» » НОМОФОБИЯ: ӘДЕТ ПЕ, ДЕРТ ПЕ?

НОМОФОБИЯ: ӘДЕТ ПЕ, ДЕРТ ПЕ?

Бүгінде смартфондар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ол тек байланыс құралы емес, ақпарат көзі, жұмыс құралы және ойынсауық платформасы болып барады. Кейде біздің бір тақырып төңірегінде қалам тербеуімізге өз өміріміздегі оқиғалар да сеп болады. Мәселен, жақында телефонымда сәл ақау болып, біршама уақыт әлеуметтік желіге кіре алмай қалғаным бар. Сағат сайын алаңдап, бірнәрсе дұрыс еместей біртүрлі күй кештім. 2-3 күн дегенде интернет дұрысталып, әлеужеліге кіргенімде осы сезіміммен бөлістім.
Сонда көпшілік «қазір бәрімізде осы ғой», «емізігін іздеген баладай телефонды іздейміз» деп жазды. Қанша қажеттілік десек те, қалтафонымыз қалтамыздан мүлде түспейтін күйге жеттік. Мойындағымыз келмесе де бұл ісіміз дертке айналып бара жатқаны жасырын емес. Ал бұл дерт номофобия деп аталады. Бұл – туабітті немесе жұқпалы дерт емес, адамның өз таңдауы арқылы қолдан жасалған дүние. Мұның ақыры қандай қауіпке апарады? Саралап көрсек.
Телефонға тәуелділік ұғымы
Номофобия – телефонға тәуелділіктен шыққан қорқыныш. Бұл no mobilephone phobia деген ағылшын сөзінен шыққан. Яғни телефонсыз қалудан қорқу. Психоневрологтар номофобияның бірнеше симптомы бар дейді. Мәселен, телефоныңыздың қуаты азайса, бірден қобалжып, уайымдай бастау; жаңа хат, хабарлама келмеді ме деп сәт сайын қарай беру, жаңалықтар лентасын қайта-қайта жаңартып, бұрын оқып тастаған болсаңыз да, жаңа хабарлама келмесе де тексере беру; гаджетті бұзып алудан қатты қорқу. Сізде осындай сезім болса, демек сізде мазасыздық та болатыны белгілі. Соның салдары жүйке жүйесіне де кері әсер етеді.
Енді телефонға тәуелділіктің пайда болуына мынадай бірнеше фактор әсер етеді. Ең бірінші – әлеуметтік желілердің ықпалы. Лайк, пікір және қаралым жүйесі адам миында дофамин бөлінуін ынталандырып, тәуелділікті қалыптастырады.
Екінші – ақпараттың шексіздігі. Қысқа әрі жылдам контентке үйренген адам зейінін ұзақ уақыт бір нәрсеге шоғырландыра алмайды. Үшінші – психологиялық себеп. Яғни жалғыздық, күйзеліс, өзіне сенімсіздік сияқты факторлар телефонға шамадан тыс жүгінуге итермелейді. Төртінші – қоғамдық орта. Қазіргі өмір салты онлайн болуды талап етеді. Оқу, жұмыс, қарым-қатынас барлығы дерлік смартфон арқылы жүзеге асады.
Ал осы ұялы телефон қалай пайда болды?
1875 жылдың 2-маусымында Бостон университетінің Шешендік өнер мектебінің профессоры Грехем Белл ең алғаш рет байланыстырушы сымдардың көмегімен өз көмекшісінің даусын естиді. Өнертапқыштың бұл жаңалығы тарих бетінде телефон деген атпен қалды. Бір қызығы, оның есімі ағылшын тілінен аударғанда, «қоңырау» деген мағына береді.
Арада бір ғасырға жуық уақыт өткенде ең алғашқы ұялы телефондар пайда болды. Иллинойс технологиялық институтының түлегі Мартин Купердің өнертапқыштық бұл жаңалығын қазір әлем халқының жартысына жуығы күнделікті қолданып отыр. Ұялы телефонмен жасалған алғашқы нағыз байланыстың тарихы 1973 жылдың 3-сәуірінен басталады. Ұялы байланыс компаниясының қызметкері Мартин Купердің зерттеулер бөлімінің басшысы Белл Лабзға Нью-Йорк көшелерінде серуендеп жүріп соққан қоңырауы ұялы телефонмен алғашқы байланыс орнату саналады. Купердің өзі таратқыштан сигнал жіберу хаттамасының негізгі құрастырушысы еді. Ал ол қолданған телефонның салмағы, яғни ең алғашқы ұялы телефон 1,15 килограмм болған. Бүгінде телефонның сан түрі бар.
