайтын облыс әкімі бізге көп қолдау көрсетуде. Талай жерде астымызға жарау ат беріп, ас-суымызды қамдап, қажеттісі – сапалы қызмет етуге жөн сілтеген аймақ басшысына қалайша разы болмассың.
  Ой дегенің қызық қой. Келмес тұста келеді. Ал, "темірді қызған шағында соғу", ойды жүзеге асар іске айналдыру нағыз маманның қолынан ғана келеді. Газетіміздің бір санында аудандық басылымдардың редакциясын аралап, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының ахуалын саралап "Қорқыт еліне" Динара Бисембинаның келгенін сүйіншілей жазғанбыз. Ал, енді мына сапарлатуымыз кеңесшінің сондағы көңілге түйгенінен жүзеге асуда. Айта кетерлік жайт, "Сыр медиа" ЖШС-ның бас директоры Аманжол Сақыпұлы да саласының сан қырланып, эволюциялық дамудан гөрі революциялық ілгерілеуін қалайтын ісмер жан ғой. Серіктестікке қарасты басылымдардың жұмысын жүйелеу үшін заман талабы қойған жаңашылдықтарды лезде қабылдап, жүзеге асыратын, прогрестің нақ өзі, ірі мектептерде тәрбиеленген жастарды аудандарға жіберіп, өңірлік газеттердің тынысын ашуда. Бұл құр мақтау емес, саланың ішкі құбылысын, асханасын ұғатын жандар көріп жүрген тірлікке берілген баға. Кей аймақтарда, яғни облыстарда аудандық басылымдар әлі күнге "өз күнін зорға көріп жүр". Басылым дегенің "өзі бір күндік, сөзі мың күндік" болуы тиіс. Ал кей облыста аудандық басылым "брошюра" күйінде. Бірді айтып, бірге кетеміз. Сол сапарда Динара Асқарқызы оның сөзінше "жанарында жасын ойнап, жігерінде жалын бар" жастарға марқайып қайтыпты. Бұл да өз сөзі. Тиісті орынға таңданысын жеткізіп, ұсынысын да айтыпты. Ұсыныс мақұлданып, облыс әкімінің тікелей қолдауымен әуелі Елордада болып, жаңашылдық бастау алар ірі құрылымдардан тәжірибе жинақтадық. Сапа дорбасын білмегенімізден арылттық. Енді міне, Мәскеуге бағыт алып тұрмыз.
  Ұшу алаңында "Аэрофлот" компаниясының болат қыраны. "Қорқыт ата" атындағы әуежай іші ығы-жығы халық. Бағыт белгілі. Ұшаққа отырғызу басталды. Әдемі стюардессалар күлімдей қарсы алып, төрге оздыруда. Байқаймын, әуелі қорқыныш басым еді. Жолға шығарда досымның үйінде болғанмын, пақырым ұшақ апаты жайлы көп ақпарды санама сіңдіріп, үрейімді "үрдіріп" қойған. Күлімкөздерді көрдім де көкейімде "ұлығанымнан" айрылдым. "Қыз болмаса жақсы жыр жазыла ма, болмаса олар әдемі ән шыға ма, бас иіп табиғаттың ізгі арына, әсемдіктің көз салдық біз бағына" деген ғой. Ұшақтың негізгі заңдылықтарын түсіндіріп, бас ұшқыштың әңгімесін қылықпен түйсіндірген арулардың әрекетіне қарап-ақ әуеден табылдық. Заулаған ұшақ ұшу алаңынан лезде көтеріліп, Қызылорда қаласының самаладай шамдарын қыран биіктігінен бір-ақ байқадық.
