Қызылша – тез жұғатын қауіпті вирустық инфекция
Қызылша – ауа арқылы жылдам таралатын, жоғары жұқпалылыққа ие вирустық ауру. Бұл инфекциядан қорғанудың жалғыз сенімді жолы – вакцинация. Вакцина алмаған немесе бұрын ауырмаған адамдар қызылшамен ауырған адаммен жақын байланысқа түскенде ауруды жұқтыру ықтималдығы өте жоғары.
Тарихта қызылшаға қарсы екпе енгізілгенге дейін бұл ауру әлем бойынша негізгі өлім себептерінің бірі болғаны белгілі. 1963 жылға дейін қызылша эпидемиялары бірнеше жыл сайын қайталанып, кей кезеңдерде миллиондаған адам қаза тапқан. Жылына 2,5 миллионға дейін адамның өмірін қиған жылдар да кездескен.
Қызылша вирусының бірден-бір көзі – ауру адам. Инфекция жөтелу, түшкіру немесе сөйлесу кезінде бөлінетін ауадағы тамшылар арқылы таралады. Кей жағдайларда вирус жабық ғимараттардың желдету жүйесі арқылы да басқа бөлмелерге жетуі мүмкін. Қызылшамен ауырған адам инкубациялық кезеңнің соңына қарай жұқпалы болып, бөртпе шыққаннан кейінгі төртінші күнге дейін айналасындағыларға инфекция тарата береді. Бесінші күннен кейін жұқтыру қаупі төмендейді.
Адам қызылшамен бір рет ауырса, өмір бойына тұрақты иммунитетке ие болады. Ал өмірінде қызылшамен ауырмаған және вакцина алмаған кез келген адам, жасына қарамастан, ауруға тез шалдығады.
Аурудың жасырын кезеңі шамамен 7–14 күнге созылады. Алғашқы белгілері тұмауға ұқсас: дене қызуының 38–40°C-қа дейін көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, құрғақ жөтел, мұрынның бітелуі, көздің қызарып, жас ағуы. Осыдан кейін ауыз қуысында ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3–5-күні тәнге бөртпелер шығып, алдымен бет пен бас аумағында, кейіннен дене мен аяқ-қолға таралады. Бұл дақтар бірігіп, қызғылт-қызыл түсті тұтас бөртпе түрін қалыптастыруы мүмкін.
Бөртпелер шыққаннан кейін бірнеше күн өткен соң дене қызуы қайтадан көтеріліп, кей пациенттерде ауру ауыр өтеді. Бөртпе біртіндеп қоңыр түске айналып, шамамен екі апта ішінде толық жоғалады.
Қызылша кейде күрделі асқынулар тудырады. Олардың ішінде пневмония, отит, ларингит, ми қабынуы (энцефалит), көру қабілетінің төмендеуі және лимфа түйіндерінің қабынуы бар. Осы себепті аурудың алғашқы белгілері байқалғанда медициналық көмекке жүгіну өте маңызды.
Инфекцияның алдын алудың ең тиімді тәсілі – вакцинация. Қызылшаға қарсы бірінші екпе балаларға 12 айлығында, екінші доза 6 жасында жасалады. Эпидемиологиялық жағдай күрделене түскен кезеңдерде вакцина алмаған 30 жасқа дейінгі азаматтарға қосымша егу ұсынылады.
Мамандардың пікірінше, жоспарлы екпеден бас тарту – тек өз балаңыздың ғана емес, қоғамдағы барлық осал топтардың денсаулығына қауіп төндіреді. Вакцинация – ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, қауіпті аурулардың алдын алуда шешуші рөл атқарады.
Әрбір ата-ана баласының және өз отбасының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақытылы екпе алуды басты назарда ұстауы тиіс. Қызылшаның алдын алу – қоғамның қауіпсіздігіне қосылған маңызды үлес.
А.Идрисова,
Қармақшы аудандық
санитариялық – эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы













