Адалдық

Қарап отырсаңыз ақылды адамдар елге сыйлы, қадірі бар. Кейбір жандар не істерін білмей адасады. Өзінше ақыл жоқ. Байқап жүргенімдей, мекемеге жұмыс істеуді ғана жұмыс деп санайтын көп екен. Зейнеттемін десең, «А, жатыр екенсің ғой», – дейді. Таң қаласың. Неге жатуың керек. Жататын жер басқа жақта. Тірлікте уақыт жатуға берілмеген. Шынымды айтсам, жоспарлаған жұмысыма уақытым жетпей қалып жатады. Сосын ертеңгі жұмыс жоспарымды бүгін ойластырып қоямын. Сонымен жұмыс істеуге тырысамын. Ақылым мені жұмыссыз қалдырып тұрған жоқ. Дене жұмысынан басқа ой жұмысына да көп уақыт керек. Кітап оку, ойларыңды қағазға түсіру де мен үшін өте қажетті жұмыс.
Аптаның бір күні моншаға арналады. Кенттің әр түпкірінен келетін азаматтардың бас қосып, шүйіркелесетін жері. Менің бір ағам айтушы еді, адам екі жерде теңеседі. Біреуі моншада, біреуі о дүниеге аттанғанда деп. Солай бәріміз шынымен де бірдей болып теңесіп аламыз. Жуынып алып бу бөлмесіне кіргенде керемет әсер аласың. Одан шығып, үстіңе жеңіл халатыңды киіп, әңгімеге кірісесің. Бұл жерде не әңгіме айтылмайды десеңші. Кейде саясат жағына кетіп қалып гуілдесеміз, естіген жаңалықтар айтылады, бастан өткен небір хикаяларды да осы жерде естисің. Арасында моншаның егесі Қонысбек ағамыз да келіп, әңгімеге май құйып кетеді. Баратын жігіттер белгілі, сырмінез болып алған. Кейде келмей қалған жігіттерді сұрап қоямыз. Көшеде кездескенде де жылы амандасып, іш тартып тұрамыз.
Бірде Талант інім бір әңгіме бастады. Сол ойымда жүр еді, бір жағынан ел білсін, екінші жағынан басқаға үлгі болсын деген ой мазалап, соны жазуға отырдым. Таланттың әкесі Айтбай Әлиев те бір жақсы азамат еді. Көрген жерде аңқылдап, жасы сәл үлкен болса да «Дастеке» деп амандасып, қауқылдасып қалатынбыз. Енді, Таланттың әңгімесіне көшейін.
– Бір күні жаяу жүргіншілер жүретін жолақпен келе жатсам, алдымда ақша жатыр. Алып қарасам бүктелген екі он мыңдық банкнот екен. Қолыма алып, жан-жағыма қарасам, ешкім көрінбейді. Тек, алдымда жүз метрдей жерде бір әйел мен қызы болуы керек, кетіп бара жатыр. Содан ойладым, осы кісілердікі шығар, одан басқа ағылып жатқан адамдардың жол үстіндегі ақшаны аңдамауы мүмкін емес қой. Сөйттім де тез-тез басып, екі кісіні қуып жеттім. Амандасып: – Жолға байқамай заттарыңызды түсіріп алған жоқсыздар ма? – деп сұрадым. Әйел кісі қалтасын қарап: – Екі он мыңдық ақшам бар еді, түсіп қалған-ау шамасы, калтамда жоқ, – деді. Ақша осы кісілерге тиісті екендігі белгілі болды. – Ақшаларыңызды мен тауып алдым. Мінекейіңіз, – деп ұсындым. Абыржып тұрған апаның жүзі лезде қуаныштан жадырап, рақметін жаудырып жатыр. Басқа қалтасынан екі мың теңге ақша алып, маған бермекші болды. Мен: – Апа, керек емес. Одан қайта сіз маған батаңызды беріңіз. Үйленгеніме төрт жылдай уақыт өтті. Бөпе сүйе алмай жүрміз. Балалы бол деп бата беріңізші, – дедім. Апа қолын жайып: – Өркенің өссін балам, Алла қолдасын, саған нәресте сыйласын, шаңырағыңда жақсылық пен береке арылмасын, – деп бата берді. «Аумин» деп бет сипап, тілек қылдық. Келесі жылы келініңіздің аяғы ауырлап, бөпелі болдық. Тәңірдің сыйы шығар, дегенмен, апам шын ниетімен берген бата болды, – деп риза кейіппен әңгімесін аяқтады.
Иә, қызықты оқиға екені рас. Бата да болған шығар, бірақ Таланттың адалдығы мен азаматтығын да жоққа шығармайық. Оның адал пейілінің шапағаты өзіне жақсылық болып қайтқан шығар. Қазақ «адам пейіліне қарай» бақытты болады деп жатады ғой. Адалдыққа не жетсін!..
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ















