ТІРІДЕ СЫЙЛА, АҒАЙЫН, ӨЛГЕНДЕ «САРАЙ» САЛДЫРМАЙ...
Ауыл шетіндегі қара шал өмірден озыпты. Тірісінде ұл-қызынан рақатты көрем бе деп оқытты, шоқытты, бірін ешкімнен кем қылмаған еді. Есейген ұл-қыз әрісі шетел, берісі Астанада ауқатты тұратын. Бірақ, солардың біреуі келіп, қара шалды қолына алып, шаңыраққа тұрақтамады. Жылына бір мәрте «өтпіскіде» Отанына келгеннен не пайда, қыстың қытымыр суығы қытығына тигенде жасы жетпіске келіп, арқалап отын таситын, суын да өзі қарайтын. Көзге түрпідей тиетін жұпыны тамның сұрқы қашып, жетімсіреп тұратын. Оны жөндейтін қара шалда не қауқар бар?! Иә, өмір бойы бейнетті арқалады да қара шал көз жұмды. Бала күнімізде ернінің астына насыбайын салып алып, күн шуақта отырушы еді... Ол да кетіпті ғой.

– Тірісінде көрсетпеген құрметті өлгенде жасағаны несі-ей?! Қонақасында тойда отырғандай болдық, құрғыр. Мен өлгенде бейітімді төрт құлақ қып, қам кесектен соғыңдар, – деді бізге қаратып.
Айтқанын орындадық. Төрт құлақ қам кесектен зиратын қойып, көктасқа атын жаздық та, Құран бағыштадық. Әке деген сөзді жетіншіден бері қаратпа етіп айта да алмай келеміз ғой. Ана жылы қарттар үйіне жұмыспен барғанымда сыныптасымның әкесін көріп қалдым. Үнсіз көрмегендей боп кеткенмін, ондағы ойым ол кісінің өзі ұялып қалмасын дегенім. Сыныптасыма хабарласып мән-жайды сұраған едім, ол «жасы келді, төсегін бүлдіріп қоя береді, келінімен келіспей қалады, солай боп қалды» дегенмен шектелді. «Әке-шешең жынды болса байлап бақ» дегенді есіне салдым да, сонан соң онымен ара қатынас суып кеткен.
«Тыныштық қайтыпты» дегенді естігенде баяғы қарттар үйінде жанары жәутеңдеп отырған қария көз алдыма келе берді. Кемпірі кеткен соң, өзі де көп жүрмепті дегенге келтіріп үлкендер отыр. Қайдан білсін, мүрдесін қарттар үйінен әкелгенін. Сыныптасымның көзінен бір тамшы жас ақпады. Тәйірі, неткен тас жүрек едің?!
– Сен әлі өкпелеп жүрмісің? – деді даусы дірілдеп.
О, жаратқан, бала күнінде жетімек боп қалғанда бауырына басып, адам қылғанын ұмытып қалды ма екен?! Біздің ата-анамыз жиналысқа келе алмай жүргенде, ең бірінші Тыныштық көкем келіп отырушы еді. Біз жылтыраған жаңа киім кие алмай, ағамыздан қалғанын жамап-жасқап жаратып жүргенде бұ баланы о шал ештеңеден кем қылмап еді. Ең жаңаны киіп, ең тәттіні жейтін де осы еді ғой. Соның бәрі Тыныштық көкемнің арқасы ғой.
Жалғыз бала, онда да бауырына басқан. Ата-анасы беймәлім жан еді ғой бұл. Дастарқанды ас та төк қылыпты. Қара жерге тапсырғанымызға екі күн болмай жатып, бейітін салатын бопты. Бара алмадық. Кейін сәті түскенде зират басына соқтым. Қол жайып, Құран бағыштадым. Сонадайдан көзге ұрып тұрған бейітті көзім шалды. Жақында салынғаны белгілі. Тыныштық көкемдікі екенін де байқадым. Алдына тізерлей кетіп, қол жайдым, жалғыз баласы үшін кешірім сұрадым. Ағам Арман ойымды бөліп:
– Қолдан келген құрметін аямапты бала. Тірісінде не көрді деп қолда барын салған сияқты, – деді.
– Иә, бірақ қолын мезгілінен кеш сермеген екен, – дедім тіземді қағып жатып.
Жол бойында қаз-қатар тізілген бейіттен көз сүрінеді. Тіпті кей аудандарда елді мекенмен иық тіресіп тұрған зираттар бар. Өлілер мен тірілердің арасында ара қашықтық болу керек шығар?! Пендеміз ғой, түрлі әрекет істеп қалармыз, күнәға батып жатқанымызды көрмесін де.
Зиратты кеңейткенімізбен оның ішінде өмір сүреді деп, ат-әбзелімен, азық-түлігімен, қару-жарағымен, қасына қызметшілерімен бірге көметін сонау сақ дәуіріндегі түсіністіктен арылғанымыз қашан?! О дүние мен бұ дүниенің ара жігін ажыратып, жәннат пен тозақтың анықтамасын ендігі білетін шығармыз?!
Біршама уақыт бұрын қазалы үйден қонақасын бермейтін, алыстан ат арытып келгендердің өзін көршінікінде күтетін әдет қалыптастыра бастадық. Тіпті сол қонақасында қандай ас-ауқат болу керегін де сан мәрте айтып келеміз. Қолдап жүргендер де жоқ емес. Енді осы бір түйткілді талқы таразысына салғанды жөн көріп отырмыз. Айтар ауызға бәрі оңай. Бірақ ата-анамызды көз жұмғанда құрметтемей, оған дейін сол кірпіштің ақысына бірнеше мәрте демалыс орындарына, саяхатқа, тіпті жағдай келсе шетел аралатыңыз. Олар құрметке осы сәтте зәру. Баласының сыйы деп зәулім үйде тұрсын, заманауи қажеттіліктерді тұтынсын. Үлкендерімізге демі үзілген соң «сарай» салдырғаннан олардың жағдайы өзгермейді. «Сарайда тұрады екен» деп жәннаттың есігі ашылмайды. Қайдан бұйырса сонда барады. Осыны ұғынатын кез келген сыңайлы.
Өзі коттеджде, ата-анасы қасындағы тоқал тамда тұратын кісіні танушы едім. Қызметте жоғарылаған ғой. Үйіне әкім-қара келгенде қартайған ата-анасынан ұялатын көрінеді. Өзімсініп айтқандағысы ғой маған. Ертең ол да ата-анасы өмірден өткенде зәулім сарай тұрғызып, құрмет көрсеткен болады. Біз не боп барамыз осы?!
Аян СПАНДИЯР.