  Ақ бұлттар арасын жарып ұшқан темір қанат қыран әп сәтте Мәскеуге жеткізді. Қою бұлттар арасынан әуелі Мәскеу өзені көрінді. Ұшақ төмендеген сайын бар қазақстандық сыйып кетер Ресейдің орталығының айшығы анық көріне бастады. Біз қонатын әйгілі Шереметьево әуежайы анадайдан менмұндалайды. Пақырың далдиып жатыр. Дегбіріміз қозып, түскенше асық дерсің. Әуе кемесі жерге табаны тиісімен жорғалай жөнелді. Жанын әуелі Аллаға, содан соң ұшқышқа тапсырған ұшақтағылар болат қыран тоқтағанда шүкірлігін һәм ұшқышқа разылығын білдіріп шапалақ ұрып жатыр. Әуежай дегенің қайнап жатқан қазан. Біреу-біреуді елеп жатқан жоқ. Бізбен келгендердің 20-25 пайызы Түркияға асығып, басқа маңға кетті де, қалғанымыз тіркеліп қалаға енбекке ұмтылдық. Әуежайдың сырты да толған қызу тірлік. Адамнан көлігі көп. Асығыс пен жанталас осында ма дерсің. Көпке ілесіп біз де келеміз. Көлікке жайғастық. Технология деген, қолдағы қалтафон көлік іздеткен жоқ, бос көлікті тауып берді де, жайғастырды. Сандық технология дегеннің жақсы жері осы ғой. Алғашында үрпейісіп отырғанымызбен, он-он бес минуттан соң қызу әңгіме басталды. Ана немістердің "қазақтарды бірінші атып тастаңдар, әйтпесе атуға қимай қаласың" деген әзілі бар емес пе? Соған салдық па, әлде жол қысқартайық дедік пе, әйтеуір ананы бір, мынаны бір сұрай бастадық. Жолдың қысқарғаны жоқ, бір сағаттан аса уақытта жетекшіміз алдын-ала келісіп қойған "Покровка 6" қонақүйіне де жеттік. Жеткеніміз сол жол сөмкемізді жайғадық та, өксігін баса алмай тұрған баладай ауа райына қарамай жоспарға сәйкес алғашқы нысанға аттандық.
  Жүріп келеміз. Жүйткіп келеміз. Мына жатқан Таганская көшесі. Әнесі Малая Ордынка, әрісінде Большая Ордынка көшелері. Әріде Балчуг көшесі менмұндалайды. Сөз орыстікі болғанмен, мән қазақтікі: Таганская - Таға, Малая Ордынка және Большая Ордынка - кіші Орда және үлкен Орда, Балчуг - Балшық. Себебі де түсінікті. Уақытында ата-бабамыз бұл жерге талай ат басын бұрды, жай келген жоқ, өз әмірін жүргізді, тарихын таңбалады. Арбат, Оренбург, Камышино, Баган, Кулунда, Чулым, Каргат, Каракешево сынды жер-су атаулары мұнда жетеді. Орысша жалғау тіркеп, түпкі мағынасын жойғандай болғанмен, айтылуы санаға селкеу түсіреді. Тарихшы Н.Карамзин бүлдірген "әфсана" болмаса, мына жердің топырағы қазақтың ізінен сыр шертіп-ақ тұр.
   Міне тағы бір қазақша атау. Кеңес Одағының батыры, қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлова атындағы көше. Н.Карамзин сықылдылар қазір бұл көшеге тиісе алмас, өйткені Ресей мен Қазақстандағы достық нық орнаған. Бұл атау соның дәлелі. Біз іздеген нысан осы маңда орналасқан. Әлия Молдағұлова атындағы №402 гимназия әудем жерден менмұндалайды. Бізді біраздан күтсе керек, оқу орны алдынан журналистикаға бет бұрып, мектептік газет (Гимназия хабаршысы) пен телебағдарлама даярлап жүрген (Сыр бойы тілшілер қосынының келуі жөнінде) оқушылар жамырай күтіп алды. Мектептің бас ғимаратына дедектете ала жөнелді. Байқағанымыздай, білім ордасының бес бөлімі бар екен, үшеуі балабақша, екеуі мектеп. Бас ғимаратындағылар қосынды дереу мұражайына оздырып, сөз басын "сәлеметсіз бе" деп бастаған 1-сынып оқушыларының мұражайды таныстыруымен қабыл алды. Олардың оқытушысы Наталья Николайқызының біраз тер төккені байқалып тұр. Оқушыларға орыс жерінде қазақтың салттық-дәстүрлік бұйымын таныстырту, оның қазақ тілінде сөйлету оңай болмағаны аңғарылады. Мұражайда не жоқ десеңізші. Қазақ тұрмысында қолданған және күні бүгінге дейін пайдаланып жүрген бұйымының талайы бар. Бәрі Қазақстан тарапынан сыйға берілген бұйымдар және соғыс жәдігерлері. Н.Николайқызы бізге тек тәжірибелі маман емес, театр әртісіндей әсер етті. Әсіресе, орыс телеарналарының қорында атауы алтын әріппен жазылған "Мой серебрянный шар" бағдарламасының жүргізушісі Виталий Вульфтай Әлия Молдағұлованың ғұмыр тарихын баяндап берді. Құдды батыр аруымызбен бірге жасағандай күйде болдық. Бір қызығы білім ошағына Қырымбек Елеуұлының көп көмегі тигенін де тілге тиек етті. Облыс әкімі ол уақытта Ресей Федерациясындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі еді. Сыр журналистері білім ошағына қонақкәдесін ұсынып, Әлия Молдағұлованың мүсініне гүл шоғын қойды. Содан кейін мектеп ұжымы жайған дастарханнан дәм татып, оқушылармен азын-аулақ пікір алмасу орын алды.
  Қаламгерлер қосыны алғашқы күннің жоспарына сай шығыстың жарық жұлдызы болған Ғани Мұратбаевтың басына тәу етті. "Ваганьково" қорымында орналасқан Ғ.Мұратбаевтың бейітін табу оңай болмады. Алдын-ала Қызылордадан алып шыққан ақпар бойынша бейіт 19/2 бөлігінде болуы тиіс еді. Журналистер жатпай-тұрмай іздеп әлекке түсті. Шөп арасынан ине іздегендей болдық. Қорым әкімшілігінен сұрап, қолымызға атаулы аймақтың картасын алған соң ғана нысаналы жерді таптық. Бір қызығы, бейіт 19/2 бөлігінде емес, 20/2 бөлігінде, 13 қатарда орналасқан екен. Сыр журналистері бейіт басын сарғайған жапырақтардан тазартып, біртуар тұлғаға бағыштап Құран оқыды. "Айтпасаң сөздің атасы өледі" деген. Кей мәліметке, мәлімет емес-ау, ел аузындағы әңгімеге сенсек, қыр баласының тау бағындырып, атқа қонғаны талайға ұнамаған екен. Әдетте сананы тұрмыс билегенде, менмендік ұлттық, елдік мүддеден биік болғанда, біреудің өзінен биік кеткенін көре алмағанда арыстай азаматтардың өркенін пенде біткен "қиып" жіберетін әдеті емес пе? Қанша мұзбалақ солай кетті ғой. Аңыз, бәлки тәмсіл, бірақ астында ақиқатқа келер дүниесі бар әңгіме жасындай жарқылдың өз ажалынан өшті дегенге сендірмейді. Айтпақшы, Ғанидай тау тұлғаны дүниеге әкелген қасиетті топырақтан қандастары келгенде, Құранға алақан жайғанда аспан да ауыр күрсініп, көз жасын төгіп жібергендей болды. Біз тізерлеп, малдасқа отырғанда нөсер төкті, "Ваганьководан" шыққанда бір-ақ тыйылды. Кіл христианның ішінде жатқан мұсылман баласы көңілін солай білдіргендей. Қабірін нұрландыра көр, О, Тәңірім!
  Мәскеудегі екінші күн М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өтіп жатқан "БАҚ-тың сандық түрленуі: аймақтық, ұлттық және глобалдық мәселелері" атауымен өтіп жатқан "БАҚ және бұқаралық коммуникация" Х халықаралық оқылымдармен жалғасты. Жиынды журналистика факультетінің деканы Елена Лернидовна ашып, конференцияға қатысушылармен таныстырды. Сондай-ақ, Италияның Перуджи университетінің профессоры Паоло Манчиниге М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің "Құрметті профессоры" атағын табыс етті. Айта кетер жайт, конференция бірнеше секция бойынша бөлініп, әлемдік трендтке айналған тақырыптар, оның ішінде цифрлы журналистика, аймақтық БАҚ бәсекеге қабілеттілігі, жанрлардың араласуы, қазіргі медианың динамикалық дамуы, БАҚ-тың уақытқа сай аудиториясын кеңейту жолдары, журналистиканы цифрландыруда қазіргі қиындықтар мен перспективалар жайында талданды. Мәселен, Ұлыбританияның Нортумбрий университетінің өкілі Массимо Рагнедда "Инклюзивтік сандық қоғамға жол" баяндамасында БАҚ-тың сандық технологияға көшуі және аудиторияның қажеттілігін қамтамасыз ету мәселесін көтерсе, Хельсенки университетінің өкілі Ханну Ниеминен қоғамның БАҚ-қа сенімі мен ақпарат алу құқығын баяндамасына арқау етті. Конференция барысында Лю Янь (Қытай), Моновара Бегум Мони (Германия), Малини Сринвасан (Үндістан), Рафаэль Карион Ариас (Испания), Ранда Романова (Финляндия), Антогони Темистоклеус (Кипр), Фрэнсис П.Барклей (Үндістан) сынды ғалымдар баяндама жасады.
  Кофе-брейк, біздіңше шай ішуде Үндістанның өкілімен жолықтық. Тамил-Наду орталық университетінің өкілі Р.Шамаламен аудармашысыз сөйлестік. Тіпті суретке түстік. Сөйлескенде екеуміз не хинди, не қазақ тілінде сөйлескеніміз жоқ. Біздің ымыраласып тұрғанымызды аңғарса керек, университеттің бір студенті Шамаланың ағылшынын орысшаға, менің шала орысшамды ағылшын тіліне аударып тұрды. Конференцияға қатысқанына разы. Өзі ұлттық киіммен келіпті жиынға. Біздің ел жайында жақсы ойда екен. Ал Қызылорда облысы туралы айтқанымда тіптен таңданысын жасырмады. Әлгі студентке, бір-бірімізге алғысымызды жаудырып жөнімізге кеттік. Содан көкейде піскен ой - тіл үйрену керек екен.
  Түстен кейін ТМД-ның БАҚ өкілдері мен оларды даярлап жүрген оқу орындары дөңгелек үстелде жолықты. "Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды" деген ғой, мұндағы басты нысана кәсіби маман даярлау және кадр даярлаудағы қиындықтар турасында сөз болды. Санкт-Петербург мемлекеттік университеті журналистика факультетінің деканы Анатолий Пуюше айтқанда: "сандық технологияға келгенде оқушысы оқытушыдан білімді келетін" мына уақытта конвергентті журналист даярлау кезек күттірмейтін мәселе. Бұл мәселе Белоруссияда да, Кырғызстанда да, Молдавада да өзектірек болып тұр. Баяндамашылары осыған сай сөз өрбітті. Алайда Өзбекстанның Журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің басшысы Шерзод Кудратходжаевтың сөзіне сенсек, маман даярлау қиын мәселе емес, жақсы маман өзі шыңдалып шығады екен. Мәселен, Ресейде журналистикаға оқуға түсу үшін 1 орынға 45 абитурент "таласуына" тура келеді. Мемлекеттік тапсырыс солай екен. Беларуссияда да жағдай осындай, ТМД елдеріндегі де жағдай солай. Алайда алашапанды ағайындар жастарды оқытуда шектеу қоймайды екен. Қаншасы оқығысы келеді. соншасына білім береді. Мәселе, мықты маманды бәсекелестік іріктеп алады. Шара өтіп жатқан оқу орнының өкілі Елена Вартанова дөңгелек үстелді тиімді ұсыныспен жапты. Факультет деканының ойынша, жақсы маман даярлау үшін, бәсекестікке төтеп беру үшін, арнайы аймақ құрып, соған сәйкес оқу орындарының оқытушылар жиналып, пікір алмасып тұруы қажет екен.
