КЕЛІСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАС
Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Еліміздің жарқын болашағы үшін маңызды мәселелерге назар аударып, түйінді ой тиянақтады. Елімізде Президенттің тағайындауымен Вице-Президент лауазымы енгізілді. Сонымен бірге Ассамблеяның орнына Қазақстанның Халық кеңесі құрылатын болды. Президент Қ.Тоқаев Парламентті Құрылтай деп өзгертуді ұсынды. Құрылтайдағы депутаттардың саны 145 болады деп нақтыланды. Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заң мен тәртіп бәріне ортақ. Сол себепті еліміздегі әрбір азамат заң талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс деп ескертілді. Мемлекет басшысы елде отбасы мен некенің институтын нығайту қажет деп нақтылап ескертті. Өйткені барлық азаматтардың ар-намысы, абыройы заңмен қорғалады. Зорлық-зомбылыққа жол берілмейді. Тазалықты, тәртіпті күшейтіп өркениетті, ілгері қадам басқан, мемлекеттік рәміздерін құрметтейтін, патриот ұрпақтар тәрбиелейтін ел болуымыз керек. Сондай-ақ өзінің төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, цифрлық мұра қорын құру идеясын қолдайтынын ескертті. «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы аясында тарихи мұрамызды сақтауға және оны терең зерделеуге кең мүмкіндік бар екені нақтыланды.
Әл Фараби, Яссауи, Абай ілімдерін дәріптеп, ғылыми жиындар өткізіп тұру қажеттілігін айтып, «Абайдың қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек деді. Сондай-ақ ең өзекті Арал мәселесіне тоқталып, кіші Арал суының көлемін қайтару мүмкіндігі айтылды. Қызылорда қаласында үш жылда облыс көлемінде 34 білім беру мекемесі, 5 мәдениет және спорт нысаны, 40 медициналық нысан ашылғанын айтып, алдағы уақытта Қызылорда қаласында 500 орындық емхана, 200 орындық перзентхана салынатыны айтылды. Құрылтай барысында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Қызылорда облысының жағдайы жақсы екенін күмәнсіз айтуға болады деп аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың табанды жұмысының нәтижесі деп оң баға берді. Бұл Сыр халқы үшін үлкен мақтаныш. Тарихы айрықша маңызға ие Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толып отыр. Осындай мерейлі сәтте Сыр елінде өткен Құрылтай ел мерейін өсірген жиын болды. Келісіп пішкен тон келте болмас. Қазақ елі өсіп өркендей берсін!
Зарипа ТАСЫМОВА,
ардагер-ұстаз

















