ТІРЛІКТІҢ ТҰТҚАСЫ – ЕҢБЕК
Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде елімізде Еңбек күні аталып өтеді. Бұл күн – қарапайым еңбек адамдарын, ел дамуына үлес қосып келе жатқан әр сала өкілдерін ұлықтайтын айтулы мереке. Қазақстанда бұл күн 2013 жылдан бері ресми түрде аталып келеді. Мемлекет басшысының Жарлығымен енгізілген бұл күн – тек демалыс емес, ел экономикасының іргесін қалап отырған еңбек адамдарына құрмет көрсету күні.
Айтулы мерекенің басты мақсаты – жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру шеңберіндегі өндіруші еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау. Сонымен қатар, жұртшылықты еңбек ұжымдарының тыныс-тіршілігімен таныстырып, озаттары мен үздіктерінің еңбек жетістіктерін дәріптеу, бір мамандыққа негізделген атадан балаға жалғасқан еңбеккерлер әулетіндегі көпжылдық дәстүрдің өнегелі қырларын көпке үлгі ету, сол арқылы адамдарды еңбекке баулып, ынтасын арттыруды көздейді.
Халқымыздың «Еңбек бәрін жеңбек», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Еңбек етсең емерсің», «Еңбек қылмай ер оңбас, Бірлік қылмай ел оңбас» деп жалғаса беретін қазақтың нақыл сөздері мен мақал-мәтелдерінің шегі жоқ. Бұл ата-бабаларымыз еңбектің қадірін білгенін, еңбек еткен адамның үлкен жетістіктерге жетіп, мәртебесі биіктейтінін жете сезінгенін және оны ұрпағына ұғындырып, сәт сайын санасына сіңіріп отырғанының дәлелі. Кейбір деректерде қазақты өзге ұлттармен салыстырып, «жалқау халық» санатына қосып жатады. Ал біз мұнымен мүлде келіспейміз. Көшпелі қазақ елі төрт-түліктің бабы үшін жер ауыстырып отырмады ма? Әр мезгіл сайын жүгін жинап көшу, оны қайта құру жалқау адамның ісі болмаса керек-ті. Егер шынымен де қазақ жалқау, жатыпішер болса, бабалардан осындай өсиет-өнеге де қалмас еді.
Ал бүгінгі нарықтық экономика оңайлықпен маңдайыңнан сипамайды. Еңбек етпесеңіз, ішерге ас, киерге киіміңіз болмай қалады. Яғни, қимылдамасаңыз, қапы қаласыз. Бүгінде ел ішінде маңдай терімен мал тапқан диқан да, күн демей, түн демей ел қауіпсіздігін күзеткен полицей де, баланы білімге баулыған мұғалім де – барлығы қоғам тіршілігінің алтын арқауы. Бұл күн – сол еңбек майданындағы елеусіз жандардың еңбегі еленетін күн.
Осы ретте қара жердің қадірін білетін, ерте тұрып малын бағып, кеш жатып тірлігін тындырған ауыл тұрғындарының еңбегі – сөзсіз құрметке лайық. Көбіне көпшілік назарынан тыс қалатын механизатор, шаруа, егінші сынды мамандық иелерінің тынымсыз еңбегінің арқасында елдің азық-түлік қауіпсіздігі сақталып отыр. Соңғы жылдары кәсіптік-техникалық білім, жұмысшы мамандықтарды қолдау, жас мамандарды ауылға тарту секілді бағыттар еңбек мәртебесін арттыруға бағытталған нақты қадамдар дер едік. Сондай-ақ биылғы жылдың жұмысшы мамандарға арналуы ақ адал еңбегімен елге қызмет етіп жүрген еңбеккерлердің мерейін арттырды. Қоғам еңбек адамдарына құрметпен қарауды үйренуде. Газетімізде де жыл басынан бері еңбегі еленбесе де адалдығынан айнымаған мамандарды жариялап келеміз. Бір байқағанымыз қара жұмыстың қыл шылбырын сүйретіп жүрсе де олар мамандығын мақтан тұтады. Бұл еңбек түбі береке екенін тағы да дәлелдей түскендей.
Заман ағымына қарай бейімделіп, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге үйренген бүгінгі жас буынға еңбектің қадірін үйретіп, мамандыққа адал болуды үйрету – ата-ана мен қоғамның басты міндеті. Келешек буынға тек еңбек күні мен жұмысшы мамандықтар жылы ғана емес, әрдайым еңбек иелерін үлгі етуге тиіспіз.
«Адам еңбегімен ардақты, мінезімен қадірлі» деп хакім Абай айтқандай, елі үшін еселі еңбек еткендерге қашанда құрмет көрсетілгені, әлі де көрсетілетіні анық. Себебі еңбек – ұлтты ұлы ететін құндылық. Бүгінгі ұрпақ еңбектің қадірін біліп, ертеңгі буынға үлгі болса, еліміздің еңсесі әрқашан биік болмақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