Смартфон сыйлаған сырқат
Бүгінде заман ағымына қарай өркениет жетістіктерін пайдалану барысында күнделікті өмірімізге дендеп енген өзгерістер қатарында бұрын атын естімеген, тіпті болмаған аурулар пайда болды. Қоғамның басты мәселесіне айналған мұндай аурулардың қатарындағы фаббинг те бар. Фаббинг – кез келген жерде, яғни кездесуде, дастарқан басында, жиналыста, көңілді кештерде смартфон, гаджеттерден ажырамайтын адамдардың «сүйікті» ауруы. Ондай адамдар әлеуметтік желілерден, ойындарға кірген соң одан бас ала алмай, айналасында не болып жатқанына да мән бермей, өз әлемінде отырады. Салдарынан қоғамдық ортадан бөлініп, психологиялық ауытқуларға да ұшырауы бек мүмкін.
Мәселен, massaget.kz сайты осыған байланысты төмендегідей деректер келтіреді. «Бұл терминді 2012 жылы McCann жарнама агенттігінің қызметкері ойлап тапқан. Ал оны шартарапқа таратқан осы аурумен күресетін STOP PHUBBING компаниясы өз сайтында мынадай қызықты ақпарат жариялаған. Онда компания фаббинг ауруы тараған елдерді картадан тауып, тізім жасаған. АҚШ пен Ұлыбритания сол тізімнің көшін бастап тұр. Бұл ТОР-20-да көрші елдер болғанымен, біздің ел қатардан табылмады. Бірақ бұл бізде «мына аурумен науқастанатын тұрғын жоқ» деген сөзді білдірмейді. Шамамен, 21-орынды иеленетін шығармыз. Егер фаббингті оба ауруындай өлімге алып келеді деп есептесек, Қытай тұрғындарынан алты есе көп адамзат баласы жоқ болып кетер еді. Сондай-ақ смартфоннан бас алмайтындар тамақтың дәмін сезбейді, нәрін де бойына сіңіре алмайды. Олардың 97%-ы арық болады екен. Әлем бойынша жасөспірімдердің 87%-ы достарымен онлайн-хабарлама арқылы сөйлескенді жөн көреді. Фабберлердің басым көпшілігі смартфонды сөйлесу үшін, не қызықты қысқа видео көру үшін, болмаса ән тыңдау үшін, Google-дың қызметтерін пайдалану үшін қолданады».
Бұл смартфонға тәуелділерге жасалған талдаудың бергі жағы ғана. Ал шындығында фаббингке шалдыққандар қатары өз елімізде де аз емес екені анық. Мұның артында психологиялық аурулардан басқа, бас, ми ісіктеріне шалдыққандар санының көбеюі фаббингпен байланысты екенін айтып, дабыл қағып жатқан ғалымдар мен дәрігерлердің кеңесіне құлақ асудан да қалдық. Өйткені смартфондар мен гаджеттер күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналғаны соншалықты, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін соған жіпсіз байлаулы. Басқа нәрсесін жоғалтып немесе сындырып, не ұмытып кеткенге онша бас ауырта қоймайтын адамдар дәл осы телефонға келгенде өте мұқият және уайымшыл. Өйткені бүкіл болмысын алақандай құрылғымен байланыстыратын жандардың оған деген тәуелділігі күн өткен сайын және тым тез артып келеді.
Фаббингтің адам өміріне әкелетін өзгерістерінің ең бастысы – денсаулыққа зиянды әрекеттердің көбеюі мен миға түсетін салмақтың күрт артуы. Ғаламторға қос қолымен байланып қалғанның шын өмірмен байланысы шектелуі өз алдына, жатса-тұрса желіде болған жаңалықтардан құр қаламын деген үрей үнемі маза бермейді. Ғаламтор ойындарын желілік негізде, яғни өзге адамдармен байланыса ойнайтындардың жайы тіптен қиын. Салдарынан үнемі ұйқысы қанбай, дұрыс тамақтанбай, миы демалмайтындықтан, олардың түрлі ауруларға шалдығу қаупі жоғары.
Әлемде жай қалай?
Әлемде кәмелет жасына толмаған 2 млрд бала болса, соның 90%-ы смартфонды тұрақты қолданады екен. Демек, телефонға тәуелділік балалар арасында көбейген үстіне көбейіп барады. Мұның ересектерге де қатысы бар. Екінің бірі смартфон ұстайды. Ал шынында, мұның қоғам үшін пайдасы бар болғанмен, қаупі де орасан. Осыны ескерген біраз ел мектептерде телефонды осы бастан тыйып жатыр. Алпауыт АҚШ пен кәрі құрлық елдері заңмен шектеді. Смартфонды сағаттап емес, шегімен қолданған жөн. Ал балаға беру мүлдем орынсыз. Бұл келешек ұрпақтың дұрыс өсіп-жетілмеуіне әсер етеді. Қазір жер жаһанның жартысына жуығы номофобиядан зардап шегіп отыр. Әсіресе, әр екінші ойын баласы бос уақытын далада емес, электронды құрылғы ұстаған күйі төрт қабырғада өткізеді. Телефонға телміріп, смартфонды серік қылған баланың ойлау қабілеті мен таным түйсігі төмендейді. Сөйтіп оның сөйлеуі тежеліп, есте сақтау мүмкіндігі азаяды. Бұл түптеп келгенде, оқушының даму дағдысы мен оқу үлгеріміне әсер етпей қоймайды. Әсіресе мектепте немесе жұмыс орнында берілген тапсырманы тыңғылықты орындауға кедергі келтіреді. Телефонға телміріп, үнемі алаңдап отыру қарым-қатынасты да бұзуы мүмкін. Өйткені біз смартфонға көбірек көңіл бөлу арқылы төңірегімізді көрмей, денсаулығымыз бен уақытымызды құрбан етеміз.
Цифрлық әуестік әуелі ойлау қабілетін зақымдайды. Мұнан соң мидың жұмыс істеу мүмкіндігін біртіндеп жояды. Бұған бесіктен белі шықпаған баладан бастап, еңкейген қарияға дейін тәуелді. Әсіресе, енді қалыптасып келе жатқан жас өскіннің болашағы үшін өте қауіпті. Өйткені ақпаратты қарым-қатынастан емес, құрылғыдан алатын баланың ми нейроны қарсы жауап беруін тоқтатады. Яғни, смартфон арқылы берілетін ақпарат ауызша жеткізгеннен гөрі 60 есе еңбекті қажет етеді. Цифрлық тәуелділіктен ада баланың өмірге құлшынысы жоғары, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдау қабілетіне ие болады. Өйткені ол ақпаратты экран арқылы емес, миы арқылы қорытады. Ал электронды құралға әуес, көзқарасы шектеулі баланың көбі білімді бола бермейді.
Шетелдік ғалымдар «Баланың тілі кеш шықса, кінә анадан» дейді. Ал біздің халық «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деуші еді. Қазір бәрі керісінше. Құндақтаулы бала шешесінің мейіріміне зәру, ал ананың бар ойы құрылғыда. Техас университетінің ғалымдары жүргізген зерттеуге сәйкес, ұялы телефонды пайдаланған ана баласымен қарым-қатынас орнатуын 16%-ға азайтады. Тіпті смартфонға кетірген 1-2 минут сәби тілінің кеш шығуына әсер етеді. Жай ғана қоңырауға жауап беріп, электронды поштаны тексерудің өзі баланың көңілін алаң етіп, сөйлеуін тежейді дейді зерттеушілер. Техас университеті қызықты зерттеу жүргізген. Онда жас сәбиі бар аналарды оларға ескертпестен бақылауға алған. Зерттеу барысында орташа есеппен аналар тәулік ішінде 4,5 сағат уақытын ұялы телефонға жұмсаған. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Жас аналардың бос уақытын баланың қажеттілігін өтеп, көңілін аулауға арнағаны абзал. Бұл олардың келешегі үшін өте маңызды.
Тәртіп тәуелділікті тыя ма?
Кәрі құрлық елдері мектепте құрылғы қолдануды шектеп жатыр Әлемде құрылғының қаупін ескерген әр алтыншы ел смартфонды мектепте қолдануды заңмен, яки кеңес беру арқылы тыйып жатыр. ЮНЕСКО ұйымы осылай дейді. Олардың мәліметіне қарағанда, әлем елдерінің 13%-ы шектеуді заңмен бекітсе, 14%-ы білім беру ұйымында ұялы телефонды пайдаланбау саясатын ұстанады. Кәрі құрлық бойынша бұл бастаманы алғаш болып қолданысқа енгізген ел – Италия. Ел билігі 2007 жылы мектепте смартфон ұстауды ресми түрде шектеді. Қолданыстағы құжатқа сәйкес, ережені ескермеген оқушы алдымен смартфонынан айырылады. Әрекет қайталанса, оқу орнынан шеттетіледі. Тағы Еуропадағы Франция, Грекия, Португалия, Испания, Германияда дәл осындай темірдей тәртіп бар. Аустралияда жеткіншектерге әлеуметтік желіні қолдануға болмайды, Былтыр жыл соңында Аустралия билігі 16 жасқа толмаған жеткіншектерге әлеуметтік желіні қолдануды шектеді. Парламент мақұлдаған құжат биыл күшіне енеді. Бұл инстаграм, тикток, снэпчат, фейсбук және Х платформасына қатысты. Егер компания ережені сақтамаса, 32 млн АҚШ доллары көлемінде айыппұл өтеуге міндетті. Билік өкілдерінің айтуынша, бастама жеткіншектерді әлеуметтік желідегі азғын әрекеттерден сақтайды. Ата-аналар да құжатты бірауыздан қолдаған.
Америкада кәмелетке толмағандар әлеужелі қолдана алмайды. АҚШ билігі де былтыр бірнеше штатта жасөспірімдерге телефонды шектеді. Ережеге сәйкес, Мэриленд, Миннесота, Флорида, Джорджия штаттарында кәмелетке толмаған балаға ата-анасының рұқсатынсыз әлеуметтік желіні пайдалануға болмайды. Федералды үкімет бұл бастаманы қалған штаттарда жүзеге асыруды көздеп отыр. Айта кетейік, Америкада 13 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектердің жартысынан көбі ғаламторды тұрақты пайдаланады. Ал 12 жасқа дейінгі балалардың 40%-ы әлеуметтік желіге тіркелген. Зерттеуге сәйкес, тәулігіне уақытының 3 сағатын смартфонда өткізген баланың депрессия мен мазасыздыққа бейім екені анықталыпты. Біздің елде де 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салынғалы жатыр. Бұл жасөспірімдердің өміріне төнген қауіптен, уақытты бос өткізуден құтқарары анық.
Түйін Бұрынырақта адамзат телефонсыз да тіршілік еткен. Алыс жерден хабар алып, байланыс та орнатқан. Бұл смартфонсыз өмір сүруге үндеу емес. Тек тәуелділікпен күресе білуге шақыру. Телефонға тәуелділік – технологиялық прогрестің көлеңкелі тұсы. Смартфон адам өмірін жеңілдеткенімен, оны бақылаусыз пайдалану тұлғалық және әлеуметтік мәселелерге әкелуі мүмкін. Сондықтан қазіргі қоғамның басты міндеті – технологияны саналы қолдану мәдениетін қалыптастыру. Тек тепе-теңдік сақталған жағдайда ғана смартфон пайдалы құрал бола алады. Ал баланы гаджеттен жасынан тыйып, айналасын танытсақ, салауатты қоғам, сау ұрпақ қалыптасатыны анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

31 қаңтар 2026 ж. 75 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№8 (10476)

31 қаңтар 2026 ж.

№7 (10475)

27 қаңтар 2026 ж.

№6 (10474)

24 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 327
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 196

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031