» » ҚЫЗЫЛ КОМСОМОЛ

ҚЫЗЫЛ КОМСОМОЛ

Менің кішкентай күнімде апамның айтқан әңгімелерінің ішінде маған қатты әсер еткені – Қармақшы әулие мешітінің бұзылуы жайлы әңгіме.
Ол кезде мен 5-6 сыныптарда оқитын едім. Бұл – Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектеп болатын. Мектепке барғанда ол бір ауланың ішінде екі корпустан тұратын ескілеу үй еді. Бірі – казарма тәріздес ұзынша етіп салынған, сыртын әппақ әкпен әктеген, ал екіншісі қазірге дейін дариядан вокзалға дейін созылған. Ол кезде Ленин көшесі деп аталатын ұзын көшенің бойына салынған шағын ғана қоңыр шиферлі үй болатын. Қазір ол үйдің бар-жоғын білмеймін. Бірінші корпустың ар жағында үлкен базар болатын, өзіміз бала болғасын ба қазіргі қала базарларына ұқсамаса да, ол бізге айтарлықтай үлкен болып көрінетін. Сол базардан қысы-жазы неше түрлі жемістер сатып отыратын өзбектер арылмаушы еді.
Кейінірек сол мектеп ауласының ішінен салынған, қызыл кірпіштен өрілген екі қабатты әдемі мектепте оқитын болдық. Сол мектептің 6-сыныбында оқып жүргенде мынадай көрініске куә болдым. Мектептің шығыс жағындағы көшенің қарсы бетіндегі үйлердің бірінің алдында күн сайын бір қарт кісі отыратын. Көбіне мен оны алыстан көріп жүріп, мектеп ауласындағы балалардың ойынын ұзақ қызықтап отыратынына таңғалатынмын. Бір күні сол кісіні өте жақыннан көріп, ішім мұздап сала берген. Көзі көрмейтін кісіден әнтек көтерілген басы таяқ ұстаған қолымен бірге қозғалып, үздіксіз селкілдеп тұрады екен. Ақ сақалы мен ақ көйлегінің жағасы қоса дірілдеп, бір сұмдық дертке ұшырағанын білдіріп, атаның кейпін өте аянышты қылып көрсеткені сонша, сол кісінің бейнесі көпке дейін көз алдымнан кетпей қойған. Үйге келген бойда асығыс-үсігіс әлгі кісі туралы апама айта бастадым.
Сонда апам: «Еее... ол ана қызыл комсомол ғой, сенің мектебіңнің жанында «Молотов мектебі» деген болған. Сол мектептің орнында ертеректе Қармақшы әулиенің мешіті болды. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін бір кездері қожа, молдаларды қудалау басталғанда сол мешітті бұзуға жоғарыдан нұсқау келген. Мешіттің күмбезінің басында тұрған ай белгісін бұзуға ешкімнің жүрегі дауаламай дағдарып қалса керек. Сол кезде сен көрген кісі қылтылдаған жас комсомол белсенділерінің бірі болса керек. Үкімет адамдары, милициясы жиналып, әлгі баланы ортаға алып: «Сен – қызыл комсомолсың, мешітті сен бұзбағанда кім бұзады, оны істемесең «халық жауы» деп сені соттап итжеккенге айдатып жібереміз» деп қорқытқасын жас бала амалсыздан келіскен екен.
Мешітті бұзатын күні халық көп жиналып, шошынып қарап тұрса керек. Бұзуға келген топ: «қызыл жағалылар» үкімет адамдары, шолақ белсенділер қаумалап, ұзын саты әкеліп, бірнеше адамды мешіттің басына шығарып, ана жігіттің қолына айбалта беріп, күмбездің ұшар басындағы Айды қағып түсір деп бұйырады. Амалы қалмаған бала қолындағы айбалтаны құлашын керіп, сілтеп қалғанда жердегі жұрт «биссмиллә» деп шошынып шу ете қалған. Сөйтсе, баланың басы айналып, желкесіне қарап қалған екен. Артынан ілесе шыққандар ес-түссіз теңселіп, құлап бара жатқан баланы жеделдетіп ұстап, сүйемелдеп жерге түсірген. Көп уақытқа дейін тілсіз қалып, келеге келмеген баланы әке-шешесі үкіметтен жасырып, үлкен әулиелерге түнетіп, бақсы-балгерлерге апарып жүріп, ұзақ емдеткесін, беті орнына келгенмен, басы-қолы өз-өзінен селкілдеп отыратын болған. Әулиенің киесі ұрды деп жүрді жұрт» деген еді.
Міне осылай біздің Қармақшының да басынан қилы-қилы жағдайлар өткен екен.
Орынкүл ТЫНЫМБАЕВА,
ардагер-ұстаз
19 мамыр 2026 ж. 97 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№37 (10505)

19 мамыр 2026 ж.

№36 (10504)

16 мамыр 2026 ж.

№35 (10503)

13 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 137
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 716

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031