  Ми дегенде өзі неше қатпарын білмеймін, бірақ журналистиканың сан қырлы саласындағы мың түрлі түрленуге байланысты көтерілген мәселелердің бірін қабылдап, бірін қабылдамай тысқа шыққанмын. Сонадайда Қанекең, Қаныбек Әбдуов тұр. Қасында "қазақ қызы". Қара торы келген, бидай өңді бойжеткен. Жанына жетіп барып, "сәлеметсізбемді" жаудырдым келіп. Сөйтсем, "қазақ қызым" қалмақ қызы болып шықты. Есімі - Намджил. Кіл сарының ішінен өз қарамды таптым ғой дегенім сол еді, қарам "сары" араласқан болып шықты. Орысша "непонела" дегенде шошып кеткем. Қалмақтарды туған тілінен, дәстүрінен сол баяғы Н.Карамзинның "Ұлы Русь" бастауын қолдаушылар әлдеқашан ажыратқан. Қайта аздап қалмақ тілінде сөйлейді екен. Қанекең қалмақтың кей сөздерін қойын дәптерге түсіріп алып жатыр. Тым "современный" киінген қалмақ қызы тысқа шылым шегуге шықса керек, жан-жақтан анталай сауал жолдаған соң қысыла ішке ентелей жөнелді. Мына қызықты қараңыз, манағы Р.Шамалам кетіп барады. Манағы ұлттық киім жоқ. Таңдандым, жиынға үнді ғалымы ұлттығын танытуға келіпті. Әйтпесе карнавалға келмегені анық қой.
  Жиынның келесі күні түске дейін конференцияның сексиялық жұмыстарына қатысып, журналистиканың өзекті мәселелері көтерілген баяндамалардан сусындаған соң сәскеден кейін Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетіне бет алдық. Мұндағы мақсат - Ресейде облыс әкімінің қолдауымен білім алып жатқан жастармен жолығу, жағдайын білу, пікір алмасу және "Сыр медиа" ЖШС бас директорының орынбасары Қ.Әбдуовтың бастауымен қолға алынған Сыр жастарын ел дәмінен ауыз тигізу.
  Қазір А.Темирязов атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университеті және Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетінде аймақ экономикасының сұранысына сай мамандықтар бойынша 436 "болашағымыз" білім алуда. "Болашағымыз" деп даралаудың өзіндік мәні бар, олар жай оқып жатқан жоқ, облысқа қажетті кадр тапшылығын жоюға негізделген мамандықтарда білімнің тауын қопаруда. Журналистермен жүздесуге 70-тен аса сырбойылық жас келді. Байқағанымыздай, жігердің жалыны бойында лаулаған жастар елге деген сағынышы барын жасырмады. "Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты" жастар азат елдің ұлы мұраты жолында кіндік қаны тамған жеріне келіп еңбек етуден басқа арманы жоғын да айтты. Облыс әкімінің кеңесшісі Динара Асқарқызы жастардың бұл талабын қуаттап, сөзімен жігерлендірді:
  - Облыс әкімі мұндай мүмкіндікті жасаудағы мақсаты - өңір экономикасы дамуына дем беретін жастарды дайындау. Қазақстан бойынша Ресей Үкіметінің есебімен білім алып жатқан сырбойылық жастар ғана. Сондықтан берілген мүмкіндікті құр жібермей, инемен құдық қазғандай білім алып, алған білімді туған жерді түлетуге арнағанға не жетсін!
  – Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевқа Ресейдің озық университеттерінде білім алуға мүмкіндік берді. Біз облыс әкімі мен ата-анамыздың сенімін ақтау мақсатында сапалы білім алуға бар күшімізді салудамыз. Қазақ жастары бір-бірімен қойын-қолтық араласып, демеу болып жүреді. Қызылордалық жастар белсенділігін «Орда» ұйымы аясында көрсетуде, – деді Ресейдегі қазақ студенттері көшбасшысының бірі Айсана Қанатқызы.
  Кездесуге Қармақшы топырағынан түлеген студенттер де келіпті. Бір емес бірнеше студент. Алдағы уақытта Мәскеуде білім алып жатқан жерлестермен сұқбатты жариялайтын боламыз.
  Жақсы нәрсенің тез өтіп кететіні қиын. Дегенмен жақсы естелікке толы үш күн танымымызды кеңейтіп, қаламымызды ұштай түскендей. Мәскеудің орталығынан шығып, Шереметьеваға бағыт алдық. Ұшаққа отырдық. Елге келдік. Арқаланып үйге жеттік. Базарлық тараттық. Бірақ, осынша керемет дүниені ұйымдастыруға мұрындық болған, бастаған істі аяғына дейін жеткізген кісіге тиісінше алғыс айта алдық па деген сауал кеудеде сарнап тұр. Бәлки алғыс иесін тапқан да болар!?
Дастанбек САДЫҚ,
Қармақшы-Мәскеу-Қармақшы.
30 қазан 2018 ж. 2 237 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 248

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 349

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930